Кешеден бері отандық және шет елдік электронды басылымдар Неманья Максимовичтің «Валенсия» клубына ауысатын болғандығын жарыса жазып жатыр. Бірақ әзірше «Астана» клубы ешқандай ресми мәлімдеме жариялаған жоқ...
Әйтсе де, шетелдік беделді басылымдар Неманья Максимович «Валенсияға» бес жылға ауысатындығын, осы уақыт ішінде 7 миллион еуро алатындығын да жазды. Ал «Астанаға» қарымақы (өтемақы) ретінде 300 мың еуро төленеді екен-мыс...
Неманья Максимовичтің «Астана» клубынмен келісімшарты биыл жазда бітеді. Егер елорда клубы Еуропаның алпауыт клубтары көз тіккен жас жұлдызын қазір сатып жібермесе, жаз кезінде ол “су тегін” кетіп қалатын болады...
Максимовичтің өзі b92.net басылымына берген сұхбатында «Ювентус», «Монако», «Бенфика» сынды әйгілі клубтардан да ұсыныс түскенімен, «Валенсияны» таңдағанын айтыпты. Испания чемпионатында доп тепкісі келген сияқты. Ауызекі тілмен айтқанда, таңдауы Ла-лигаға түскен.
Неманья Максимовичтің айтуынша, барлық мәселе төрт-бес күннің ішінде шешіліп қалуы керек. Әрі ол «Валенсияға» кетуіне «Астана» клубы ешқандай кедергі жасамайды деп үміттенетіндігін де бүкпесіз жайып салған.