Вернуться к списку статей

"Ордабасы" мен "Тобыл" – Қақпашының қателігі шымкенттіктерді орға жықты

Футбол
1K
Өз алаңында «Тобылды» қабылдаған Шымкенттің «Ордабасы» командасы бірінші таймның қорытындысы бойынша 1:0 есебімен жеңіп жатып, қолда тұрған жеңістен айрылып қалды.

«Ордабасыны» нашар ойнады дей алмайсыз. Тізгін шымкенттіктердің қолында болды. Ә дегеннен-ақ шабуылға лап қойып, Дмитро Непогодовтың қақпасын нысанаға ала бастады. Дмитроң да мықты екен, бүгін алаңға ерекше шабыттанып шыққан сияқты. Бірінші таймның соңында ғана сәл босаңсып, Кирилло Ковальчуктің соққысынан көз жазып қалғаны болмаса, қалған эпизодтың бәрінде қостанайлықтарды қауіптен құтқарып жатты.

Ал қарсы беттегі әріптесі Алмат Бекбаев ше? Алаң иелерінің әп-әдемі ойынын бір сәтте-ақ құртып, жеңіске деген құлшыныстарын бір ғана қателігімен су сепкендей басты. «Тобыл» шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбайды үш қорғаушы жауып келе жатқанына қарамастан, әріптестеріне сенбей, қақпасын қараусыз қалдырып, алға шығып кетті. Допты қағып жіберсе мейлі ғой, ауаға секіріп, аунап түсті де, Тоқтардың допты шірене тартуыне мүмкіндік беріп қойды.

Қақпасына гол жіберіп алған алаң иелері жеңіс голын соғу мақсатында алға атойлап шапқан. Алайда, Тоқтар тағы да «Ордабасы» ойыншыларын сан соқтырды. Екі қорғаушының ортасында қалып, қатарласа жүгіріп келе жатқан әріптесі Джордже Деспотовичке пас гығара қойды. Серб сұрмергені сол аяқпен қақпа «тоғыздығын» дәл көздеді.

Бұл гол шымкенттіктерге шапалақ болып тиді. Сол күйі естерін жия алмаған алаң иелері бұдан әрі мардымды шабуылдар ұйымдастыра алған жоқ. Осы жеңістен соң қостанайлықтар 5-сатыдан 3-орынға көтеріліп, өз орындарын Бақтияр Байсейітовтің командасына босатып берді.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай) 1:2 (1:0)

Голдар: Ковальчук, 45 (1:0). Жаңғылышбай, 63 (1:1). Деспотович, 68 (1:2).

Ескертулер:

«Ордабасы»: Бекбаев, Диакате, Марцваладзе (Гейнрих 60), Фонтанелло, Ковальчук (Йорданов 80), Бочаров (Гогуа 88), Смақов, Нұрғалиев, Нөсербаев, Ерланов, Төлебек.

Резерв: Нұрмұхаметов, Бейсенов, Адырбеков, Абдулин, Рендулич.

«Тобыл»: Непогодов, Главина, Жулпа, Кассай, Деспотович (Джалилов 92), Жақыпов, Дмитренко, Жаңғылышбай (Молдақараев 81), Малый, Мухутдинов, Сартаков.

Резерв: Бусурманов, Шубаев, Тағыберген.

Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Тергеусізов (Алматы), Тихонюк (Ақтөбе).

Шымкент қаласы. Қажымұқан стадионы, 4500 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика