Вернуться к списку статей

«Ордабасы» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды көздейді

Футбол
2K
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов премьер-лигада осы өңірдің намысын қорғайтын «Ордабасы» командасының ойыншыларымен жүздесіп, жаңа маусымға сәттілік тіледі.

Облыс басшысы команда сапына алынған аяқдоп шеберлерінің әрқайсысымен жақын танысып, бас бапкермен бірге олардың мүмкіндіктерін саралады. Сонымен қатар шетелдік футболшыларға біздің елдегі өнерлерінің табысты болуына тілектестік білдірді. «Ордабасы» командасының биіктерге өрлеуіне ықпал ететін бұл футболшылардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайлары, олардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады.

Кездесу барысында облыс басшысы футбол төңерегіндегі бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталды. Бейбіт Бәкірұлы талай жылдан бері түйіні шешілмей қойған проблемаға айналып кеткен Қажымұхан атындағы Орталық стадионның жарықтандыру жүйелерін толық шешетінін мәлімдеді.

«Ордабасы» футбол клубы – облысымыздың брендтік бет-бейнесі. Осы команданың жетістіктері арқылы біздің облыс бүкіл әлемге таныла алады. Сондықтандан командаға деген көзқарасты өзгерту керек. Облыстың әрбір тұрғыны өз командасына қолдау көрсетіп, ұдайы футболшылармен бірге тыныстап отыруы керек. Ол үшін қалаларымызға, аудан орталықтарына «Ордабасы» командасының үздік ойыншылары бейнеленген бильбордтар орнату керек. Олардың жейделері мен клубтың атрибутикалық бұйымдары үшін арнайы орындар қарастырылуы шарт. Кезекті матчтарға дайындық барысынан телерепортаждар ұйымдастырылып, көрермендерге жеткізілуі керек. Жанкүйерлерді стадионға тарту, сондай-ақ көрермендердің футболға мереке күндеріндегідей көңіл-күймен келу шараларын ұйымдастыру қажет. Еуропа лигасы ойындарын жоғары деңгейде өткізу мәселесі де қолға алынады – деді облыс әкімі.

Бұдан соң облыс басшысы «Ордабасы» клубының бас бапкері Бақтияр Байсейтовпен команданың биылғы маусымдағы мақсат-міндеттері жайында пікір алмасты. «Ордабасының» жаңа маусымдағы мақсаты – алғашқы кезеңде үздік алтылыққа ену; чемпионатты жүлделі орынмен аяқтау; Еуропа лигасы додасында топтық кезеңге шығу. Жанкүйердің талабы бәрінен биік тұратыны да айтылды.

Жиын соңында футболшылар атынан команда капитаны Қайрат Әшірбеков сөз сөйледі:

– «Ордабасы» командасы жаңа маусым қарсаңындағы жаттығу жиындарын ойдағыдай өткізді. Құрамаға тәжірибелі футболшылар алынып жатыр. Олай болса, облыс басшылығы мен жанкүйерлер қойған талапты орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз..


Содан соң футболшылар тарапынан облыс басшысына команданың бір мүшесі ретінде №1 символикалиқалық жейде тапсырылды.

Әсерлі кездесу барысында жанкүйерлер де қалыс қалмай, облыс әкіміне «Сіз де осы команданың бір мүшесіз» деп, фан-клуб жетекшілері клубтың шарфы пен кәдесыйлар табыстады.

Облыс басшысы бұл сыйлыққа разы болғандығын білдіріп, командаға жаңа маусымда жоғары нәтиже көрсету үшін сәттілік тіледі. Өзі бір мүшесі болып «қабылданған» «Ордабасы» командасының толық құрамымен естелік суретке түсті.

«Ордабасы» биылғы чемпионаттың тұсаукесер ойынын 13-наурыз күні Қажымұхан атындағы Орталық стадионда өткізіп, «Ақтөбе» клубымен кездеседі. Бұл кездесу жексенбі күні сағат 15:00-де басталады. «Ордабасы» өз жанкүйерлерін сүйікті командасымен бірге болуға шақырады.

Ілияс Жолдас, Шымкент қаласы

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика