Вернуться к списку статей

Бішкектегі берекетсіздік, Қожағапановтың қорлығы немесе 2016 жыл несімен есте қалды?

Футбол
1K
2016 жыл несімен есте қалды?
Бүгін 2016 жылдың соңғы күні. Ел футболында мешін жылы несімен есте қалды. Күнтізбені ақтарып, ең айтулы оқиғаларды еске түсіріп көрелік.

Достастық кубогы

Қазақстан жастар құрамасы Санкт-Петербургтегі Достастық кубогын кезекті рет сәтсіз өткізді. Бас жүлдеден дәмеленіп барған жастарымыз өз тобында Беларусь және қырғыз құрдастарымен тең ойнап, Молдовадан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Жетінші орын үшін өткен ойында Тәжікстанды әзер дегенде 3:2 есебімен ұтты. Қаңтардың 1-і күні аға бапкерлік қызметке тағайындалған Серік Әбдуәлиев сол турнирден кейін қызметінен босатылды да, сәл кейінірек оның орнына Вахид Масудов тағайындалды.

Ұлттық құрама. Бас бапкер жыры

Қазақстан футбол федерациясы ресми сайты арқылы ұлттық құраманың бас бапкерін қаңтар айының соңына дейін тағайындайтынын мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 19 желтоқсанында ресейлік маман Юрий Красножан қызметінен босағаннан кейін ҚФФ-тың сол кездегі президенті Ерлан Қожағапанов «Ұлттық құраманың бас бапкерін жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықтаймыз» деп салған. «Айтылған сөз, атылған оқ», өз сөзін жуып-шаю үшін шынымен де ресми сайттары арқылы дауысқа салды. Бірақ дауыс бергендер саны 50 мыңнан асу керек деген шарт қойылды. 15 қаңтар күні ҚФФ сайты жариялаған ақпарат бойынша сол күнге дейін дауыс беруге 2600 адам қатысыпты. Оның 1755-і шетелдік маманды таңдаса, қалған 845-і бас бапкер отандық маман болсын деген. Қазақстан футбол федерациясының сайты бас бапкердің есімі қаңтар айының соңында белгілі болады деп жазды. Сөйтіп, қаңтардың 176-сы күні бас бапкер ақыры анықталды. Бұл туралы сәл кейінірек...


Ұлттық құрама. Бас бапкер – Байсуфинов

Рас, наурыз айының 11-інде Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып отандық маман Талғат Байсуфинов тағайындалды. Оның көмекшілері ретінде Нүркен Мазбаев, Андрей Ферапонтов және Юрий Новиков бекітілді. Ал 26 наурыз күні ұлттық құрамамыз 2016 жылдағы алғашқы ойынын өткізіп, Түркияның Анталия қаласындағы жолдастық кездесуде Әзірбайжанды 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ойынның 8-ші минутында Бауыржан Исламханның бұрыштамадан кейін әуелете асырған пасын Мақсат Байжанов баспен қақпаға дәл қадады. Одан кейін Байсуфинов шәкірттері Тбилисиде Грузиямен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Жерлестеріміздің сапынан Серікжан Мужиковтың пасынан кейін Азат Нұрғалиев гол соқты. Осы ойыннан кейін Федерация басшылары Байсуфиновтың кандидатурасы жайлы ойлана бастады. Бірақ Христо Стойчков пен Дженнаро Гаттузо сынды шетелдік мамандардың аты қызықтыратын еді. Ақыры маусым айының басында Далянда Қытайды жеңгеннен кейін Федерация басшылары тізгінді ресми түрде Талғат Байсуфинов бастаған отандық мамандарға ұстатты. Жалпы, Байсуфиновтың баптауымен биыл ұлттық құрамамыз сегіз ойын өткізіп, соның екеуінде жеңіске жетсе, үшеуінде ұтылып, тағы үшеуін тең түсіпті. Доп айырмашылығы – 6:14.

Бішкектегі берекетсіздік

Ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі бірінші сынағын Талғат Байсуфинов Бішкекте тапсырды. Бірақ «айыр қалпақты ағайындылардың» еліне сапар тым сәтсіз болып, жерлестеріміз 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Абырой болғанда бұл жеңіліс ФИФА рейтингіндегі орнымызға әсер еткен жоқ. Рұқсат етілгеннен артық ойыншы алмастырылғаны үшін бұл матч ФИФА-ның ресми ойындар күнкестесіне кірмеді.


Ресейге барар даңғыл жол бұралаңдап барады

2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының аясындағы іріктеу додада Қазақстан ұлттық құрамасы төрт матч өткізді. «Астана-Аренада» өткен бірінші матчта жерлестеріміз Роберт Левандовски бастаған поляктардан 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіре алды. Өз алаңымызда румындармен де тең түстік. Рас, қалған екі кездесуде ірі есептермен ұтылдық. Қаратау құрамасы қақпамызға жауапсыз бес гол соқса, Копенгагенде Данияның төрт голына бір ғана тура соққымен жауап бере алдық. Осылайша Қазақстан ұлттық құрамасы «Е» тобында екі ұпаймен соңғы орында тұр.

Футзал. Еуропаның үшінші командасы

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Сербиядағы Еуропа чемпионатына қатысып, «Кәртамыс құрлықтың» қола жүлдегері атанды. Топтық кезеңде Ресейден ұтылып, Хорватияны тізе бүктірген Какау шәкірттері ширек финалда чемпионат фавориттерінің бірі Италияны 5:2 есебімен ойсырата жеңді. Жартылай финалда болашақ чемпион Испаниядан 3:5 есебімен ұтылып қалып, қола жүлде үшін болған айқаста дода қожайындары Сербияны 5:2 нәтижесімен ұтты.


Футзал. Колумбиядағы әлем чемпионаты

Қыркүйек айында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Колумбияда өткен әлем чемпионатына қатысып қайтты. Какау бастаған футзалшыларымыз бірінші матчта төрешілердің қысымымен Аргентинадан ұтылып қалғанымен артынша Коста-Рика және Соломон аралдары құрамаларын оңай жеңіп, 1/8-финалға шықты. Бірақ бұл кезеңде Испанияда күтіп тұр еді, 2:5 есебімен ұтылып, елге қайттық.

Еурокубок – 2016

Биыл еурокубок турнирлерінде «Астана» Чемпиондар лигасынан бастаса, «Қайрат», «Ақтөбе» және «Ордабасы» Еуропа лигасына жорыққа аттанды. Бірақ «Ақтөбе» мен «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінен-ақ аса алған жоқ. Алғашқылары Венгрияның «МТК Будапешт» командасына жол берсе, шымкенттіктер Сербияның «Чукаричкиінің» алдында дәрменсіздік танытты. «Қайрат» кішкене алысқа шапты. Албанияның «Теутасын» оңай өткен. Дегенмен, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Тель-Авивтің «Маккабиінен» ұтылды.


«Астана» Еуропа лигасында

Еурожорықты Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен бастаған елорданың «Астанасы» алдымен Литваның «Жальгирисін» айналып өткенімен келесі кезеңде Шотландияның «Селтигінен» сүрінді. Рас, төрешілер обьективті болып, қорғаныста Дмитрий Шомко қателеспегенде оларды да тізерлетер едік.

Плей-офф кезеңінде Беларусьтің БАТЭ командасын айналып өтіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Мұнда Қазақстан чемпиондарын Грекияның «Олимпиакосы», Швейцарияның «Янг Бойзы» және Кипрдің «Апоэлі» күтіп тұрған еді. «Олимпиакос» және «Янг Бойзбен» бір-бір ойында тең ойнап, кипрліктерді бір рет ұта алдық. Бірақ бес ұпаймен соңғы орынды ғана қанағат қылуға мәжбүр болдық.

Қыздарымыз Чемпиондар лигасында атой салды

Еурокубок биыл қыздарымыз үшін де сәтті болды. «БИІК-Қазығұрт» Қазақстан қыздар футболының тарихында Чемпиондар лигасының 1/8-финалына дейін жеткен алғашқы команда атанды. Ирландияда өткен топтық іріктеу кезеңінде алаң қожайындарын ғана емес, литвалықтар мен молдовалықтарды да ұтып, 9 ұпаймен 1/16-финалға жолдама алды. Мұнда да аса қиналған жоқпыз. Италияның «Веронасын» тоқтаттық. Алайда, 1/8-финалда Францияның ПСЖ командасына шамамыз жетпеді. Парижде де, Шымкентте де ұтылдық.

«Сорокин дауы»

Премьер-лиганың 7-туры аясында Алматыда өткен «Қайрат» – «Ақтөбе» кездесуінің арты үлкен даумен аяқталды. Ойынның соңына таман «Ақтөбелік» қорғаушы Егор Сорокин «қайраттық» легионер Жарко Марковичті бүйірден ұрып құлатқанымен төрешіден қызыл қағаз тұрмақ, ескерту де алмады. Бұл мәселе Тәртіптік-бақылау комитетінің отырысында қаралып, іске Қазақстан футбол федерациясы президетінің өзі араласты. Ақыры біраз адам наразы болды, талайы қызметінен кетті. Алайда Қожағапанов пен «Ақтөбе» директоры Васильевтің одағы мықты болып шықты.

Мамырдағы Лига кеңесі

Өткен жылдың ең даулы оқиғаларының бірі 18 мамырда орын алды. Елордамызда Лига кеңесінің отырысы өтіп, оны ҚФФ-тың сол кездегі басшысы Ерлан Қожағапановтың өзі жүргізді. Әдетте ҚФФ президенті бұл шаруашылыққа араласпауы қажет. Бірақ, қызығы ол емес, Қожағапанов КФЛ басшысы Олжас Абраевты қызметінен алып тастап, клубтарға қоқан-лоқы көрсету арқылы бұл қызметке Бағлан Ергешевті күштеп сайлатты.  


Қонысбаевтың жарақаты

Маусымның 7-сі күні Далянда өткен жолдастық кездесу ел футболының ең талантты ойыншыларының бірі Ұлан Қонысбаевтың карьерасына нүкте қоя жаздады. Бірінші тайм соңына жақындап қалған. Кенет қытайлық қарсыласымен допқа талас кезінде жерге сәтсіз «қонған» Ұлан Қонысбаев жанұшыра айқайлады. Тобығы сынып, сүйегі сыртқа шығып кетіпті. Бірден жедел жәрдем шақыртылып, ауруханаға алып кетті. Ол жақта екі аптадай жатып, Италияға жөнелтілді. Қазір Ұлан ақырындап айығып қалды. Апеннин түбегіндегі ең мықты спорттық дәрігерлердің емдеу курстарынан өтіп, жаттығуға кірісуге қайта жақын. Бірақ бұрынғы бабына қайта келе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Телефон әңгімесі

Тамыздың 13-і күні ел чемпионатының 23-туры аясында «Ақтөбе» мен «Ордабасы» 4:4 есебімен тең ойнады. Ал арада үш күн өткенде ғаламторда екі клубтың басшыларының дауыстарына өте ұқсас аудиоәңгіме жарияланды. Әңгіме барысында екі дауыстың ойын жайлы өзара келісіп жатқанын ұққан едік. Бірақ ҚФФ құрған арнайы комиссия еш айғақ таппай, істі жауып тастады. Әлгі дауыстың иелері де әу баста мойындамағандарымен, кейін Санкт-Петербург қаласында жүргізілген монографиялық зерттеулер дауыстардың Байсейітов пен Васильевке тиесілі екендіктерін дәлелдеп берді. Алайда бұл мәселенің түбіне барған ешкім болмады. «Жабулы қазанның қақпағын сол күйі ешкім ашқан жоқ.


Васильевтің соты

Қазан айының соңғы күні «Ақтөбе» футбол клубы команда ойыншыларының жалақыларын жариялады. Бірақ бәрінің емес. Ең бастысы клуб директоры Дмитрий Васильев өзінің айлығын да жасырып қалған. Алайда, алысқа бармады, қарашаның алғашқы аптасында-ақ Васильев қамауға алынып, қолына кісен салынды. Оған клуб бюджетінің 300 миллионнан астам теңгесін жымқырды деген айып тағылуда. Қазір ол әлі де абақтыда жатыр. Егер кінәлары анықталса, онда оны бірнеше жылға темір тор күтіп тұр.

Жаңа басшы – Байшақов

Қазанның 28-і күні Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында Қожағапановтың оқуға кеткені туралы мәлімдеме жарияланып, соған байланысты қызметінен уақытша кеткені жазылды. Кейін Тоқтарханұлының президенттіктен біржола кеткені туралы ресми жаңалықтар шықты. Ақыры жаңа президент сайланатын болып, жалғыз үміткер ретінде Сейілдә Байшақов тіркелді. Осылайша 28 қараша Қазақстан футбол федерациясының Кезектен тыс Конференциясы өтіп, Байшақов төрт жылға сайланды.


КФЛ тізгінін Айтхожин ұстады

«Жаңа сыпыртқы жаңаша сыпырады», Қожағапанов кетісімен оның жақтастарының да бастарына қара бұлт төне бастады. Кәсіпқой футбол лигасының президенті Бағлан Ергешевті де айналып өткен жоқ. Қарашаның 22-сі күні алғыс білдіріп шығарып салды да, арада бір апта өткенде оның орнына Азамат Айтхожинді сайлады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика