Вернуться к списку статей

"Астана" алшаң басып, "Қайраттың" кежегесі кейін тартты

Футбол
1K
Фото fca.kz сайтынан
Бүгін футболдан ХХV Қазақстан чемпионаты басталып, премьер-лиганың үш ойыны өтті. "Астана" кеншілер клубын ұтып, "Қайрат" Таразда ұтылды. Ал "Жетісу" мен "Атырау" тең түсті.

Маусымның алғашқы голын Қонысбаев соқты

Қазақстан чемпионатының биылғы маусымдағы алғашқы голын Ұлан Қонысбаев соқты. «Атырауға» ауысқан Қазақстан құрамасының ойыншысы Талдықорғанда өткен ойынның 19-минутында есеп ашты.

Алайда алаң иелері екінші таймда таразы басын теңестіріп, алма-кезек шабуылға ұласқан ойын тең аяқталды. Екі команда еншілеріне бір ұпайдан жазды.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау» – 1:1

Голдар: Қонысбаев, 19 (0:1). Тұрысбек, 60 (1:1). 

«Жетісу»: Пасеченко, Әмірсейітов (Шабаев, 81), Азовский, Джалович, Кляйн, Кадио, Рудик (Моисов, 69), Тұрысбек, Калинин, Савич, Симоновски (Демель, 39).
«Атырау»: Нарзикулов, Ламанж, Мулдаров, Чуреев, Кузьмин, Коробкин, Эссаме, Қонысбаев (Балтаев, 87), Аржанов, Шарпар (Шабалин, 69), Макась (Трытко, 62).

«Қайратты» тақырға отырғызған – «Тараз»

Осыдан бірер күн бұрын ғана Қазақстан суперкубогын жеңіп алған Алматының «Қайраты» Таразда сүрінді. Жергілікті «Тараз» клубына азуы батпай, 1:2 есебімен ұтылды. Екі гол айырмасымен ұтылып жатып, ойынның соңғы минуттарында есепті қысқартуға ғана шамасы жетті.

Айтпақшы, бұл ойында «Тараздың» жаңа ойыншыларының бірі, Сенегал саңлағы Малик Мане алаңға шыққан жоқ. Виза алып үлгермеген сияқты. Егер ол алаңға шыққанда не болар еді?!

Әрине, «Қайрат» енді бұл жеңілістің себебін Суперкубокқа аударатын шығар. Азулы қарсылас, 120 минутқа созылған тартысы ойын, жүйкені жұқартқан пенальти сериясы, тағысын тағы...

«Тараз» – «Қайрат» (Алматы) – 2:1

Голдар: Зенькович, 65 (1:0). Данилюк, 86 (2:0). Ли, 88 (2:1).

«Тараз»: Григоренко, Әмірханов, Воротников, Д.Евстигнеев, Недашковский, Голич, Шахметов (В.Евстигнеев, 83), Байтана (Рымтаев, 68), Мера, Таубай (Данилюк, 29), Зенькович.
«Қайрат»: Плотников, Қуантаев (Дарабаев, 73), Маркович, Рудосельский (Вороговский, 85), Тесак, Тимощук, Бакаев, Исламхан, Риера (Ли, 68), Исаэль, Гоу.

«Астана» жеңіске қажеті ғана күш жұмсады

Соңғы екі маусымдағы ел чемпионы биылғы ел біріншілігін жеңіспен бастады. Бірақ бірінші таймда өз қақпасына гол жіберіп алып, жанкүйерлерін біраз қобалжытты. Матчтың бірінші жартысында мандымсыз ойындарымен таразы басын теңестіре де алмады.

Есесіне, екінші таймды аса жоғары қарқында бастады. Шабуылды үдетіп, бес минуттың ішінде есепті теңестірді де. Көп ұзамай қонақтарының қорғаушылары қателескен сәтті пайдаланып, алға да шықты.

Бұдан кейін негізінен жеңісті есепті уыстарынан шығарып алмауға тырысты. Маусым басында көп күш жұмсамай-ақ, үш ұпай олжалауды ғана ойлағандай. Матч соңында алаңға өрімдей жас жеткіншегін шығарып, кейбір ойыншыларын дамылдатып алды да.

«Астана» – «Шахтер» (Қарағанды) – 2:1

Голдар: Уббинк, 8 (0:1), Деспотович, 47 (1:1). Нөсербаев, 62 (2:1).
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Аничич, Логвиненко, Шомко, Максимович, Каньяс, Твумаси (Жақыпбеков, 90+2), Мұжықов (Щеткин, 72), Нөсербаев (Гурман, 81), Деспотович.
«Шахтёр»: Ткачук, Габышев, Арзуманян, Курилов, Пикалкин, Сзоке, Зенели (Ветров, 73), Нұрыбеков, Байжанов, Скорых (Ермеков, 79), Уббинк (Финонченко, 87).


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика