Вернуться к списку статей

“Шахтер” мен “Тобыл” тең түсті немесе өз қақпасына үш гол соққан “сұрмерген”

Футбол
1K
Оң жақта 33-нөмірлі – Сергей Скорых. Фото: vk.com/fctobol_officialpage
«Тобыл» түзде көш соңындағы «Шахтермен» тең түсіп, бас бапкері айтқандай екі ұпай жоғалтты.

Бұл ойын алаң иелері үшін өте сәтсіз басталды. Матчтың басында екі бірдей ойыншысы жарақат алып қалып, бас бапкері оларды ауыстыруға мәжбүр болды. Ал бірінші таймның соңында тәжірибелі қорғаушысы өз қақпаларына гол соғып алды...

Қызық болғанда, бұл – Сергей Скорыхтың маусым басталғалы өз қақпасына соғып отырған үшінші голы. Алты ойында – үш автогол! Тым көп, әрине. Үш  ойында қырсық шалып, салы суға кетті.

Әуелі, төртінші турда «Астанамен» Теміртауда өткен ойынның 90+2-минутында, одан кейін алтыншы турда Атыраудағы матчтың 83-минутында өз қақпасына гол соғып алды. Ал бүгін басымен соқты. Әуелеп ұшқан допты алаң сыртына шығарып жібермек болған сияқты...

Абырой болғанда, екінші тайм басталған бетте «Шахтер» есепті теңестірді. Қақпа алдында Дәуренбек Тәжімбетов ширақ қимылдап, әуелеп ұшып келген допты қақпаға бағыттап үлгерді. Оны қоршап тұрған қонақтардың қорғаушылары мен қақпашысы қапы қалды.

Бұдан кейін «Тобылдың» гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ шабуылшысы мүлт кетіп, өз командасын алға шығара алмады. Осылай, Қостанай клубы көш соңындағы команданы жеңе алмай, бір ұпайды қанағат тұтты.

Ал ойын соңында екі командағы ойыншылары қақтығысып, бірін-бірі итеріп, бейпіл сөздер айтып, төбелесіп қала жаздады. Төреші екі ойыншыны алаңнан қуып, екеуіне ескерту жасап, оларды әзер тоқтатты.

«Шахтер» – «Тобыл» – 1:1 (0:1)

Голдар: Скорых, 45+3- автогол (0:1). Тәжімбетов, 47 (1:1).

Ескертулер: Тәжімбетов, 90+3 – Дмитренко, 22. Молдақараев, 73. Малый, 90+3.

Алаңнан қуылғандар: Кадио, 90+3 – Щеткин, 90+3.

«Шахтер»: Шацкий, Габышев (Өміртаев, 14), Кадио, Скорых (к), Айегбуси, Сзоке, Станоевич, Зошак, Хайруллин (Васильев, 79), Аллегриа (Мангуткин, 15), Тәжімбетов.

Қосалқы құрам: Багинский, Ткачук, Тәттібаев, Шахметов, Күлбеков, ӘлІмбаев.

«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Малый, Дмитренко (Кассай, 46), Главина, Тағыберген (Джалилов, 80), Мухутдинов, Савич (Молдақараев, 45), Шимкович (к), Деспотович, Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсырманов, Мирошниченко, Шубаев, Эльмурзаев, Жақыпов, Жаңғылышбай.

Төрешілер: Кәрлібаев (Орал), Васютин (Алматы), Тасыбаев (Павлодар)

16 сәуір. Теміртау. «Металлург» стадионы. 1 000 көрермен


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика