Әуелі Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Вахид Масудов келіп, журналистер сұрағына жауап берді.
– Мен ертеңгі матч жанкүйерлер, жаттықтурышылар, тіпті футболшылардың өздері үшін де өте қызықты болады деп ойлаймын. Босния және Герцеговина жастары әжептәуір шыңдалған қарсылас, барлық футболшылары жақсы командаларда ойнайды. Біз бұл ойынға жан-жақты дайындалып жатырмыз, әрі табан тіресе «шайқасуға» тырысамыз.
– «Абат Айымбетов жарақатынан айықпаған, ал Дидар Жалмұқан болса, спорттық бабында емес» деп естиміз...
– Айымбетов медициналық тексерістен өтті. Ол үш апта бойы өз командасымен бірге болған жоқ. Ол жастар құрамасының мүшесі болғандықтан, біз оны шақырттық. Абатқа қолдау көрсеткіміз келді. Жастар құрамасы сапына ұжыммен бірге болып, тезірек бейімделіп кетсін деген ниетпен шақыртылды. Дәл қазір «оған сенім артамыз» деп айта алмаймын. Физикалық жағдайы ойдағыдай емес.
Ал Дидарға келер болсақ, дәл қазіргі оның спорттық бабына көңіліміз толмайды. Былтыр ол қалай ойнады, ал қазір қандай – айырмашылық жер мен көктей. Өкінішке қарай, Әлішер Сүлей мен Абзал Таубай да жарақаттанып қалғарн. Сондықтан, шабуыл өтіндегі футболшыларымызды толықтай өзгертуге мәжбүрміз.
– Ертеңгі қарсыласыңыздың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып өтсеңіз.
– Жаңа айтып өттім, футболшылары жақсы командаларда ойнайды, әбден шыңдалған. Әйтсе де, қорғаныстарының ортасында кемшін тұстары бар. Екі орталық қорғаушылары аса жылпың емес. Біз өз жігіттерімізбен сөйлесіп, алаңда не істеу керектігін, қарсыласымыздың қорғанысын қалай бұзып өту қажеттігін талқыладық. Өз тарапымыздан дайындап отырған «тосын сыйларымыз» да бар.
– Сіз команданы алғанда, жалпы жағдайы қандай екен? Қазір ұжымдағы қарым-қатынас қандай?
– Бәрі де жақсы. Жігіттердің ынта-жігерлеріне де өкпе арта алмаймын. Қарсыласымыз – қарымды. Көңілге қонымды нәтижеге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
– Сіз жастар құрамасы тізгінін қолыңызға осыдан бір ай бұрын ғана алдыңыз. Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде бәрін де жүзеге асыру мүмкін емес қой, не істей алдыңыз?
– Әрине, жаттығу жұмыстары ауыртпалықсыз өтіп жатқан жоқ. Бірақ жігіттер мұның бәріне түсінушілікпен қарайды. Біздің талаптарымызды мүлтіксіз орындауға тырысады. Қазір біз команданың ойын өрнегін сәл-пәл өзгерту бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Шабуылға көп көңіл бөлу керек. Ал шабуыл өтіндегі бірнеше футболшыларымыздың қатардан шығып қалғандығын атап өттім. Яғни алғы шептегі ойын үйлесімдігі ойдағыдай емес. Әйтсе де, ертеңгі ойында үміт артар, тактикалық ой-жоспарларымыз бар.
– Жалпы, сіз қандай тактиканы ұнатасыз? Қорғанысқа көңіл бөлгенді ме, әлде алға қарай лап қойғанды ма? Қазір Қазақстан премьер-лигасында міндетті түрде жас ойыншылар алаңға шықпайтын болды. Мұндай қатаң талап өз күшін жойды. Бұл жастар құрамасына әсер ете ме?
– Әрине, әсер етеді. Жастарды міндетті түрде алаңға шығару талап етілмегелі, біраз ойыншы өз клубындағы орнынан айырылып қалды. Яғни негізгі құрамда жасыл алаңға шыға алмай жүр. Сондықтан біз жігітердің бәрімен сөйлесіп, оларға бәрін де егжей-тегжей түсіндіріп жатырмыз. Бірінші кезекте, жатығу жұмыстарында аянбай тер төгіп, негізгі құрамда алаңа шығуға лайық екендеріңді дәлелдеңдер деп отырмыз. Жаттығу жұмыстарында шүмектетіп тер төгу – маңызды. Ал жасыл алаңға шыққан соң, мұндай мүмкіндікті бос жібермеу керек. Негізгі құрамда ойнау құқығына «лимитші» ойыншы жеңілдігін пайдаланып емес, өз қабілетіңнің арқасында қол жеткізген абзал.
Енді, бастапқы сұрағыңызға оралайық. Әзірше бізге қолайлырағы – қорғанысқа айрықша көңіл бөле отырып, ойнау. Әрі қарсы шабуыл ұйымдастыру амалдарын да қарастырып, соны жүзеге асыруға машықтанып жатырмыз. Біз ертеңгі ойынға ерекше мән беріп, жан-жақты дайындалдық. Жалпы, мен бәрін де алдағы күннің еншісіне қалдырып, ысыра бергім келмейді. Маған дәл қазіргі уақыттағы ойынымыз бен нәтижеміз – маңызды. Ертеңгі ойында аянбай тер төгіп, ел намысын абыроймен қорғауымыз керек.
– Қазір «Ордабасы» клубында жастар құрамасының ойыншысы Еркебұлан Тұңғышбаев көзге түсіп жүр. Ол алдағы ойындарда жастар құрамасының белді ойыншыларының бірі бола ала ма?
– Біз Еркебұланға үлкен сенім артамыз. Тек қана оған емес, жастар құрамасының әрбір ойыншысына сондай үмітпен қараймыз. Біз ұжымдық ойын үлгісін қалыптастырудамыз. Ал мұндай ойын өрнегінде әрбір футболшы өзінің сапалы шеберлігін көрсете білуі керек.
– Жастар құрамасының алдағы ойындарында сізге қандай мақсат қойылып отыр?
– Біз жігіттермен бұл мәселені де талқылап, үйдегі ойындарымыздың бәрінде жеңіске жетуіміз керек деп отырмыз.Біздің мақсатымыз да – осы. Әрине, бұл оңай емес. Англия да, Норвегия да – өте азулы құрамалар. Бірақ біз намысты қолдан бермеуіміз керек. Онда не үшін жиналдық? Әрбір ойында жеңіске жету үшін барымызды салуымыз керек.
– Осыдан біраз уақыт бұрын «жастар құрамасы сапына Германиядан төрт футболшы шақыртылады» деген ақпарат тараған. Олар құрама сапына келетін болды ма? Жалпы, сіз бұған қалай қарайсыз?
– Мүмкін. Егер шеберліктері жоғары футболшылар болса, неге құрама сапын күшетпеске? Ал жалпы, мен өз футболшыларымызды тәрбиелеп, соларды шыңдай түскенді ұнатамын. Біз жергілікті талантарды дәріптеп, соларды бағалауымыз керек.
– Егер ертең жеңіске жетсеңіздер, Қазақстан футбол федерациясы тарапынан сыйақылар қарастырылған ба?
– Мен де, үмітімді үзбеймін (күліп). Бізді ескерусіз қалдырмайды деп үмітенемін. Негізі, футболда үнемі аянбай тер төгуге болатын басқа да құндылықтар бар. Өзіңнің абыройың мен Отаның үшін ойнау – ақшадан әлдеқайда маңыздырақ.