Вернуться к списку статей

Қазақстан бозбалалары Босния және Герцеговина жеткіншектерін жеңді

Футбол
2K
17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы. Фото: kff.kz
Црна Горада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы «УЕФА даму кубогы» халықаралық турнирінде Қазақстан-U17 құрамасы жеңіске жетті.

17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы «УЕФА даму кубогы» халықаралық турнирінде екінші кездесун өткізіп, Босния және Герцеговина жеткіншектерінен 2:1 есебімен басым түсті.

Бұл ойында Қазақстан бозбалалары жанкештілік танытыпты. Бірінші соққан голдарын төреші есепке алмаған. Әйтсе де, көп ұзамай Босния және Герцеговина қорғаушыларын ойын ережесін бұзуға мәжбүрлеп, У.Хаитмуратов пенальтиден есеп ашқан.

Испания маманы Карлош Ферер жаттықтыратын жігіттеріміз бұдан кейін де толассыз шабуылдап, бірінші тайм біткенше қарсыластарын тықсырып, қыспаққа алған. Бірақ бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алып, есепті еселей алмаған.

Екінші таймда Босния және Герцеговина бозбалалары ширап, қарқындарын үдеткен. Тіпті бір гол соғып, таразы басын теңестірген. Әрі қарай, екі құрама алма-кезек шабуылдап, 45 минут бойы табан тіресе додаға түскен.

Ал ойынның негізгі уақытына қосылған бірінші минутта төреші Қазақстан-U17 құрамасының қақпасына 11-метрлік айып соққысын берген. Қақпашы Е.Ситдиков пенальтиді қағып алып қана қоймай, тезірек қимылдап, допты алға тепті.

Б.Иманғазиев сол қанатпен алға қарай құстай ұшып, В.Швыревтің аяғына салып берген. Шабуылшы айып алаңы ішінен Босния және Герцеговина қақпасын дәл көздеді. Гол!

Сөйтіп, Қазақстан бозбалалары матч соңында жеңісті жұлып алып, қайсарлық танытты. Испания маманы Карлош Ферер мұны жақсылыққа балап отыр. «Біз алға қарай маңызды қадам жасадық. Бұл жігіттердің өз мүмкіндіктеріне деген сенімділіктерін арттырады, бізге халықаралық тәжірибе керек» деп түйіндепті өз ойын.

Бұл ойынды Қазақстан-U17 құрамасы мына құрамда бастаған: Ситдиков, Жақсылықов, Дүйсембаев, Аманжол, Джарлаев, Нағашыбаев, Нұрсейіт, Демин, Бабаназаров, Хаитмуратов, Швырев.

«УЕФА даму кубогы». Ойындар нәтижесі.

Бірінші күн:

Босния және Герцеговина – Әзірбайжан – 3:0

Црна Гора – Қазақстан – 2:0

Екінші күн:

Црна Гора – Әзірбайжан – 3:0

Қазақстан – Босния және Герцеговина – 2:1 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика