Вернуться к списку статей

Это'о “Оқжетпес” сапында – Көкше клубы “жер өртеп” тұр...

Футбол
2K
Давид Пьер Это'о – әйгілі Камерун жұлдызы Самюэль Это'оның інісі. Фото: okzhetpes.kz
Көкшетаудың «Оқжетпесінің» аты шықпай қалса, аракідік “жер өртеп” қоятыны бар. Бұл жолы құрамдарына әйгілі Самюэль Это'оның інісін шақырыпты.

Маркетингтік қадам ба, мақтан ба?!

Естеріңізде болар, «Оқжетпес» 2015 жылы Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы Дмитрий Сычёвті шақырып, көпшілікті елең еткізген. Ал Сычев Қазақстан чемпионатында 19 ойын өткізіп, небәрі үш гол соғып, сенім үдесінен толықтай шыға алмай, ізім-қайым жоғалды.

«Оқжетпес» биыл да тиімді трансферлік мәміле жасауға тырысты. Солардың ішінде тәжірибелі қақпашы тауып алып, Саша Стаменковичпен келісімшартқа отырғандарын бөле-жара атап өтуге болады.

Әйтсе де, Көкше клубының биылғы “жер өртеген” қылығы ретінде чемпионат соңында құрамынан тәжірибелі һәм көпшілікке танымал төрт ойыншысын қуып жібергенін көлденең тартуға болады. Олар – Әлібек Бөлешев, Марат Хайруллин, Антон Чичулин және Александр Кислицын...

Биыл ерте қамданды

«Оқжетпес» жаңа маусым дайындығын өзгелерден ертерек бастады. 15 желтоқсаннан бері Түркияда бірінші оқу жаттығу жиынын өткізіп жатыр. 10 күндік жаттығу жиыны бүгін аяқталыпты. Ертең футболшылары өз үйлеріне қайтады екен.

Команда осы жаттығу жиынына аттанғанда Жасұлан Молдақараев, Санат Жұмаханов, Жақып Қожамберді, Ильнур Мангуткин, Джурахон Бабаханов, Ристо Ристович, Серж Бандо және Николас Каналес сынды ойыншылардың «Оқжетпес» сапында болмайтындары мәлім болды.

Әрі Саша Стаменкович, Даниил Чертов, Джозеф Нэйн, Игорь Юрин сынды ойыншыларының да келісімшарттарының мерзімдері аяқталғанымен, олармен еңбек келісімінің ұзартылатындығы да ресми сайттары арқылы жария етілді.

Алғашқы легионер

«Оқжетпес» биылғы маусым аралығында өзге клубтардан бұрынырақ (қарашаның аяғына қарай) шетелдік футболшымен келісімшартқа отырды. Ол – Лукас Марио Хорват. Жартылай қорғаушы. Туған күні – 13.10.1985 жыл. Словенияның «Домжале» клубының капитаны көрінеді. Келісімшарт мерзімі – 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, бір жыл.

Сондықтан бұл ойыншы Түркияда бүгін ғана аяқталған бірінші оқу-жаттығу жиынында болған жоқ. Сол сияқты Джозеф Нэйн мен Игорь Юрин де отбасылық жағдайларына байланысты алғашқы оқу-жаттығу жиынынан босатылыпты. Үшеуі де 10 қаңтар күні басталатын екінші жиында команда сапына қосылулары керек.

Қайта оралғандар

Осыдан бірнеше күн бұрын, Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында «Оқжетпес» Александр Марочкинмен бір жылға келісімшартқа отырды. Бұл қорғаушы 2015 жылы Көкше клубы сапында ойнаған. Ал биыл «Қайсардың» намысын қорғап, бірінші лигада доп тепті.

Сондай-ақ Украина қорғаушысы Олександр Чижовпен де біраз келіссөздер жүргізіп, ақыры тағы келісімшарт мерзімін тағы бір жылға созу туралы сөз байласып, оны заңды түрде бекітті. Өздеріңіз білесіздер, Чижов биыл «Оқжетпес» сапында 26 ойын өткізіп, үш гол соққан болатын.

Ресей мен Әзірбайжанды қойып, Африкаға көз салды

«Оқжетпес» Саша Стаменковичті Әзірбайжаннан тапты десек те болар. Серб қақпашысы «Нефтчи» сапында ойнаған. Жоғарыда өзіміз атап өткен жаңа легионері Лукас Хорват та 2012-2014 жылдары «Баку» клубында ойнаған. Ендігі кетіп қалған Николас Каналестің де Әзірбайжан мен Ресейде доп тепкен. Александр Алхазовты да Ресейден әкелген-ді.

Енді «Оқжетпес» сапында Африка футболшылары сынақтан өтіп жүрген көрінеді. Оның бірі – Кот-д'Ивуар шабуылшысы Коро Исса Ахмед Коне. Бұған дейін Чехия мен Францияда бақ сынапты. Екіншісі – ...

Иә, екіншісі – 29 жастағы Камерун футболшысы Давид Пьер Это'о. Әйгілі Самюэль Это'оның інісі көрінеді. Бұған дейін өз еліндегі «Южион Дуала» командасының сапында өнер көрсеткен екен. Енді қазақ додасында доп теппек ойы бар көрінеді.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика