Вернуться к списку статей

Қазақстан Чехияны жеңіп, Еуропа чемпионатының финалына шықты

Футбол
2K
Қазақстан құрамасы Чехия футзалшыларын тізе бүктірді. Фото: kff.kz
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасында бақ сынау құқығына ие болды.

Қазақстан футзалшылары 2018 жылғы Еуропа чемпионаты електік додасының “F” тобында теңдессіз шықты. Үш ойында де жеңіске жетіп, топ жарды. Бүгін Чехия футзалшыларынан басым түсті.

2018 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына таласқан 6-топтың командалары Алматыда додаға түскен болатын. Өз жерімізде ұлттық құрамамыз қарсылас шақ келтірмеді. Бүгін азулы Чехия футзалшыларын да тізе бүктірді.

Ашығын айту керек, маңызды матчта біздің құрама сапындағы бразилиялықтар сенімді ақтады. Әуелі Дуглас есеп ашты. Бірінші соққысы қорғаушыға тиіп, кері қайтқанымен, қайыра теуіп, пәрменді соққысымен Чехия қорғанысын бұзды.

Бірінші таймның аяғында Лео дедек қаққан теңбіл допты қақпа бұрышында тұрған Першиннің аяғына салып берді. Михаил допты қақпаға бағыттап үлгерді, ал Чехия қақпашысы тағы да қапы қалды.

Екінші таймның басында Чехия футзалшылары атойлап алға шапты. Бірақ Игита бұл ойында олардың барлық соққыларын қайтарып, шабуылдарын тойтарды. Еш мүмкіндік бермеді. Қонақтар гол соға алмай, пұшайман болды.

Ойын аяғына қарай Чехия құрамасы қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, шабуылды күшейтті. Бірақ допты бір-біріне қақпақылдап, қыспаққа алумен шектелді. Қақпаға соққы бағыттай алмай, бірнеше шабуылдары аяқсыз қалды.

Осындай сәттердің бірінде Дуглас өзін алдап өтпек болған ойыншыдан допты тартыпиалып, қарауылсыз қалған қақпаны дәл көздеді. Гол! Есеп – 3:0. Чехия футзалшыларының сағы сынып, еңселері түсіп кетті...

Сөйтіп, үш ойында да жеңіске жеткен Қазақстан футзалшылары “F” тобында бірінші орынға ие болып, 2018 жылғы Еуропа чемпионаты жолдамасына ие болды. Ал «Еуро-2018» додасы келесі жылы 30 қаңтардан 10 ақпанға дейін Словенияда өтеді. Оған 12 команда қатысады.

Ойындар нәтижесі. “F” тобы

8 сәуір

Чехия – Дания – 5:4
Қазақстан – Македония – 3:0

9 сәуір

Чехия – Македония – 7:3
Қазақстан – Дания – 5:0

11 сәуір

Македония – Дания – 4:3
Қазақстан – Чехия – 3:0

Голдар: Дуглас, 5. Першин, 20. Дуглас, 38.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Лео, Дуглас, Першин; Шамро, Жаманқұлов, Сүлейменов, Довгань, Иманалин, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Оразов, Кнауб.

Чехия: Герчак, Р.Мареш, Решетар, Сейдлер, Яновски; Вагала, Цупак, Заруба, Грдина, Словачек, Коуделка, Д.Дрозд, Ковач, Белей.

Төрешілер: Герд Билуа (Бельгия), Василиос Христодулис (Грекия)

11 сәуір. Алматы. «Алматы Арена».


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика