Клуб басшылары жаңа бас бапкерді футболшыларымен ресми түрде таныстырды. Сергей Павлов «Атыраудың» тізгіні қолына тигеніне риза сияқты. «Тәжірибем мол, денсаулығым жақсы, жергілікті жанкүйерлердің команданың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіретіндері ұнайды. Бүгін бұл менің командам, ең бастысы, мен команда үшін жанымды саламын», – депті.
Бұл бапкер де өзімен бірге көмекшісін ала келіпті. Әрине, ол да ресейлік маман. «Арсенал» (Тула) командасында өзіне көмекші болған – Сергей Жуков. Аталған екі бапкер кешеден бері ресми түрде «Атыраумен» жұмыс жасап жатыр. Әрі «кешегінің бәрін ұмытып, бәрін жаңадан бастаймыз», – деп отырған көрінеді.
Анықтамалық деректер:
Сергей Александрович Павлов (16 қыркүйек 1955 жыл, Фурманов, Иванов облысы) – Ресейге еңбек сіңірген жаттықтырушы. Ресейде Құрмет орденімен марапатталған.
Футболшы ретінде «Авангард» және «Текстильщик» (Камышин) клубтарында ойнаған. Бірақ 21 жасында ауыр жарақат алып, карьерасын ерте аяқтаған.
61-ден асқан маман бұған дейін «Энергия» (Камышин), «Сатурн» (Раменск), «Уралан» (Элиста), «Черноморец» (Новороссийск), «Луч-Энергия» (Владивосток), «Кубань» (Краснодар), «Шинник» (Ярославль), «Торпедо» (Мәскеу) клубтарында жұмыс жасаған.
Ресей ұлттық құрамасы мен «Спартак» (Мәскеу) клубында бас бапкердің ассистенті болған. Олег Романцевке көмектескен. Соңғы жаттықтырған командасы – «Арсенал» (Тула). Осы клубтың бас бапкері болып, команданы Ресей премьер-лигасына шығарған. 2016 жылы 4 қазан күні бас бапкерлік қызметінен кеткен.