Вернуться к списку статей

“Қайсар” мен “Ертіс” ұпай бөлісті – Болгария бапкерлері тең түсті

Футбол
1K
«Қайсар» – «Ертіс» – 1:1. Фото: vk.com/fc.irtysh
«Қайсар» өз алаңында VІ турдан кейін көш бастаған «Ертісті» қабылдап, тең түсті.

Қызылордада «Қайсар» мен «Ертіс» кездесіп, бірін-бірі жеңе алмады. Бірі енді екпін алып, бауырын жазып келеді. Екіншісі маусымды жоғары өте қарқында бастағанымен, соңғы турларда ұпай жоғалта бастады.

Павлодар клубы бұған дейінгі екі турда жеңіске жеткен болатын. Ал Қызылорда командасы төрт тур болды, жеңіс дегеннің не екенін ұмытты. Өткен турда тіпті ұтылып та қалды. Бүгін екеуі де бір ұпайды қанағат қылды.

Бір көңіл аударарлығы, екеуін де Болгария бапкерлері жаттықтырады. Алайда Димитар Димитров пен Стойчо Младенов бір-бірінен айлаларын асыра алмады. «Ертістің» бас бапкері бар кінәні стадионың жасыл алаңына аударды.

Д.Димитров «Қазақстан футболын дамытқымыз келсе, мұндай алаңда футбол ойнауға болмайды. Бүгін алаңда негізінен шайқас болды. Бірде-бір команда мұндай жағдайда өз қабілеті мен мүмкіндігін көрсете алмайды» деп кесіп айтты.    

Кейбір жерлерінің шөбі шықпай немесе тапталып қалған ала-құла, алапес алаңның сапасы сын көтермейді. Әйтсе де, екі команда аянған жоқ. Матч соңында Родриго допты айып алаңы сызығы бойынан доғаша иіп, есеп ашты.

Алайда үш минуттан кейін Саиди Нтибазонкиза «Ертістің» қорғаушысын басып озып, «Қайсар» сапындағы екінші маңызды голын соқты. Бұл жолы таразы басын теңестіріп, өз командасына бір ұпай әперді.   

«Қайсар» – «Ертіс» – 1:1 (0:0)

Голдар: Родриго, 83 (0:1). Нтибазонкиза, 86 (1:1).

Ескертулер: Евстигнеев, 25. Коробкин, 45+1. Камара, 77 – Алиев, 14. Родриго, 41.

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Евстигнеев, Коробкин (Сақалбаев, 85), Камара, Аржанов (Нарзілдаев, 75), Нтибазонкиза, Байжанов, Николич (Курьор, 63).

Қосалқы құрам: Григоренко, Горячий, Көкеев, Мулдаров, Жақаев.

«Ертіс»: Лория (к), Кислицын, Воротников, Ткачук, Двали, Живкович, Родриго, Алиев, Дарабаев, Нганбе (Фофана, 73), Джедже (Фонсека, 62).

Қосалқы құрам: Калмыков, Попов, Смайылов, Жұмасқалиев, Чернышов, Калинин, Шабалин.

Төрешілер: Бобро (Қарағанды), Тергеусізов (Алматы), Конивец (Қарағанды)

16 сәуір. Қызылорда. Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 5 000 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика