Вернуться к списку статей

“Интер” УЕФА кубогын төртінші рет жеңіп алды

Футбол
2K
Футзалдан 2016- 2017 жылдар маусымындағы УЕФА кубогын Испанияның «Интер» клубы жеңіп алды. Финалда олар «Спортингті» күйрете жеңді.

Құрамында Қазақстан құрамасының ең үздік футзалшыларының бірі Лео ойнайтын «Спортинг» ойынды тәп-тәуір бастаған еді. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ гол соға алмады. Ал тәжірибесі де, шежіресі де мол «Интер» 7-минутта есеп ашты. Тактикалық тұрғыда сауатты ойнап, 16-минутта тағы бір гол соқты.

Екінші тайм басталған бетте (23-ші және 24-ші минуттарда) «Интер» тағы да екі гол соқты. Болды. Нокдаун! Португалия клубының ойыншыларынан береке кетті. Ойындары мүлде жүрмей қойды. Кей-кейде бір-бірін түсінбей де қалады.

Содан қақпашыларын алып тастап, оның орнына бесінші ойыншы шығарып, «Интерді» қыспаққа алуға көшті. Ал Испания клубы болса, өз қақпасының алдынан-ақ «Спортингтің» қарауылсыз қалған қақпасын нысанаға ала бастады.

Рикардинью секілді қас шеберлер мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін бе? «Интер» осылай допты алыстан қақпаға үш рет дөп түсірді. Жалпы, бұл ойындағы голдарды Гадейя, Лоло, Рафаэль, Марио Ривильос (екеу) және Рикардинью (екеу) сынды футзалшылар соқты. Есеп – 7:0.

Сөйтіп, «Интер» рекордты көрсеткішке қол жеткізіп, УЕФА кубогын төртінші рет жеңіп алды. Жетінші рет финалда ойнады. Ал «Спортинг» финалға екі рет шықты. Бір қызығы, екеуінде де – Алматыда. 2011 жылы да Алатау бөктерінде өткен «Төртеу финалында» да күміс жүлдегер атанған. Қазақ топырағында жолдары болып жүр ме, жоқ па, айту қиын...

УЕФА кубогы, «Төртеу финалы». 2016-2017 жж, «Алматы-Арена»

Жартылай финал

«Спортинг» (Лиссабон, Португалия) – «Газпром-Югра» (Югорск, Ресей) – 2:1

«Интер-Мовистар» (Мадрид, Испания) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 3:2

Шешуші ойындар

Үшінші орын үшін: «Қайрат» – «Газпром-Югра» – 5:5 (пенальтиден – 3:2)

Финал: «Интер-Мовистар» – «Спортинг» – 7:0

УЕФА кубогының жеңімпаздары:

2016/2017 жж: «Интер» (Испания)

2015/2016 жж: «Югра» (Ресей)

2014/2015 жж: «Қайрат» (Қазақстан)

2013/2014 жж: «Барселона» (Испания)

2012/2013 жж: «Қайрат» (Қазақстан)

2011/2012 жж: «Барселона» (Испания)

2010/2011 жж: «Монтесильвано» (Италия)

2009/2010 жж: «Бенфика» (Португалия)

2008/2009 жж: «Интер» (Испания)

2007/2008 жж: «Синара» (Ресей)

2006/2007 жж: «Динамо» (Ресей)

2005/2006 жж: «Интер» (Испания)

2004/2005 жж: «Шарлеруа Аксьон-21» (Бельгия)

2004/2005 жж: «Интер» (Испания)

2003/2004 жж: «Кастельон» (Испания)

2002/2003 жж: «Кастельон» (Испания)

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика