Вернуться к списку статей

Жасыл желегі ауыстырылған “Астана-Аренада” “Шахтер” алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Футбол
1K
«Оқжетпес» – «Шахтер» – 0:2. Фото: okzhetpes.kz
Бүгін Х тур «Оқжетпес» пен «Шахтер» арасындағы ойынмен басталып, Қарағанды клубы биылғы ел чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

«Оқжетпестің» өз алаңы ретінде «Астана-Арена» стадионын таңдап алғанын түсіну қиын. Өткен турда «Тарлан-Аренада» жеңіске жеткен. «Ақтөбеден» басым түскен. Неге сол стадионда ойнай бермеген? Әлде «Шахтерге» «Астана-Аренаның» майдай жағатынын ұмытқан ба?!

Естеріңізде ме, «Шахтер» 2013 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф сатысында азуы алты қарыс «Селтиктің» өзін 2:0 есебімен сүріндірген. Бүгін «Оқжетпесті» де тура осындай есеппен тізе бүктірді. Екі голды да Айдос Тәттібаев соқты.

Басында «Оқжетпес» көп шабуылдады. Допты өздерінде көп ұстап, кеншілер клубын тықсыра түсті. Бірақ бүгінгі матчта «Шахтердің» қорғаушылары да, қақпашысы да ширақ қимылдады. Қателескен жоқ. Әрі қарсы шабуылдары қауіпті болды.

«Шахтер» әр таймда бір голдан соңып, жеңіске жетті. Екеуі де оң қапталдан көлбеу берілген пастардан кейін соғылды. Бірінші таймда Руслан Әлімбаев, ал екіншісінде Алессио Аллегриа қақпа алдын торып жүрген Айдос Тәттібаевқа тамаша пас шығарып берді.

Матч соңында «Шахтер» үшінші рет «Оқжетпес» қорғаушыларын сан соқтырып, гол соғып кете жаздады. Бірақ Бельгия шабуылшысы Алессио Аллегриа Көкше қақпашысы Саша Стаменковичпен бетпе-бет шығып, айласын асыра алмай, мүлт кетті.

Сөйтіп, Қарағанды «кеншілері» биылғы маусымда премьер-лигадағы алғашқы жеңісінен қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Ал «Оқжетпес» ала-құла ойынымен төмен сырғып барады. Легионерлері сенім үдесінен шыға алар емес.  

«Оқжетпес» – «Шахтер» – 0:2 (0:1)

Голдар: Тәттібаев, 20. Тәттібаев, 79.

Ескертулер: Федин, 68 – Стоянович, 6. Станоевич, 13. Сзоке, 29.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Дайыров (Досмағамбетов, 46), Шафф (Козлов, 55), Марочкин, Кейлер, Политыло, Хорват, Федин, Юрин, Струков, Генков.

Қосалқы құрам: Әбжанов, Сламбеков, Недашковский, Куксин, Аяғанов, Шайыхов, Әбілғазы

«Шахтер»: Багинский, Айегбуси, Василевич (к), Скорых, Стоянович (Аллегриа, 67), Сзоке, Станоевич, Зошак, Шахметов, Әлімбаев (Пикалкин, 70), Тәттібаев (Васильев, 79).

Қосалқы құрам: Ткачук, Өміртаев, Мангуткин, Хайруллин, Күлбеков

Төрешілер: Антонов, Журавлев (екеуі де – Павлодар), Шәріпов (Атырау)

02 мамыр. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 500 көрермен

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика