Вернуться к списку статей

Жартылай финал: коррида ма, көкпар ма?

Футбол
1K
Фото uefa.com сайтынан
Бүгін түнде гитара мен домбыраның қайсысы күмбірлеп, қайсысының үні басым, сазы әуенді болады? Жартылай финалдық кездесу көкпар болып жалғаса ма, корридаға айнала ма?

Футзал «тореадорлары»

Белградта өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының көмбесі көріне бастады. Бүгін түнде – жартылай финалдық ойындар. Соның бірінде, біздің уақытпен түн ортасы ауғанда, Қазақстан құрамасы Испанияның қас шеберлерімен додаға түседі.

Испания құрамасы – футзал әлеміндегі ең үздік командалардың бірі. Еуропа чемпионаттарында жүлдесіз қалып көрмеген – теңдессіз құрама. Әлем біріншілігінде бір-ақ рет жүлдеге іліге алмаған. Екі дүркін әлем, алты дүркін Еуропа чемпионы! Әлем чемпионаттарында 2 алтын, 3 күміс, 1 қола, ал Еуропа біріншіліктерінде 6 алтын, 1 күміс, 2 қола еншілеген – айбынды құрама.

Олар Сербиядағы биылғы Еуропа чемпионатын «В» тобында бастады. Әуелі Венгрия футзалшыларын 5:2 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Украина ұландарынан 4:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда Португалия құрамасын да бұйым құрлы көрмеді. Есеп – 6:2.

Жалпы, Испания құрамасы осал тұсы жоқ команда болып саналады. Бір-бірінен асып түсетін шабуылшылары көп. Қақпашысы да – сенімді саңлақ. Ойын тізгінін өз «қолдарында», теңбіл допты аяқтарында еркін ұстай білетін – тәжірибелі команда.

«Қарт құрлық» қаймығатын қақпашымыз қатарда жоқ

Қазақстан ұлтық құрамасы бұл матчта негізгі қақпашысын ойынға шығара алмайды. Иә, иә, бесінші ойыншы болып ойнай алатын, бүкіл әлем именетін Игита бүгін түнде алаңға шыға алмайды. Себеп – Белградтағы Еуропа чемпионатында екі рет ескерту алуы.

Сондай-ақ бүкіл әлемді таң қалдырып, Италия құрамасын тас-талқан қылған ойында Шыңғыс Есенаманов жарақаттанып қалған. Егер Есенаманов та алаңға шыға алмаса, онда біздің құрамаға өте қиын болады.

Десек те, Қазақстан ұлтық құрамасы Какау сыр білдірер емес. «Әрине, Игита – әлемнің ең үздік қақапашыларының бірі. Бірақ біз онсыз да ойнай аламыз. Көресіздер, таң қалдырар тактикаларымыз әлі түгесілген жоқ», – деп отқа май құя түсіп отыр.

Бүгін кеште күмбірлейтін – гитара ма, домбыра ма?

Сонымен қайсысы жеңеді? Мойындауымыз керек, Испания – деңгейі өте жоғары құрама. Ал Қазақстан – осындай дүлей додаларға алғаш қосылып отырған ұжым. Оның үстіне, біздің құраманың негізгі құрамы селдіреп қалып отыр...

Домбыра қазақтың, ал гитара Испанияның ұлттық аспабы болып саналады. Гитараның шектері әлддеқайда көп. Бірақ қазақ қос шекті домбырамен-ақ ұлттық ән-күйлерімізбен қатар, бүкіләлемдік классикалық музыка туындыларын да нақышына келтіріп орындайды.

Сол сияқты, Какау да қарамағындағы қас шеберлер саны аз болса да, шоқ жұлдыздардан жасақталған Испания құрамасы деңгейіндегі өрнекті ойын үлгісін көрсете алады деп үміттенеміз. Бүгін түнде гитара мен домбыраның қайсысы күмбірлеп, сазы әуенді болады?

Жартылай финалдық кездесу көкпар болып жалғаса ма, корридаға айнала ма? Бұл ойында қанша «салым» салынады, неше «бандерильи» қажет болады? Қайсысы голды көп соғады?

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика