Қазақстан-U19 құрамасының бапкерлері Талғарда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі жас шамасындағы құраманы тексеріп алды. Әуелі 19 жасқа дейінгі, одан соң 18-ге толмаған жас футболшыларымыздың бастарын қосып, оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Қазақстан-U19 құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецовтің айтуынша, 18 жасқа дейінгі құрама 2000 жылы туған жеткіншектермен жасақталған. Былтыр олар халықаралық Антон Шох турнирінде топ жарып, «Қазақстан Президенті кубогын» жеңіп алған. Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде келесі електік кезеңге шығуға “сынық сүйем” жетпей сүрінген.
Осы құрамадағы 17 жастағы 12 ойыншы Қазақстан-U19 құрамасының сапына тартылып жүрген көрінеді. Алтауы биыл Гранаткин мемориалына қатысып, күміс жүлдегер атанды. Ал Еркебұлан Сейідахмет осы турнирдің ең үздік шабуылшысы болып танылды.
Айрықша көңіл аударарлығы, Александр Кузнецовтің айтуынша, Гранаткин мемориалынан кейін осы құраманың тоғыз ойыншысы еліміздегі бірнеше клубтармен келісімшартқа отырған. Соның бірі – Еркебұлан Сейідахмет. Қазақстан премьер-лигасындағы «Тараз» сапына алынып, ендігі үш ойын өткізіп үлгерді. Мектепте оқиды, сабағы бар, яғни түздегі ойындардың бәріне бара алмайды. Әйтпесе, тағы да бірнеше ойын өткізер де ме еді?!
Өкінішке қарай, Қазақстан-U19 құрамасының бас бапкері жоғарыда айтылған, Талғарда өткен оқу-жаттығу жиынына барлық таланттарын жинай алмаған. Мәселен, «Астана» футбол клубы сегіз ойыншыны жібермеген. Себеп, олардың бәрі де елордалықтардың ел чемпионындағы қосалқы құрамында ойнайды.
Қазір 18 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Талғарда дәстүрлі Антон Шох турниріне дайындалып жатыр. Құрама сапында «Астананың» сегіз ойыншысымен бірге Еркебұлан Сейідахмет те жоқ. Себебі шетелдік клубтардың өздері қызығып отырған жас талантымыз «Тараз» сапында премьер-лигада ойнайды.
Әйтсе де, бұған Қазақстан-U19 құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов кейіп-қапаланып жүрген жоқ. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына берген түсіндірмесінде тұщымды жауап беріпті:
– Өкінішке қарай, алдағы турнирге әр түрлі себептермен негізгі құрамдағы футболшыларымыздың 70 пайызын келе алмайтын болды. Әрине, олардың орындарын толтыру оңай емес. Әйтсе де, енді басқа жігіттерге мүмкіндік береміз. Бұған дейін қосалқы сапта отырған бозбалалардың “томағасын” сыпырамыз. Олар да өздерінің қабілеттерін паш етуге жұлқынып тұр. Өз ойыншыларын жіберген клубтарға айтар алғысымыз шексіз. Жас футболшылардың бақтарын ашып, оларды қияға ұшыруға ықпал ете білсек, соған қуаныштымыз. Өйткені біздің мақсатымыз – ұлттық құрамаға таланты буын тәрбиелеп шығару.
Сонымен бүгін Талғарға келіп, оқу-жаттығу жиынын бастаған, дәстүрлі Антон Шох турниріне дайындалып жатқан Қазақстан-U18 құрамасының сапындағы бозбалалар тізімі:
қақпашылар – Данил Устименко («Қайрат»), Данил Горбунов («Ертіс»);
қорғаушылар – Бексұлтан Шәмші («Ордабасы»), Әйтім Санжар («Астана»), Әлім Илиясов («Астана»), Ильяр Сауытов («Қайрат»), Владислав Шейрер («Тараз»), Аслудин Хаджиев («Ордабасы»);
жартылай қорғаушылар – Арман Кеңесов («Ертіс»), Нұрәлі Мамырбаев («Ордабасы»), Андрей Ульшин («Қайрат»), Александр Усачев («Ақтөбе»), Максим Ваганов («Ордабасы»), Виктор Грабко («Атырау»), Вадим Сидоров («Қайрат»), Карен Джанунц («Қызыл-Жар СК»), Антон Скворцов («Ақтөбе»);
шабуылшылар – Лев Скворцов («Астана»), Иван Сизов («Қайрат»).
29 сәуірге дейін Талғарда бір аптадай оқу-жаттығу жиынын өткізген Қазақстан-U19 құрамасы (негізінен 1999 жылы туған бозбалалар):
қақпашылар – Адашбек Әбдіразақов («Ордабасы»), Владислав Сазонов («Ертіс»);
қорғаушылар – Санжар Батырханов («Жетісу»), Сағадат Тұрсынбай («Ордабасы»), Ерасыл Аманжол («Атырау»), Шәмші Бексұлтан («Ордабасы»), Айбар Нұрдалиев («Қайрат»);
жартылай қорғаушылар – Айдос Орал («Шахтер»), Жанәлі Пайруз («Шахтер»), Мұхит Жақсылық («Ордабасы»), Дарын Сүйінов («Қайрат»), Гаврил Кан («Тараз»), Әліби Тұзақбаев («Рузаевка»), Арыстан Мұқашев («Қайрат»), Сағыныш Серіков («Қайрат»), Максим Галкин («Шахтер»), Павел Баркунов («Ертіс»), Нұрәлі Мамырбаев («Ордабасы»), Андрей Ульшин («Қайрат»), Карен Джанунц («Қызыл-Жар СК»);
шабуылшылар – Мәрлен Айманов («Қайрат»), Батыр Құдайбердінов («Ертіс»), Виктор Грабко («Атырау»).
Жаттықтырушылар құрамы:
Александр Кузнецов – аға жаттықтырушы,
Игорь Маштаков – аға жаттықтырушының көмекшісі,
Ерлан Тілеуқұлов – қақпашылардың жаттықтырушысы.