Вернуться к списку статей

"Алтын доптың" танығаны – Месси мен Криштиану Роналду ғана...

Футбол
3K
Биыл "Алтын доп – 2016" жүлдесі Португалия құрамасы мен «Реал» (Мадрид) клубының жұлдызы Криштиану Роналдуға бұйырды. Екінші орында – Лионель Месси.

Франция жорналы France Football тағайындаған «Алтын доп» иегері анықталды. Журналистердің дауыс беруі арқылы жүргізілген сауалнама қорытындысында Криштиану Роналду 745, Месси 316, ал Антуан Гризманн 198 дауыс жинапты.

Соңғы тоғыз жылда «Алтын доп» Месси мен Криштиану Роналдудан басқа ешкімнің қолына тимей қойды. Аргентина саңлағы бес рет теңдессіз танылса, Португалия қыраны төртінші рет үздік аталып отыр. 2008 жылдан бері тек екеуі ғана топ жарып келеді.

2007 жылы Кака үздік танылған. Болды, содан бері – не Месси, не Криштиану Роналду... Футболда басқа құндылық қалмағандай. Екеуінің арасына “сына” қағар ешкім болмай тұр. Әр жылдары ерекше көзге түскен футболшылар «Алтын доп» сауалнамасында үшінші орынмен шектеліп келеді...  

Осыған наразы болған кейбір атақты футболшылар әнеу жылдары "ФИФА-ға екі "Алтын доптың" иегерін анықтау керек, біреуі – Месси мен Криштиану Роналду арасында, екіншісі – өзге футболшылар арасында", – деп салған-ды.

Баз біреулер "әлемнің үздік футбошысын анықтауда Месси мен Криштиану Роналдудың ғана емес, Испанияның екі клубы "Барселона" мен "Реалдың" жетістіктері "таразыға татылатындай", – деп те таусылған...

Бірақ биыл бұл сауалнамаға ФИФА-ның еш қатысы жоқ. Кім біледі, олар да Месси мен Криштиану Роналду арасындағы бақталастықтан шаршады ма екен, белгісіз. Әйтеуір, биыл сауалнаманы France Football-мен бірлесе жүргізуден бас тартыпты...

Осы ретте «Алтын доп» жүлдесінің тарихына аз-мыз тоқталып өтейік. France Football бұл сауалнаманы 1956 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіп келеді. 2010 жылы оларға ФИФА қосылды. Жоғарыда жазғанымыздай, екеуі бірлесе жүргізді. Бірақ дауыс беру рәсіміне әрбір ұлттық құраманың бас бапкерлері мен капитандары, сондай-ақ журналистер тартылды.

Осылай, France Football мен ФИФА алты жыл бойы «Алтын доп» иегерін бірге анықтады (төрт рет Месси, екі рет Криштиану Роналду теңдессіз танылды). Биыл ФИФА атсалыспай, Франция басылымы бұл сауалнаманы журналистер арасында жеке өзі жүргізді.

Соңғы тоғыз жылдағы «Алтын доп» иегері:

2008 – Роналду
2009 – Месси
2010 – Месси
2011 – Месси
2012 – Месси
2013 – Роналду
2014 – Роналду
2015 – Месси
2016 – Роналду

«Алтын» доп» жүлдесінде ең көп үздік танылғандар:

5 – Лионель Месси
4 – Криштиану Роналду
3 – Мишель Платини
3 – Йохан Кройфф
3 – Марко ван Бастен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика