Вернуться к списку статей

Сайып қыран өрендеріміз – Әзірбайжанмен тең түсті

Футбол
1K
Қазақстан U-19 құрамасы ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінде екінші кездесуін өткізіп, Әзірбайжан бозбалаларымен де тең түсті. Есеп – 2:2.

Бүгінгі матчты Александр Кузнецовтың шәкірттері тәп-тәуір бастады. Бұл ойында да шабуыл өтінде Еркебұлан Сейідахмет жалғыз өзі ойқастап, Әзірбайжан қорғаушыларының екі аяқтарын бір «бутсыға» тықты.

Осындай шабуылдардың бірінде Әзірбайжан қорғаушылары асып-сасып, Еркебұланды айып алаңдарына өткізіп алды да, шалып шығып, ойын ережесін бұзды. Төреші ойланбастан 11-метрлік айып соққысы орындалатын нүктені нұсқады.

Пенальтиді құрама капитаны Дінмұхамед Қашкен мүлтіксіз орындап, асқан шеберлікпен Әзірбайжан U-19 құрамасы қақпашысынан айласын асырды. Осылай, Қазақстан бозбалалары алға шықты. Ал әзірбайжандар бірден жаза басқан қорғаушысын ауыстырды...

Алайда осы голдан кейін Әзірбайжан жеткіншектері атойлап алға шапты. Біздің қорғанысымызды бірнеше рет бұзып та өтті. Бірнеше шабуылдары сәтсіз аяқталса да, жасыған жоқ. Керісінше, қарқындарын үдеткен үстіне үдете түсті.

Ақыры, әзірбайжандар өз дегендеріне жетіп тынды. Бірінші таймның соңғы минутында таразы басын теңестіріп кетті. Ал біздің жеткіншектеріміз соңғы минуттарды тізгіндерін тартпаса да, жылдамдықтарын бәсеңсітіп алғандай болды.

Екінші таймды да біздің бозбалаларымыз өте сауатты бастады. Бапкерлерінің айтқандарын бұлжытпай орындап, қарсы шабуылдарымен Әзірбайжан жеткіншектерін қара терге түсірді. Қорғаныста да мұқият ойнады.

Тіпті тағы бір гол соғып, екінші рет алға шықты. Бұрыштама соққысын екі ойыншымыз бір-біріне қақпақылдап, допты оң қанаттан қақпаның сол жақ бұрышына қарай асырды. Ол жерде Еркебұлан Сейідахмет өзгелерден бүрын қимылдап, теңбіл допты қақпа торына сүңгітті.

Осылай, біздің жігіттер қайтадан алға шықты. Әзірбайжан жеткіншектері тағы да тайлы-таяғымен алға қарай ентеледі. Өкінішке қарай, ойынның аяғында олар екінші рет есепті теңестіріп кетті. Жылдам шабуыл ұйымдастырып, абдырып қалған қорғаушыларымыз бен қақпашымызды қапы қалдырд...

Сөйтіп, бұл ойын 2:2 есебімен аяқталды. Біздің бозбалаларымыз қоржындарына тағы да бір ұпай салды. Ал «С» тобындағы келесі матчта Литва және Словакия жеткіншектері де тең түсті. Енді бәрі де соңғы турда шешіледі.

Қазақстан U-19 – Әзірбайжан U-19 – 2:2

Голдар: Қашкен, 17 (1:0). Магеррамлы, 45 (1:1). Сейдахмет, 53 (2:1). Набиев 82 (2:2). 

Қазақстан U-19: Устименко, Аманжол, Қашкен, Кузнецов, Кусяпов, Жақсылық, Кан, Орал, Пайруз (Астанов, 46; Кұдайбердінов, 90), Сүйінов (Тұрсынбай, 81), Сейідахмет (Скворцов, 81).

Әзірбайжан U-19: Попов, Гулер, Дашдамиров (Каракаш, 23; Гасанов 83), Караев (Гайалы, 65), Сейлигли, Ахмедов, Магеррамлы (Садыхов, 75), Мехдиев (Гадирзаде, 83), Набиев, Экинджиерт (Алиев, 75), Оксуз (Хазиев, 46).

Төрешілер: Тихонов, Рунов, Ядров (бәрі де – Ресей)

11 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург, 300 жанкүйер.

Литва U-19 – Словакия U-19 – 0:0



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика