Вернуться к списку статей

Қиындыққа мойымай көш бастаған – “Астана”

Футбол
2K
Маусым басында екі рет сүрінген «Астана» үшінші турда еңсе тіктеді. Ал VІІ турдан кейін көш бастады...

Стадион тұрмақ жасыл алаңға зәру  

Биылғы маусым «Астана» үшін аса сәтсіз болды. Алғашқы екі турдан бір-ақ ұпай олжалады. Бірақ содан бері бес рет қатарынан жеңіске жетті. Соңғы екі турда тіпті көсіле шапты. VІІ турдан кейін тіпті “үйреншікті” орнына жайғасып, көш бастады.

«Астананың» төрт құбыласы әлі де тең емес. Стадионы жоқ. «Астана-Арена» жабылып, “далада” қалды. Жаттығу жұмыстарын өткізетін алаңы да жоқ. Әйтсе де, бас бапкері мен футболшылары өз істерінің нағыз кәсіби мамандары екендіктерін өрнекті ойындарымен дәлелдеп келеді.

Жаңа легионерлері

Құрама сапына жаңадан қосылған шетелдік футболшылары сенімді ақтап жүр. Қорғанысқа тірек болар шепте Каньяс пен Максимовичтің орындары “үңірейіп” қалған жоқ. Иван Маевский мен Срджан Граховац жерге қарататын жігіттер емес сияқты.

Беларусь футболшысы еңбекқор жігіт екен. Тыным таппай, зыр қағып жүргені. Қолды-аяққа тұрмайды. Қорғаушыларға да көмектеседі, шабуылға да үлгереді. Өз мүмкіндігін әлі де толық көрсеткен жоқ деп ойлаймыз.    

Ал Босния және Герцеговина құрамасының ойыншысы әлеуеті жоғары жігіт сияқты. Алаңды жақсы көреді, бәрін де байқап-бағамдап жүреді. Пастары қандай десеңізші! Қолмен қойғандй етіп береді. Әуелетіп тепсе де, жерлетіп берсе де, діттеген жеріне дөп жеткізеді.

Иә, Аздрен Луллаку келе сала, қарсыластарының қақпасына допты үйіп-төгіп соғып жүрген жоқ. Румынияда мергендігімен көзге түсіп, 20 ойында 16 гол соққан екен. Ал Қазақстан чемпионатында жеті матчта бір ғана гол соқты. Десек те, ойыны мәнді.

Таратып айтар болсақ, «Астана» маусым басталмай тұрып бір-екі шабуылшысын «Тобылға» жалға берген. Солармен салыстырғанда, Луллаку өте пайдалы ойыншы сияқты. Алғы шепте доп тосып жүрмейді. «Аяғыма салып бер, басыма ыңғайлап теп» демейді.

Өзі де зыр жүгіріп, шабуыл ұйымдастырады. Қарсы команданың қорғанысын “тіліп” өтер пас та бере алады. Яғни «Астана» Албания құрамасының ойыншысына сеніп, қайсыбір шабуылшысын «Тобылға» бергеніне өкінбеуі керек...

Өз футболшыларымыз

«Астана» сапына қосылған өз футболшыларымыз – екеу-ақ, Дидар Жалмұқан мен Роман Муртазаев. Екеуі де қос қапталдан шабуылдайды. Екуіне де шетелдік әріптестерімен бәскелесіп, негізгі құрамда алаңға шығуға лайық екендерін дәлелдеу керек.

Станимир Стойлов екеуіне де мүмкіндік беріп жүр. Екеуі де бір голдан соқты. Муртазаевқа әлі де батылырақ ойнау керек сияқты. Ал Жалмұқан жетінші турда (әсіресе, екінші таймда) көсіле шапты. Екі гол осы Дидардың арқасында соғылды.

Әуелі «Ақтөбе» қорғаушыларын шатыстырып, Серікжан Мұжықовқа тамаша пас берді. Екіншісінде алға ентелеп, қорғаушыны ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі. Айтпағымыз, жетінші тур да Жалмұқан да, Муртазаев та көзге түсті. Сенімді ақтады. Бұл ойын оларды шабыттандыра, жігерлендіре түседі деп сенеміз.

Түйін      

«Астана» соңғы үш ойында ғана Қазақстан чемпионатындағы қорғанысы мықты, топсасы берік команда екенін дәлелдей бастады. Кейінгі үш турда өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Ал бастапқы төрт ойында алты гол жіберіп алған...

Бірінші турда ғана гол соққан жоқ. Содан бері кем дегенде бір гол соғып жүр. Соңғы екі турда тіпті үш доптан соқты. Былайша айтқанда, екпін ала бастағандай. Дәл қазір бірінші орында тұр.

Былтыр 6-турда бірінші орынға шыққан болатын. Содан маусым аяғына дейін көшбасшы мәртебесінен айырылмай, чемпион болып тынған. Ал биыл қалай болар екен? Көш басына жетінші турда шықты...


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика