«Тобыл» соңғы алты жылда бес рет жетінші орынға ие болды. 2013 жылдан бері 7-орыннан тапжылмай, “меншіктеп” алды. 2012 жылы ғана 6-орынға “көтерілген”, ал 7-орынмен арадағы берік “махаббаты” 2011 жылы басталған.
«Тобыл» биыл төртінші жыл қатарынан 7-орынды еш клубқа бермей, үздік алтылыққа іліге алмай қалған соң тыпырлап, дабыл қаға бастады. Жеті саны киелі болғанымен, «бұдан да жоғары орындарға қол созуымыз керек» деп шешім қабылданғандай.
Негізі, «Тобылдың» биылғы құрамымен де үздік алтылыққа ілігетін әлеуеті бар еді. Бірақ осы команданы бапкерлері түлете алмаған сияқты. Маусым барысында бас бапкерін ауыстырса да, айтарлықтай нәтиже шықпады. Жаңа бапкер де ұжмаққа жеткізе алмады.
Бұл ретте, Қостанай клубына «Оқжетпес» және «Ақтөбе» командаларын үлгі тұтуға болатындай. Құрамындағы футболшыларының деңгейі аса жоғары болмаса да, әрі негізінен тәжірибелері аз жас футболшылармен жасақталса да, екеуі де «Тобылдан» асып түсті.
Сонда, «Тобылға» не жетпейді?! Неге 7-орында тұралап қалды? Шыны керек, құрамы да жаман емес сияқты еді ғой... Бас бапкерді де шет елден әкелді. Сө-өйтсек, бәріне “кінәлі” Нұрбол Жұмасқалиев екен. Содан кейін – Александр Петухов... Бапкерлер мен басшылар өздеріне шаң жуытар еместей...
«Тобылдың» бас бапкері Омари Тетрадзе маусым аралығындағы «төңкерісін» осы футболшыдан арылудан бастаған. Оның пікірінше, Нұрболға футболды енді қою керек сияқты. Жасы келген-мыс... Тіпті бапкерлік қызметке ауысқаны дұрыс дегенді меңзейтіндей.
Ұзын сөздің қысқасы, Нұрбол Жұмасқалиев енді «Тобыл» сапында ойнамайды. Осы команданың бойтұмарына айналған Нұрболға Қостанай футболында орын жоқ! Орын табылмаған. Команданың неше жылғы капитаны және көшбасшысы енді басқа бір клубтың сапында өнер көрсеткісі келетіндей.
Омари Тетрадзенің ойы, пікірі дұрыс па, бұрыс па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ «Тобыл» Қостанай футболына адал болған, осы командаға жан-тәнімен берілген Нұрболмен бұлай қоштаспауы керек еді деп ойлаймыз. Ың-шыңсыз, сыртқа дабыра қылмай, өзара бір шешімге келгендері жарасымды болар ма еді.
«Нұрболға команда сапында орын жоқ» демей-ақ, басқа бір клубпен келісіп, тым болмаса жазға дейін жалға бере тұрмады ма... Әйтпесе, басқа бір жолын табуға болмады ма? Мәселен, “ойнаушы жаттықтырушы” ретінде тіркеуге болмас па еді?! Ал Нұрбол ойнай ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер еді...
Нұрбол Жұмасқалиев – қазақ футболындағы орны бөлек ойыншыларымыздың бірі. Ол өзгелер сияқты өз атын жарнамалауды білмейді. Мінезі біртоға, ұяң жігіт. Біле білсек, ол тек қазақ жігітерінен жасақталған «Намыс» клубының – түлегі. Бүгінде «Намыстан» Нұрболдан басқа ешкім қалмады ғой деймін...