Вернуться к списку статей

"Қайсар" бас бапкерін 60 жасымен "құттықтай" алмады

Футбол
1K
Қызылорданың «Қайсары» биылғы маусымда бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Шымкентке қонаққа барған «қасқырлар» «Ордабасыдан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Бүгін «Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младеновтың туған күні еді. Сырттан келген адамға сынай қарап, анау-мынауларды аса жақтыра бермейтін Сыр жанкүйерлерін аз уақыттың ішінде өзіне баурап алған болгар бапкері 60 жасқа келді.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайсар» (Қызылорда) 0:1 (0:0)

Гол: Марцваладзе, 51.

Ескертулер: Тұңғышбаев 30 – Нәрзілдаев 10, Евстигнеев 37, Ламанж 40, Коробкин 64.

«Ордабасы»: Бекбаев, Диакате, Марцваладзе (Нөсербаев 69), Ковальчук, Фонтанелло, Йорданов, Нұрғалиев (Гейнрих 84), Смақов, Ерланов, Төлебек, Тұңғышбаев (Бочаров 60).

Резерв: Бойченко, Бейсенов, Қожабаев, Әшірбеков, Абдулин.

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Евстигнеев, Аржанов, Камара (Курьор 71), Нәрзілдаев, Нтибозонкиза (Коробкин 58), Байжанов, Николич (Сахалбаев 80).

Резерв: Григоренко, Чуреев, Сахалбаев, Мулдаров, Көкеев, Коробкин, Горячий, Курьор.

Төрешілер: Гаузер, Виноградов (екеуі де – Петропавл), Павлов (Алматы).

Шымкент қаласы. Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы, 4000 көрермен.

Қазіргі балалар «Торай Пеппа», «Фиксики» сынды мультфильмдерден көз алмайды ғой. Ал біз үшін «Ну, погоди!», «Простоквашинолар» шедевр болатын. Сондағы Пошташы Печкиннің «Менің өмірім енді басталды. Зейнетке шықтым» дейтіні бар. Сол сияқты, 60 жасқа келіп жатқанына қарамастан Младеновтің де өмірі енді басталды деп тілейік! 

Ары қарайғы ғұмырында қазақ футболын көгертіп, табыстарға жете берсін. «Қайсарға» келгендегі мақсаты да сол болар. Дегенмен, Шымкенттегі ойында шәкірттері сыйлық жасай алмады. Ойын тізгінін бірден өз қолдарына алған алаң иелері төрешінің алғашқы ысқырығы естілгеннен-ақ шабуылға көшіп, қызылордалықтарды тықсырта бастады. 

Алаңға үйренісе алмады ма, әлде Алексей Петрушин шәкірттерінің қарқыны қатты болды ма, қонақтар бірінші таймда ережені жиі бұзды. Үзіліске дейін-ақ үш ойыншысы ескерту қағазын алды. Арасында Думан Нәрзілдаев та бар. Жалпы, бұл кездесуде «Қайсардың» 10-шы нөмірлі ойыншысының ойыны жүрмей-ақ қойды. Күшке емес, техникаға арқа сүйейтін оны мұндай алаңға шығармай-ақ қою қажет пе еді?...


Негізі, шынымен де Қажымұқан атындағы Орталық стадионда доп тепкен былай тұрсын, жай ғана жүгірудің өзі де қиын ғой. Құдды бір, мұнда футбол емес, көкпар өтетіндей ойдым-шұңқыр. «Ордабасы» да әбден үйреніп қалған. Қонаққа келген команданы сонысымен ұтады. Ал голды 51-минутта грузиялық легионер Отар Марцваладзе соқты. 

Қақпа бағанасынан кері серпілген допқа бірінші болып жеткен шабуылшы допты қақпаға сырғыта салды. Одан кейін Преслав Йордановта да есепті еселейтін тамаша мүмкіндік болған. Бәрін Абдулаи Диакате жасап берді. Төрт-бес ойыншыны алдап өтіп, алғы шептегі әріптесіне сырғыта салған еді, Йордановтың қақпаға тепкен добына Марсель Исламқұлов барысша атылды. 

Жалпы, Марсель биыл «Қайсардың» нағыз джокеріне айналды. Кейбіреулер оны «Періштесі бар қақпашы» деп те жүр. Расымен де жолы болғыш қақпашы екен. Әйтпесе, маусым басталғалы бері  Бүгінгі ойында да қақпасына гол жіберіп алғанымен ол допқа да барынша секірген. Еш кінәсі жоқ. Ал басқа матчтарда Марсель «Қайсарға» маңызды ұпайлар алып беріп жүрді.

«Ордабасы» сапынан бірінші турда алған жарақатынан енді жазылған Самат Смақов ұнады. Сондай-ақ, Мардан Төлебектің де сол аяғына әбден тәнті болдық. Өкінішке қарай, оның айып соққылары қақпаға дарымады. Әйтпесе, әдемі-ақ орындалған соққылар еді.

Айтпақшы, футболшыларын қолдауға Қызылордадан Шымкентке бір автобус толы жанкүйер барды. Дегенмен, «Ордабасы» мықты болды. Ойын басталғаннан тізгінді уыстарынан шығарған жоқ. «Қайсар» футболшыларын тұсап ұстаған Петрушин шәкірттері қызылордалықтардың осы маусымдағы алғашқы жеңілісіне себепші болды.   

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика