Қазақстан чемпионаттарында 1998 жылдан бастап 19 жылда 429 матч өткізіп, 156 голмен үздік сұрмергендер тізімін бастап тұрған қазақтың «Эль-капитаносы» соның 16 жылын «Тобылға» арнаған. 2007 жылы Интертото кубогын жеңіп алған. Сол жылы Қазақстан кубогына қол жеткізген. 2010 жылғы ел чемпионы, 2011 жылғы Суперкубок иегері. Қазақстан футбол федерациясының таңдауы бойынша 2005 және 2010 жылдары еліміздің ең үздік ойыншысы атанған. Енді «Тобылдан» кейін қай командаға барар екен?
1. Жетісу (Талдықорған)
Ия, Премьер-лигадан кейін Бірінші лигада ойнау Нұрбол үшін кері кету болып саналатыны сөзсіз. Дегенмен, «Жетісудың» тізгінін жақында Жұмасқалиевтің «жақсы ағасы», 2005-2009 жылдар аралығында «Тобылды» жаттықтырған Дмитрий Огайдың ұстағанын ескерсек, бұл трансфер талдықорғандықтар үшін ғажап түс еместігін де түсінесіз. Кім біледі, бәлкім, «Алтаймен» бірге Премьер-лигаға шыққан Андрей Карпович секілді Жұмасқалиев те келесі жылы «Жетісумен» жоғарғы чемпионатқа қайта келуі әбден мүмкін ғой.
2. Оқжетпес (Көкшетау)
«Оқжетпесті» де Нұрбол Жұмасқалиевті жақсы көретін жаттықтырушылардың бірі жаттықтырады. Владимир Муханов та «Тобылды» 2003-2004 жылдары жаттықтырған. Сол маусымдарда Нұрбол ел чемпионатында 16 және 19 голдан соғып, қақпашылардың түнгі қорқынышына айналған еді. Бәлкім, Владимир Муханов Нұрболды «Оқжетпеске» шақыртып, бір мүмкіндік беріп көрер. Оның үстіне, Ақмола облысының қазіргі әкімі Сергей Кулагин де «капитанның» әлеуетін жақсы біледі.
3. «Ақжайық» (Орал)
Нұрбол Жұмасқалиев – 1981 жылдың 11 мамырында Орал қаласында дүниеге келген. Тек 6 жасында ғана Алматыға қоныс аударып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты балалардың ошағы «Намыс» интернатында тәлім алған. Уикипедиядағы мәліметті бекер айтып отырған жоқпыз. «Қартайған» шағында туған жеріне барып, өз қаласының командасын өрге сүйреу – көптеген спортшыларға тән қасиет.
4. «Алтай» (Семей)
«Алтайдың» арманы асқақ. Премьер-лигадағы дебютті маусымында-ақ шығыстықтар ел чемпионатында атой салуды көздейді. Құрамын да соған сәйкес жасақтап жатыр. Бірақ Нұрбол Жұмасқалиев секілді тәжірибелі ойыншылардың да артық болмайтыны анық. Капитаны Карпович екеуі кезінде ұлттық құрамада талай рет пас алмасқан. Ескі достықтарын пайдаланып, Андрей Нұрболды «Алтайға» шақырып жатса, таңғалмаймыз.
5. «Қайсар» (Қызылорда)
2015 жылдың басында Нұрбол Жұмасқалиевтің «Қайсарға» келетіндігі туралы сыбыс тарап, қызылордалық жанкүйерлер бұл футболшыны Сыр елінде асыға күткен. Ол кезде команданы Дмитрий Огай жаттықтыратын. Өзіне бұрыннан таныс серіктестерінің бәрін «Қайсарға» шақырып жатқан кезі. Нұрболға да ұсынып көргені рас. Бірақ ол маусымда Жұмасқалиев «Тобылды» өзінің өмірлік сыңары санап, Қостанайдан кеткісі келмеді. Рас, қазір «Қайсарда» Огай жоқ. Дегенмен, Қызылордадан таныс тауып үлгерген болуы мүмкін. Егер Сыр футболының басшылары лайықты ұсыныс жасаса, 2017 жылғы футбол маусымын Нұрбол «қасқырлар» сапында өткізіп қалуы ғажап емес.
6. «Ордабасы» (Шымкент)
«Ордабасыға» кім бармай жатыр? Бас бапкері Бақтияр Байсейітов ел футболында жылт еткеннің бәрін Шымкентке шақыруға әзір. Былтыр Жамбыл Көкеевке орын тауып берген. Биыл Бауыржан Жолшиевті қуана қабылдайтынын айтып қалды. Былтырлары «Ақтөбеден» орын таппай кеткен Александр Гейнрихті де бауырына басқан. Бұлардың қасында Нұрбол Жұмасқалиев аңыз ғой. Оның үстіне, «Ордабасыда» дәуірлесі Самат Смақов бар. Таңат Нөсербаевтың да осында келуі мүмкіндігін естіп жатырмыз. Жалпы, Бақтияр Даниярұлы шындап кіріссе, қазақ футболының бар жұлдыздарын Шымкентке жинап алуға шамасы жетеді.
7. «Қызыл-Жар» (Петропавл)
Биыл Премьер-лигадағы клубтардың саны 14-ке дейін көбеюінен біраз үміттенген «Қызыл-Жардың» да амбициясы зор. Осы маусымның қорытындысы бойынша келесі жылы жоғарғы чемпионатта ойнағылары келеді. Сондықтан, құрамын Жұмасқалиев сынды тәжірибелі ойыншылармен толықтыруға қарсы болмас еді. Оның үстіне, Қостанай мен Петропавлдың арасы тиіп тұр. Климат ауыстырып әуре болмайды. Дегенмен, бұл неғайбыл варианттардың бірі. Самат Смақов, Руслан Балтиев, Нұрбол Жұмасқалиев – «Бірінші лигада ойнағанша, футболды қоя салғаным артық» дейтін жампоздардың қатарынан. Бірақ, «Жетісу» бәрібір бөлек әңгіме.
Карьерасын аяқтау
Бұл нұсқаны ең соңына қалдырып отырмыз. Өйткені, Жұмасқалиев биыл жасыл алаңмен қоштасады дегенге сенгіміз келмейді. Әлі де талай жасты қосалқы құрамға отырғызып тастайтын шамасы бар. Алайда, өмір өз дегенін істейді. Нұрболдың да жасы 35-тен асты. Бұрынғыдай жас емес. «А» санатындағы жаттықтырушылық лицензиясы бар екенінен де хабардармыз. Егер бапкерлікті қолға аламын десе, Премьер-лига клубтарының қай-қайсысына болса да бас бапкердің көмекшісі болып бара алады. Бірақ, тағы да кішкене доп тебе тұрса екен дейсің.