Вернуться к списку статей

Құралбек Ордабаев – "Астана" мен "Қайрат" 10 емес, 20 легионер шақырса да маған бәрібір

Футбол
2K
Құралбек Ордабаев Қазақстан футболы жайлы
Кәсіпқой футбол лигасының ертеңгі жалпы жиынына үн қосып жатқандар көп. Солардың бірі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшысы Құралбек Ордабаев Премьер-лигада келесі жылы 14 клуб болуы тиіс дейді. Сонда қай командалар қосу қажет? Футбол ардагерінің өз аузынан естісек.

– Құралбек аға, ертеңгі қарастырылатын мәселелердің бастысы Премьер-лигадағы командалар саны болмақ. Сіздіңше ел чемпионатында неше клуб болуы қажет?

– Менің пікіріме құлақ асса, келесі жылы ел чемпионатындағы командалар санын 14-ке дейін көбейтсін. Дәл қазір ең дұрысы осы.

– Сонда қай клубтарды қосуды ұсынасыз?

– «Тараз» бен «Жетісуды» Премьер-лигада қалдырып, 12 клубқа Бірінші лиганың жеңімпаздары «Қайсар» мен «Алтайды» қосқан дұрыс.

– Ал «Қызыл-Жар» ше? Олар да спорттық принціпті талап етіп, Премьер-лигада ойнағысы келеді ғой...

– Дәл қазіргі жағдайда «Тараз» бен «Жетісуды» Премьер-лигадан шығарып тастауға болмайды. Бұл осы аймақтардағы футболдың кері кетуіне әкеліп соғады. «Қызыл-Жарды» да түсінемін. Дегенмен, келесі жылы олардың Бірінші лигадағы жағдайлары жеңілдеуі тиіс. Жеңіп алсын, сосын Премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алады.

– Бірінші лиганың жүйесі жайлы қандай ұсынысыңыз бар?

– «Қайсар» мен «Алтай» Премьер-лигаға шықса, ол жақта сегіз команда қалады. Бұған Екінші лиганың жеңімпазы «Қайрат-21» командасын қосыңыз. Тоғыз болады. Сондай-ақ, «Астана» сияқты Премьер-лиганың басқа да клубтары өз жастарының Бірінші лигада ойнағанын қалайтын шығар. Осы жағын да қарастыру керек. Сонда Бірінші лигаға да тәп-тәуір командалар жиналады. Ал Екінші лигаға командаларды Сәтпаев, Жаңаөзен, Ақсу, Қаратау сияқты қалалардың командаларын қайта жандандырып, қосу қажет. Ол үлкен қаржыны талап етпейді. Егер демеушілермен жақсылап жұмыс жасаса, бұл мәселені де шешуге болады.

– Легионерлер мәселесіне қалай қарайсыз? Олардың санын 10-ға дейін көбейтіп, алаңға бір мезетте сегізін шығаруға мүмкіндік беретін ұсынысты қабылдаған жөн бе?

– Бұл ұсыныс еурокубоктық додаларға қатысатын командалардан түсіп жатыр ғой. Оны бәріміз жақсы білеміз. Бірақ ағаштың екі ұшы бар. Мұндай ереже қабылдамас бұрын егжей-тегжей зерттеп алған дұрыс. Біз бірінші кезекте еурокубокқа қатысатын командалардың емес, ұлттық құрамамыздың жағдайын ойлауымыз керек. Дегенмен, «өгізді де өлтірмейтіндей, арбаны да сындырмайтындай» бір шешім бар. Кеңесімді тыңдаса айтайын: клубтар өз құрамаларына қанша легионерлерді тартса да бәрібір, бірақ алаңда бір мезетте қазіргідей алтауы-ақ ойнауы тиіс. «Астана» мен «Қайрат» сияқты командалар құрамына 10 легионер шақыра ма, 20 легионер тарта ма, онда менің шаруам жоқ, бірақ алтауын ғана алаңға шығарып тұруы керек. Сонда клубтарымыз да еурокубоктарда сәтті ойнайды, ұлттық құрамамызға да зияны тимейді.

– Құралбек аға, ертең жастардың да тағдыры шешілейін деп тұр. Сіз жас футболшыларға байланысты жеңілдіктердің болғанын қалайсыз ба?

– Мүлдем қаламаймын. Осы уақытқа дейін жасаған жақсылықтарымыз да жетер. Шын мықты болса, ешкім де тұсау бола алмайды. Лимиттік ережеге әбден сеніп алған олар клубтарға масыл болып бітті ғой. Осы уақытқа дейін сол ереженің арқасында жарқырап шыққандары қанша? Ал 21 жасқа дейін ойнап, кейін өшіп қалғандарын санадыңыз ба? Міне, көрдіңіз ғой, бәсекенің арқасында ғана футболшылардың шеберліктері өседі.

– Ел кубогы туралы да сұрақ көп. Ешкімге керек болмай қалған турнир дейтіндер де жетіп артылады. Не істеу керек?

– Мұның жарасы жеңіл. Қазақстан кубогы тартысты өтсін десек, финалдық ойынды ел чемпионатының аяқталуына 8-10 тур қалғанда, яғни қыркүйек айында өткізу қажет. Сонда бұл кубокқа «Астана» мен «Қайрат» қана емес, турнир кестесінде 5-6-орында тұрған командалар да таласатын болады. Бәрі де еурокубокта ойнағысы келеді ғой.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика