Вернуться к списку статей

Қазақстан футболына революция емес, өзгерістер қажет – Эдуард Глазунов

Футбол
1K
Қазақстан футболына революция емес, өзгерістер қажет
«Қазақстан Премьер-лигасында 16 команда ойнауы тиіс. Легионерлер санын шектеп, жастардың міндетті түрде алаңға шығуына тиым салуымыз керек», - дейді отандық футбол функционері Эдуард Глазунов. Айта кетейік, желтоқсанның 21-і күні елордамызда Кәсіпқой футбол лигасының алқақотан жиыны өтіп, ел футболына байланысты өте өзекті мәселелер қарастырылады, һәм шешіледі.


"Жаңа сыпыртқы жаңаша сыпырады"

– Эдуард Борисович, 21 желтоқсан күні Астанада өтетін Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиынынан не күтесіз?

– Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасының басшылығы толығымен ауысып, Атқару комитетінің мүшелері түбегейлі өзгерді. Ел футболына бейжай қарамайтын кез-келген жанашыр секілді мен де жаңа басшылық құрамға үлкен үміт артамын. Бар нәрсені жоқ қылып жіберу оп-оңай ғой. Сондықтан, олардың жұмыстары жемісті болып, отандық аяқдобымызға барынша пайдасын тигізсе деген тілегім бар. Алдағы жиында барлық ережелер мен заңдар сақталып, Қазақстан құрама командалары мен кәсіпқой клубтарымыздың, жастар және жасөспірім құрамаларымыздың, әуесқой және бұқаралық футболымыздың дамуына серпін болатын ережелер енсе дейміз. Ешкім де футболға революция қажет деп отырған жоқ. Дегенмен, Чемпионатымыздың және біріншіліктеріміздің жүйелеріне бірқатар өзгерістер қажет-ақ.

Қазақстан футболының пирамидасын қалай тұрғызамыз?

– Қазақстан футбол чемпионаттарының Регламентіне өзгерістер енеді деген сыбыстардың таралып жүргеніне шынымен де көп болды. Осы орайда сіздіңше ел чемпионатының жүйесі қандай болуы тиіс?

– Өз басым, жаңа ережелер бекітілсе, ол өзгермейтіндей, бұра тартуға келмейтіндей қатып қалған болса екен деймін. Әйтпесе, біздің Регламент кейде тым солқылдақ екені рас қой. Менің арманымдағы ел чемпионатының жүйесі мынадай: пирамиданың шыңында Премьер-лига мен қосалқы құрам турнирі болуы тиіс. Одан кейін Бірінші лига, Екінші лига деп кете береді. Мені тыңдаса, Екінші лиганы жастар біріншілігі ретінде қарастырып, оған студенттік командалар мен қалалық деңгейдегі жекеменшік жартылай кәсіпқой командаларды қосуға кеңес берер едім. Бұл менің ұсынысым ғана. Әйтпесе, бәрін зерделеп, саралап қарастыратын, шешімін қабылдайтын басшылықтың бар екенін ұмытпайық.


Премьер-лигада 16, тіпті 18 команда болуы керек,- дейді Глазунов

Премьер-лигада қанша команда болуы керек?

– Алдағы жиында Премьер-лига клубтарының санын көбейту мәселесі де қарастырылады деп жүр. Сіздіңше Қазақстан Премьер-лигасында қанша клуб болуы керек?

– Қазақстанның мүмкіндігін, кәсіпқой футбол клубтарымыздың шамасын бәріміз жақсы білеміз ғой. Баяғыдан қақсап айтып жүрмін. Қазақстан Премьер-лигасында 16 клуб болуы тиіс. Дегенмен, егер әр аймақ басшысымен тығыз жұмыс жасасақ, онда командалар санын 18-ге дейін де көбейтуге болады. Иә, қаржы жағдайы, инфрақұрылым әлсіздігі, кадрлар жетіспеушілігі сынды мәселелердің туындайтыны рас. Бұдан шығатын жол жалғыз. Дайын емес аймақ орталықтарының басты командаларын Премьер-лигаға емес, басқа біріншіліктерге де қатыстырмай тастау қажет. Сонда өздері үшін қозғалады. Дегенмен, футбол тек байлардың ғана ойыны емес. Футбол жанкүйерлер мен халықтыкі, жастардың ойыны. Мысалға, «Қызыл-Жар», «Каспий», «Жетісу», «Тараз» сынды клубтар Премьер-лигаға қажет-ақ. Олар бұған дайын. Тек келесі жылы кейбір ұсақ мәселерді шешіп алуға аз-кем мүмкіндік беруіміз керек. Егер аймақ басшыларымен жақсы жұмыс жүргізе білсек, онда бұл проблемаларды да шешуге болады. Түсінесіздер ме, бюджет бірінші орында тұрмауы тиіс. Егер бюджетің аз ба, демек Премьер-лигаға жіберілмеуі қажет деген пікірмен келіспеймін. Мәселен, «Қызыл-Жарды» алайықшы. Петропавлдың командасы Премьер-лига үшін баяғыдан дайын. Бірақ бюджеті төмен. Ендеше футболшыларға көп төлемесін. Сонда маусым басында бөлінген қаржыны чемпионаттың соңына дейін үнемдеп жаратуға болады. «Каспий» ше? Ақтауда заманауи футбол аренасы салынады деп жүргеніне 15 жылдай болды. Бірақ әлі күнге тозығы жеткен стадионда доп теуіп жүр. Қымбат легионерлер тартқанша, сол қаржыға стадион салсын. Шындап кіріссе, екі-үш айда шешілетін мәселе бұл. Тек бақылауға алу қажет. «Жетісу», «Тараз» футбол клубтары ше? Бұл командаларға Құдайдың өзі Премьер-лигада ойнауды жазған. Ол аймақтарда стадион да тамаша, жағдайлары да жақсы. Спорттық принціп дегенді қоя тұрып, толыққанды чемпионат өткізу үшін бұл командалардың барлығына Премьер-лигада ойнауға мүмкіндік беріп көру керек. Бұра тартуға келмейтіндей қатаң Регламент бекітіп, артынша қайта-қайта өзгеріс енгізе бермей, бұл жүйемен кемі төрт жылдай ойнап көру керек.

Түркістан, Жаңаөзен, Жезқазған, Хромтау, Қаратау, Степногорск, Жетіқара, Арқалық...

– Егер Премьер-лигадағы клубтардың санын көбейтер болсақ, Бірінші лигада команда қала ма? Қазірдің өзінде ол жақта бар болғаны 10-ақ команда...

– Қазақстан футболының ардагері Владимир Никитенко ұсынғандай, Бірінші лига мен Екінші лиганы біріктіріп, екі аймаққа бөліп өткізуді мен де құптаймын. Бұл көп шығынды қажет етпейді. Сонда командалар да көп болар еді. Ал Екінші лига біршама жасарады. Ол жақта 16-18 жастағы жасөспірімдер ойнауға мүмкіндік алады. Аймақтармен тығыз жұмыс жасалмайды ғой. Әйтпесе, Екінші лигаға командалары Түркістан, Жаңаөзен, Жезқазған, Хромтау, Қаратау, Степногорск, Жетіқара, Арқалық сияқты қалалар мен Алматы облысының өңірлерінен де табуға болады. Жалпы, Екінші лигаға қаржы аса көп кетпейді. Футболшыларды айлықпен қамтамасыз етіп, оларға жатын жер мен алаң тауып берсек болғаны. Сосын 14-15 жастағы жеткіншектердің де өз біріншілігін ұйымдастыруға болады. Осылайша Қазақстан чемпионаттарының өз толыққанды пирамидасы болады.


Легионерлерді көбейту тек еурокубокқа қатысатын командалар үшін ғана тиімді

Премьер-лигада 16, Бірінші лигада 18, Екінші лигада 24 команда

– Ел чемпионатының бірінші кезеңінен кейін Премьер-лига мен Бірінші лига командаларын екі «алтылыққа» бөлу ережесін алып тастау мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Әлбетте, ел чемпионатын бірінші кезеңнен кейін «сегіздікке», «алтылыққа» немесе «төрттікке» бөлу мәселесі бір кездеру актуалды болған шығар. Дегенмен, қазір оның маңызы жоқ. Өзіме бұл жүйе ешқашан ұнаған емес. Қазір бұл жүйенің артықшылығынан гөрі кемшілігі көп. Біріншіден, әу баста алдына асқақ мақсаттар қойған кейбір командалар бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша, «үздік алтылыққа» өте алмай қалса, ары қарай бар мотивациясынан айрылып, маусым соңына дейін құр уақыт өткізумен шектеледі. Екіншіден, «үздік алтылыққа» алдын ала шығып қойған кейбір командалар бірінші кезең аяқталғанша өзгелерге ұпай таратумен болады. Үшіншіден, «үздік алтылыққа» еніп, 4-6 орындарды қанағат қылатын кейбір командалар чемпионатты, шыны керек, базарға айналдырып жіберді. Төртіншіден, 7 мен 12-ші орынның аралығындағы командалардың бар мақсаты Премьер-лигадан ұшып кетпеу ғана болып қалды. Бесіншіден, бұл жүйе ойындарды сатуға итермелейтіндей көрінетіні рас. Айта берсең, қазір мұның кемшілігі көп. Менің ұсынысым мынау: Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар санын 16-ға дейін көбейтіп, екі айналымнан өткізу керек. Сосын мен Қазақстан футболының «күз-көктем» жүйесіне өткенін қалар едім. Қазірдің өзінде Германия, Норвегия, Голландия сынды елдердің федерациялары «күз-көктем» жүйесіне өту мәселесін көтеріп жүр. Ал ең жақсысы Премьер-лига клубтарының санын 16-ға жеткізіп, Бірінші лигадағы командаларды 18-24-ке дейін көбейтіп, Екінші лига командаларын 20-24-ке дейін өсірсек, міне сонда керемет болар еді. Бұған біздің жағдайымыз да, әлеуетіміз де жетеді.

Қосалқы команданы негізгі құрамнан бөлуге болмайды

– Бұған дейін бізде Премьер-лига клубтарының қосалқы командалары арасындағы турнир болатын. Биыл олардың қатарына екі жартылай әуесқой команда қосып, Екінші лигаға айналдырып жіберді. Биыл Екінші лига біріншілігі көңіліңізден шықты ма?

– Шыны керек, Екінші лиганың биылғы жүйесі үлкен қателік болды. Клубтың қосалқы командасы негізгі құрамның қасында болуы тиіс. Ол жақтағы ойыншылардың жасы 17 мен 23 аралығында болғаны жөн. Сонда әр ойыншы бас бапкердің жіті назарында болады. Негізгі құрамның жарақат алып қалған ойыншылары осында бабына келетіндей болуы керек. Ел чемпионатына тез бейімделіп кету үшін легионерлер де жақсы болар еді. Сондықтан, мен баяғы дубльдер турнирін кері қайтаруды қалар едім. Ал Екінші лига биыл, жасыратыны жоқ, қызық болмады. Ойындарға да көрермендер жинала қойған жоқ. Жарнама жағы да әлсіз. Яғни, қосалқы командаларды Екінші лигаға ығыстырып қою – үлкен қателік болғаны айқын.


Глазунов ел кубогының финалын қыркүйек айында өткізуді ұсынды

Легионерлерді көбейтсек өз ойыншыларымызды қайда жібереміз?

– Келесі маусымнан бастап Премьер-лигадағы легионерлер саны әр клубта 10 футболшыға дейін көбейеді деген сыбыс бар. Сонда қазақстандық өз ойыншыларымыз қайда бармақ?

– Легионерлердің көбейгенін мен де құптамаймын. Бұл тек еурокубоктық додаларға қатысатын клубтар үшін ғана тиімді. Легионерлер санын көбейту арқылы біз өз ойыншыларымыздың болашақтарына балта шабамыз. Соңғы кездері біз онсыз да ұлттық құрамамыз үшін тек қапталдағы ойыншыларды дайындап жүрміз. Орталық шептегі футболшылар жоқтың қасы. Шабуылшылар да сол сияқты. Мұндай жағдайда мен өзіміздің ойыншыларға кеңес қана бере аламын. Ешкімге сенбей, жаттығулар кезінде барын салуы тиіс. Өз мықтылықтарын дәлелдеп, легионерлерден де жақсы ойнайтындай болуы тиіс. Қанша дегенмен жасыл алаңда бәсеке болуы тиіс. Алаңға мықтылар ғана шығуы керек.

Жастарға жеңілдік жасауға болмайды

– Жас ойыншыларға байланысты да дау көп. Кейбірі қазіргі жүйені қалдыру қажет дейді. Кейбіреулер алаңда бұрынғыдай міндетті түрде 21 жасқа дейінгі екі футболшы болғанын қалайды. Ал кейбірі, тіпті, жастарға байланысты барлық жеңілдікті алып тастауды сұрап жүр. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Жастарға байланысты жеңілдіктерді алып тастауды мен де құптаймын. Өйткені, жастар үлкен аренаға өз күштерімен шығу керек. Футболшыларды қашанғы мұрындарынан тартып сүйрей бермекпіз? Бірақ, жастарға байланысты жеңілдіктерді алып тастауға әлі ерте. Өйткені, олардың басқа барар жері жоқ. Футбол орталықтарынан түлеп ұшқан жастарға тәжірибе керек. Ал әзірге Бірінші лигада командалар өте аз. Екінші лигада тек қана жастар. Ол Лигада даму әлсіз. Дегенмен, болашақта бәрібір жастарға байланысты жеңілдіктерді алып тастау қажет. Егер құлақтарынан сүйрей берсек, жастар бізге әбден масыл болып алады да, сол күйі дамымайды.

Ел кубогының финалын қай кезде өткізген жөн?

– Соңғы кездері Қазақстан кубогының финалына байланысты да дау көп. Ел кубогы ешкімге керек болмай қалғандай. Осы орайда кубоктың финалын ертерек, яғни қыркүйек айында немесе келесі көктемде өткізу керек деп жүрген сарапшылар да бар...

– Шынын айтсам, Ел кубогының финалы маусым соңында өткенін қалар едім. Себебі, бұрын Кубок финалы маусымның жабылуы іспеттес болатын еді. Иә, биыл финал өткен күні қар жауып кетті. Бірақ мұны да жеңе білдік қой. Финалдың маусым соңына қала бергені дұрыс. Алайда, 1/8-финалға дейінгі ойындарды ертерек өткізіп, жеңімпазды қыркүйек айына дейін анықтап қою туралы ұсынысты да қарастырып көруге болады. Мұндай жағдайда командалар кубоктық бәсекелерге бас ауыртпай, чемпионаттың ойындарына барынша кірісер еді. Сондай-ақ, демеуші тауып, ел кубогын коммерциялық бәсеке етсек, тіптен керемет болар еді. Сонда командалардың да бұл бәсекеге қызығушылығы артушы еді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика