Вернуться к списку статей

Неманья Максимовичті дәл қазір сатқан "Астанаға" тиімді ме?

Футбол
1K
Неманья Максимович. Фото: fca.kz
Соңғы кездері Неманья Максимовичтің «Астанадан» кетуі мүмкін екендігі жайлы ақпарат тым көбейіп кетті. «Стандарттың» құда түсіп, «Валенсияның» көз тігіп, «Спортингтің» қояр да қоймай шақырып жатқаны жайлы жаңалықтарды күнде оқып жүрміз. Тіпті, кейде мұның бәрі әдейі қолдан жасалып жатқан акция сияқты көрінетіндігі де жасырын емес. Осының барлығын ой елегінен өткізіп, Максимовичті биыл қалайда сату қажет деген қорытындыға келіп отырмын. Не үшін? Дәлелдеп көрейін.


Сөз жоқ, Неманья – дарынды ойыншы. Кішкентайынан футболға деген қабілеттілігімен ерекшеленіп, «Црвена Звезда» сапындағы ең талантты бозбалалардың бірі болған. Дене сұлбасы да футболға жақсы келетін. Белградтан шаршады ма, 2013 жылы Альпі асып, Апеннин түбегінен бір-ақ шықты. Алайда, «В» сериясындағы «Эллас Верона» клубының негізгі құрамынан орын алу 18 жасар бозбалаға мүмкін болмады. Сол жылы Литвада өткен 19 жастағылар арасындағы Еуропа чемпионатына Сербияның капитаны ретінде қатысып, «Кәртамыс құрлықтың» чемпионы атанды. Сол-ақ екен, Словенияның «Домжале» клубынан ұсыныс түсті. Ол жақта бір жарым жыл доп тепті. Осы аралықта «Домжале» сапында 30 ойын өткізіп, 4 гол соққан. Венгрияда өткен 19 жасқа дейінгілер арасындағы Еуропа чемпионатына қатысып, жартылай финалда Германиядан ғана жеңілді.

Ал «Астанаға» Максимович 2015 жылдың ақпанында келді. Ол үшін елордалықтардың «Домжалеге» қанша ақша бергенінен хабарымыз жоқ, бірақ бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл трансфер үшін «Астана» басшылығы 500 мың евро жұмсапты. Орталық жартылай қорғаушы бұл шығынды түгелімен ақтады. Оның «Астана» үшін өткізген әр ойыны командаластарына қосымша күш беретін. Орта шептің нағыз тірегі бола білді. Керек кезде шабуылға да ұтымды араласа білетін. Ішкі аренадағы голдарын еске алудың қажеті жоқ шығар, тек былтыр Никосияда «Апоэл» қақпасына соққан голы «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарғанын айтсақ жетіп жатыр.

«Астана» жүріп, өткен жылы Жаңа Зеландияда өткен 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатына Сербияның капитаны ретінде қатысты. Жай ғана сапарлап қайтқан жоқ, кубокты еліне алып кетті. Финалда Бразилия қақпасына жеңіс голын соқты. Міне, содан кейін Неманьяның нарықтағы бағасы бірден өсіп, 500 мыңнан 2 миллион евроға дейін көтерілді. Қазір ол Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншы. Әлемдегі біраз еңселі клубтар көз тіккен футболшы.

 

Дегенмен, Максимовичтің «Астанадан» кетеді деп жүргені кеше ғана емес. Қазақстанға келгелі бері сол әңгіме. Былтыр Швейцарияның «Базель», Германияның «Гамбург», Францияның «Лион» клубтарының маңында өсек қызып тұрды. Биыл олардың қатарына Ресейдің «Локомотиві», Бельгияның «Стандарды», Португалияның «Спортингі», Францияның «Марселі», Англияның «Вест Хэмі» мен Испанияның «Валенсиясы» қосылды. Тіпті, Англияның алпауыты «Манчестер Юнайтед» пен Италияның мықтылары «Милан», «Интер» және «Рома» да «Астананың» 6-шы нөмірлі ойыншысына көз тігіп жүрген көрінеді-мыс.

Соңғы кездері Максимовичтің трансфері туралы тым жиі айтылып жүргені соншалық, кейде мұның барлығы біреудің әдейі жасап жүрген PR әрекеті сияқты көрінетіні де рас. Шынымен де Неманьяның бағасын қолдан өсіргісі келетін сияқты ма деп те ойлайсың. Әйтпесе, расымен де теңдессіз шебер, таланты тасып тұрса, әлгі тізген командалардың скауттары баяғыда-ақ бағасына қарамай сатып алар еді ғой.


Ал қазір «Астанадан» кетуі мүмкін екендігі жайлы Максимовичтің өзі де сөйлей бастады. Ендеше биыл «Астана» басшылығына қалай да бұл жартылай қорғаушыны сату қажет. Бұл трансфердің біз үшін бірнеше плюстары бар. Қажет десеңіз тізіп берейік.

– Қаржылай табыс. Максимовичтің нарықтағы бағасы 2 миллион евроны құрап тұрғанымен шын қызыққан клуб бұл трансфер үшін «Астанаға» артығымен төлеуі мүмкін. Яғни, елордалық командаға бірінші рет футболшы сатып, жақсы пайдаға кенелетін мүмкіндік туып тұр.

– «Астананың» скауттары мықты болса, Максимовичтің трансферінен түскен пайдаға дәл сондай тағы төрт-бес талантты жас футболшы сатып алуға болады.

– Қазақстаннан шетелге кеткен ойыншылар аз емес. Бірақ, шыны керек, сапарлары сәтсіз болып жатты. Онда да ауыз толтырып айтарлықтай алпауыт командаға барған ешкім жоқ. Ал Максимович Қазақстан Премьер-лигасынан «Манчестер Юнайтед» немесе «Интер», «Миланға» ауысқан алғашқы футболшы болуы мүмкін. Тіпті, «Валенсия» мен «Лионға» кетіп жатса да, жаман емес.

– Біздің елге келген легионерлер Қазақстанда біржола қалып қойып жатады. Қаржының көзі осы жақта екенін олар әбден біліп алған. Ал өзіміздің ойыншылар Еуропаға тіптен кеткісі жоқ. Максимовичтің трансфері еліміздің басқа да футболшыларына стимул болуы мүмкін.

– Несін жасырайық, біздің Премьер-лигаға қызығатын шетелдік ойыншылар көп емес. Олар біздің чемпионатты ақшаның көзі ретінде ғана қарастырады. Сондықтан, Қазақстанға келіп жатқандар көбіне не шау тартқандар, не басқа барар жері жоқтар. Шын мықтылар біздің чемпионатқа келе бермейді. Ал Максимовичтің трансферінен кейін Еуропаның жас таланттары біздің де Премьер-лиганы өзіндік бір трамплин ретінде қарастыра бастауы ғажап емес.

– Максимовичтің «Астанамен» келісімшарты 2017 жылдың жазына дейін. Сондықтан, дәл қазір сатып, пайда көріп қалмаса, келесі жазда Неманья елордалық командадан тегін кетіп қалуы ғажап емес.

– «Мен өзімнің ғана емес, «Астананың» да қамын ойлаймын. Менің трансферімнен клуб пайда көрсе екен», - деп Максимовичтің өзі де бір сұхбатында айтқан. Яғни, футболшы келісіп тұр, егер рас болса, оған қызығып, кезекке тізіліп тұрған клубтар да көп. Сондықтан, «темірді қызған кезінде соғу қажет».

– Әлбетте, «Астана» Максимовичке ұсыныс жасап, келісімшартын ұзартуға тырысуы мүмкін. Дегенмен, бұл қате қадам болады-ау. «Кетем» деген ойыншының жолын бөгеудің дұрыс еместігіне талай рет көз жеткізіп жүрміз. Еуропаға кете алмағаны үшін көңілі түсіп, ертең қазіргідей ойнамай қоюы да ғажап емес.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика