Вернуться к списку статей

Жамбыл Көкеев "Қайсармен" бірге жаттығып жүр

Футбол
1K
Соңғы рет жасыл алаңға 2015 жылдың 3 қыркүйегінде екі-үш минутқа шыққан Жамбыл Көкеев жаңа маусымды «Қайсар» сапында бастауы мүмкін. Бұл күндері 28 жасар жартылай қорғаушы қызылордалықтармен бірге Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр.

Үш дүркін ел чемпионы, Қазақстан кубогын екі рет иеленіп, бір рет Суперкубок иегері атанған Жамбыл Көкеев соңғы рет жасыл алаңға «Еуро-2016» іріктеу додасының аясында Пльзеньде өткен Чехия мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы ойынның 88-ші минутында шыққан. Клубтық деңгейде Алматының «Железнодорожнигінен» бастап «Астана», «Алма-Ата», «Локомотив», «Шахтер» және «Қайрат» командаларында доп тепкен. Оңтүстік астаналықтардың сапына 2013 жылы өткенімен «Қайраттың» көшбасшысына айнала алған жоқ. Бапкердің көңілінен шықпады, жарақат алып қалды, «еркелігі» тағы бар, әйтеуір ол жақта тұрақтай алмады. Былтыр «Ордабасыға» барған. Бірақ шымкенттіктердің сол кездегі бас бапкері Бақтияр Байсейітов те оны жарамсыз етіп тастады. Премьер-лигада барлығы 205 ойын өткізіп, 33 гол соққан.

Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша футболшының нарықтағы бағасы 400 мың евроны құрайды екен. «Қайсарға» еркін агент ретінде барған Көкеев Түркияда Стойчо Младенов бастаған бапкерлер алқасының сынағында жүр. Егер көңілін тапса, онда жартылай қорғаушы жаңа маусымды қызылордалық команданың сапында бастайтын болады. Әзірге Жамбылдың жаттығуларында кілтипан жоқ.


Қазақстан ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Сергей Гридин де "Қайсармен" бірге

Жалпы, Стойчо Младенов «Қайсардың» оқу-жаттығу жиынына өзіне таныс бірқатар футболшыларды шақырған. Солардың қатарында экс-«атыраулықтар» камерундық Абдель Ламанж бен украиналық Владимир Аржанов та бар. Соңғысы тіпті, Сыр клубымен келісімшарт жасасып та қойыпты. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Сергей Гридинді де «Қайсар» сапынан байқап қалдық. Оның бұл командадағы тағдыры әзірге белгісіз. Гридин негізі, былтыр да маусым басында «Қайсардың» сынағында болған. Алайда сол кездегі бас бапкер Сұлтан Әбілдаевқа ұнамаған. Бұлардан бөлек, жаңа ойыншылардан қақпашы Антон Цирин мен қорғаушылар Ілия Әмірсейітов және Евгений Горячий де қызылордалықтармен бірге жиын бастады.

Түркияда «Қайсар» қаңтардың 26-сы және ақпанның 9-ы күндері Болгарияның «Локомотив» және «Славия» клубтармен жолдастық-бақылау кездесулерін өткізетін болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика