Вернуться к списку статей

Еліміздің ең үздік ойыншысы - Бауыржан ИСЛАМХАН

Футбол
2K
Еліміздің ең үздік ойыншысы - Бауыржан Исламхан
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы дауыс беру арқылы өткен маусымның үздік ойыншысын, үздік бапкерін және үздік жас ойыншысын анықтап, соған сәйкес Премьер-лиганың таңдаулы құрамын түзді.

Сауалнама жүзінде жүргізілген байқауға респондент ретінде Премьер-лигада ойнайтын клубтардың басшылары, бас бапкерлері мен капитандары тартылды. Дауыс беру кезінде әрбір респондент үш ойыншының (бапкердің) аты-жөнін атауы тиіс болатын. Бірінші жазылған ойыншыға үш, екіншісіне екі, ал үшіншісіне бір ұпай беріледі.

ҮЗДІК ОЙЫНШЫ – ИСЛАМХАН

Сонымен, еліміздің ең үздік футболшысы болып тараздық тарлан «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан танылды. Ол барлығы 46 ұпай жинап, 27 балл еншілеген басты бәсекелесі Азат Нұрғалиевтен едәуір озып кетті. Үшінші орын ивуарлық сұрмерген Жерар Гоудың еншісінде. Ол да 27 ұпай жинаған. Бірақ, Азатты үздік деп танығандар 8 адам болса, Гоуды бірінші орынға тек төрт-ақ респондент қойған.

Жалпы, 31 ойыншы үздіктер қатарына енген. Олардың арасында тек «Атырау» мен «Ақжайық» футболшылары ғана жоқ. Бір қызығы, «Ақтөбенің» Смақовтан бөлек жалғыз өкілі Никита Бочаров 5 ұпаймен 10-12 орындарда. Дауыстарды кім берген дейсіз ғой? Клуб басшысы Дмитрий Васильевтің арқасында үш ұпай алса, бас бапкері Юрий Уткульбаев пен команда капитаны Бағдат Қаиров бір-бір ұпайдан сыйлаған.

Кімнің қай футболшыға дауыс бергенін мына сілтемелер бойынша біле аласыздар. Бірінші бөлім, екінші бөлім

 

ҮЗДІК БАПКЕР – СТОЙЛОВ

Бапкерлер арасында биыл сөзсіз Стойлов үздік. Сауалнамаға қатысқан 36 респонденттің 23-і Станимирді бірінші орынға қойған. Ал жалпы 83 ұпаймен болгар бапкері басты бәсекелесі Димитар Димитровтан 49 ұпайға озып кеткен. Үшінші орынды 30 баллмен «Қайрат» жаттықтырушысы Кахабер Цхададзе қорытындылап тұр.

Жалпы, песпонденттердің ішінде Стойловқа бірде-бір дауыс бермеген үш-ақ адам бар. Біреуі «ертістік» Пиралы Әлиев, қалған екеуі «ақтөбеліктер» Дмитрий Васильев пен Юрий Уткульбаев. Айтпақшы, Васильев бірінші орынға Уткульбаевты қойған. Екінші орынға Вахид Масудовты лайық деп таныса, оның ойынша еліміздегі үздік жаттықтырушылардың бірі «Таразды» Бірінші лигаға түсірген Юрий Максимов екен. Тағы бір ұпайды Максимовқа «Тараздың» бас директоры Махамбет Дүйсембаев беріпті. Қызық таңдау.

Уткульбаевқа да екі-ақ адам үздік деп таныған. Алты ұпайды ол өзінің директоры Васильев пен команда капитаны Бағдат Қаировтың арқасында алған.

Кімнің қай бапкерге дауыс бергенін мына сілтемелер бойынша біле аласыздар. Бірінші бөлім, екінші бөлім.


ЕҢ ҮЗДІК ЖАС ОЙЫНШЫ – ТҰҢҒЫШБАЕВ

Ең үздік жас ойыншы болып «ордабасылық» Еркебұлан Тұңғышбаев танылды. Барлығы 49 ұпай жинаған ол басты бәскелесі «ақтөбелік» Дидар Жалмұқаннан 17 баллға озып кетті. Егер осы қарқыннан таймаса, Еркебұлан алдағы уақытта «Астана» немесе «Қайраттан» табылып қалуы ғажап емес. Жалпы, үздік жас ойыншылар қатарына Премьер-лиганың 11 клубынан 20 футболшы еніпті. Тек «Астана» сапынан ғана ешкім жоқ.

Кімнің қай жас ойыншыға дауыс бергендерін мына сілтеме бойынша біле аласыздар. Бірінші бөлім, екінші бөлім.


ПРЕМЬЕР-ЛИГАНЫҢ ТАҢДАУЛЫ ҚҰРАМЫ

Дауыс беру нәтижелеріне сүйеніп, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лиганың таңдаулы құрамын түзді. Тізімге 22 футболшы енген. Басым бөлігі «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары. Сондай-ақ, «Ертістен» Роман Муртазаев пен Елдос Ахметов және «Тобылдан» Сергей Хижниченко бар. Сонымен қатар, маусымның бірінші жартысын «Ордабасыда» өткізген Гафуржан Сүйімбаев пен Азат Нұрғалиев те таңдаулылар қатарына енген.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика