Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Ордабасыны” ұтып үшінші орынға көтерілді

Футбол
1K
Исаэль мен Исламхан көсіле шапса,
VІІ турдағы көпшілік назары ерекше ауған орталық матчта «Қайрат» «Ордабасы» клубын ойсырата ұтты.

«Қайрат» былтыр «Ордабасы» клубын ұта алмай, пұшайман болған. Өз алаңында өткен екі матчта тең түсіп, Шымкентте екі мәрте ұтылған. Сондықтан бүгінгі матчқа алматылақтар ерекше мән беріп, жан-жақты дайындалыпты.

Оның үстіне, «Қайрат» маусым басталғалы жеті ойын өткізіп, соның бесеуінде тең түсті. Енді ұпай жоғалтса, жанкүйерлерінің де, басшыларының да шыдамдары шегіне жетіп, өкпе-реніштерін білдірулері мүмкін...

Сондықтан «Қайрат» қамшыны басты. Бірден алға шығып, қонақтарын қыспаққа ала түсті. Ал «Ордабасы» бұған дайын болмай шықты. Орталық қорғаушылары қателесіп, кейбір сәттерде алаң иелерінің шабуылшыларына ілесе алмай да қалды.

Есепті пәрменді соққысымен Бауыржан Исламхан ашты. «Қайраттың бұдан кейін есепті еселей түсетін бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ «Ордабасы» қақпашысы Алмат Бекбаев алаң иелерінің бірнеше шабуылдарын тойтарды.

Десек те, бірінші таймның аяғында «Қайрат» тағы бір гол соқты. Қолды-аяққа тұрмайтын Исаэль оңтүстікқазақстандықтардың қорғаушыларынан сытылып кетіп, қақпашыдан да айласын асырып, допты қақпаға сырғыта салған. Оны Гоу қуып жетіп, қаттырақ теуіп, өз еншісіне тағы бір гол қосып алды...

Ал «Ордабасы» клубының ойыны өнбей қойды. Тек Еркебұлан Тұңғышбаевтың шірене тепкен добы қақпа маңдайшасы мен бағанасы айқасқан бұрышқа тиіп, «Қайраттың» бапкерлері мен жанкүйерлерінің жүректерін зу еткізді...  

Екінші таймда «Қайрат» айылын жимай, шабуылдаумен болды. Қонақтарының қорғанысын піспектеп жүріп, тағы бір гол соқты. Бұл жолы Иличевич тез қимылдап, техникалық шеберлігін паш етті. Сөйтіп, «Қайрат» «Ордабасы» клубынан былтырғы есесін қайтарған болды.   

«Қайрат» – «Ордабасы» – 3:0 (2:0)

Голдар: Исламхан, 6. Гоу, 43. Иличевич, 70.

Ескертулер: Маркович, 40. Қуат, 75 – Нөсербаев, 55. Нұрғалиев, 65. Тұңғышбаев, 67.

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Арзо Ампоста, Маркович, Сүйімбаев, Қуат, Элек, Иличевич, Исламхан (к) (Жуков, 71), Исаэль (Аршавин, 60), Гоу (Анене, 89).

Қосалқы құрам: Покатилов, Вороговский, Ахметов, Балтабаев, Бакаев.

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Ерланов, Фонтанелло, Абдулин, Бочаров (Қожабаев, 85), Диакате, Ковальчук, Тұңғышбаев (Гейнрих, 70), Нұрғалиев (к), Нөсербаев (Марцваладзе, 75).

Қосалқы құрам: Бойченко, Гогуа, Рендулич, Бейсенов, Бөлешев, Жұмаханов.

Төрешілер: Алешин (Павлодар), Бельский (Тараз), Попов (Павлодар).

16 сәуір. Алматы. «Орталық» стадион. 15 000 көрермен


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика