Вернуться к списку статей

Еркебұлан Тұңғышбаев: Қазақстан жастарының жайын ойлайтын жергілікті жаттықтырушылар ғана

Футбол
2K
Еркебұлан Тұңғышбаев биікте (Фото ҚФФ ресми сайтынан)
– Меніңше шетелден келген бапкерлер жастарға көп сенім артпайды. Олар біздің орнымызға легионерлерді қоюды жөн көреді. Қазақстан жастарының қамын ойлайтын жергілікті мамандар ғана.

Қазақстан – Босния және Герцеговина жастар құрамалары арасындағы кездесуде ең белсенді болған ойыншылардың бірі – Еркебұлан Тұңғышбаев. Бір өзі бірнеше қорғаушыны оп-оңай аладп өте алатын «ордабасылық» ойыншымен матч соңында аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ойын біз үшін өте қиын болды. Қарсылас оңай шағылар жаңғақ емес екен. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап, өз жанкүйерлеріміздің алдында аянып қалмауға тырыстық. Тең нәтиже жаман емес деп есептеймін, - деп бастады шабуылшы.

– Қалай ойлайсыз, қарсыластар бізге қарсы тым дөрекі ойнаған жоқ па?

– Ойын болған соң мұндай нәрселер болып тұрады. Ондайға әбден үйреніп қалғанбыз. Біз де аяғымызды тартып қалған жоқпыз ғой.

– Еркебұлан, сіз Босния және Герцеговина жастарына қарсы Сараевода да, Астанада да ойнаған футболшысыз. Қай матч қиынырақ болды?

– Бірінші кездесуде біз сырт елде ойнадық қой. Қолдайтын жанкүйер болған жоқ. Ол кезде босниялықтар да мықты болды. Бірақ, жолымыз болып, ұтып кеткенбіз. Осы жолы өз алаңымызда ойнадық. Жанкүйерлердің қолдауларын сезіндік. Әттең, ұтқанымызда тіптен керемет болар еді.

– Қазір Қазақстан ұлттық құрамасында мықты шабуылшылар өте тапшы. Сізді бас командаға шақырып жатқан жоқ па?

– Әзірге ондай ұсыныстар болған жоқ. Егер ұлттық құрама сапында ойнау мәртебесі бұйырар болса, жасыл алаңда барымды салып, маған сенген барша жандардың сенімдерін ақтауға тырысамын. Дегенмен, ол үшін алдымен жастар құрамасында көсіле шабуым қажет. Егер өзімнің мықтылығымды дәлелдесем міндетті түрде шақырады деп ойлаймын.

– Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы екі кездесуінде де 90 минут бойы ойнаған жас футболшы сіз ғана. Қалай ойлайсыз, «лимитчиктерге» қатысты жеңілдіктің алынып тасталуы жастардың дамуына, өсуіне кесірін тигізіп жатқан жоқ па?

– Меніңше шетелден келген бапкерлер жастарға көп сенім артпайды. Олар біздің орнымызға легионерлерді қоюды жөн көреді. Қазақстан жастарының қамын ойлайтын жергілікті мамандар ғана. Солар ғана қазақстандық жастар өссе екен дейді. Осы орайда, «Ордабасыда» Бақтияр Байсейітовтің болуы маған жақсы болды. Футболшы ретінде жетілуіме көп көмегін тигізіп жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет! Тек сәттілік тілеймін!  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика