Вернуться к списку статей

Васильев, Маханов... Ақтөбе абақтысы тағы кімдерді күтіп тұр?

Футбол
1K
Васильев, Маханов... Ақтөбе абақтысы тағы кімдерді күтіп тұр?
«Ақтөбе» футбол клубында кінәлілерді анықтау әлі жалғасуда. Клуб директоры Дмитрий Васильевтен кейін уақытша қамауға облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының экс-басшысы Ескендірбек Маханов та алынды. Бірақ бұл соңы емес секілді. Абақтыға жабылатындар саны әлі де жалғасып жатса, таңғалмаймыз.

Қаржы полициясы Ескендірбек Махановқа «Васильев мәселесіне» байланысты қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағуда. Естеріңізге сала кетейік, Дмитрий Васильевті 11 қараша күні отаны Ресейге ұшайын деп тұрған жерінен ұстаған. Оған клуб бюджетінің 240 миллион теңгесін жымқырды деп айып тағылып, онысы қазір дәлелденіп жатыр. Сондай-ақ, тергеу барысында Васильевтің «Ақтөбеде» 4 миллион теңге жалақы алып келгені белгілі болды. Міне, осы кезде Ескендірбек Махановтың да «сұлбасы» көріне бастады. 23 қарашада қызметінен өз еркімен кетіп, үйінде қамсыз жатқан жерінен шақыртып, артынан оны да қамауға алды. Адвокатының «Ең болмаса, үй қамауына алынсын немесе кепілге 6 миллион теңгенің көліні мен 36 миллионның үйін қояйық», - деп шырылдағанына да қараған жоқ. 

Оған Васильевті қызметке алуда қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылуда. Себебі, әу баста Маханов сұхбат бергенде «Васильевтің айлығы 350 мың теңге. Көреміз оның клубқа қандай үнем әкеліп, нендей пайда беретінін» деп айтқан болатын. Сөйткен Васильев «Ақтөбенің» басты жұлдызы Юрий Логвиненконы ақша көп сұрайды деп командаға сидырмады. Маусым аяқталған соң командадағы ойыншыларының жалақыларын жариялап, Алексей Щеткин мен Самат Смақовты қаншалықты көп айлық алатынын көрсетті. Бірақ, өзінікін «ұмытып» кетті, әлде жөн деп таппады ма екен?!

Міне, клубтың экономикасына пайда әкеледі деп сенген Дмитрий Васильевтің жалақысы шын мәнінде 350 мың теңге емес, одан 11 есе көп болып шықты. Ал оны қызметке алып, айлығын бекіткен облыстық спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов болып шықты. Әлбетте, Маханов бұл бәледен басын алып қашуда. «Қызметке алған мен емес, Алтын Давлетова» деп бар кінәні Облыстық Қаржы басқармасының басшысына аударуда.

Жалпы, басқа елдерді қайдам, біздің елде қай облыста болмасын, футбол клубына байланысты барлық келелі мәселелер жоғары басшылықтың араласуынсыз шешілмейді. Клуб директорын тағайындайтын Облыстық спорт басқармасы, бас бапкерді тағайындайтын да негізінен солар. Рас, облыс әкімінің құптауынсыз жүзеге асырылмайды. Алайда, бұл салаға басты жауапты органы облспорт болғандықтан аймақ басшысы көп жағдайда соларға сенеді. Ал сенген серкелерінің істеп отырғаны мынау!

Иә, Ақтөбедегі жағдай қазір осындай. Абақтыда Дмитрий Васильевпен бірге Ескендірбек Маханов та жатыр. Алғашқысына 7-12 жылға бас бостандығынан айрылу қаупі туса, екіншісі тергеу аяқталғанша екі айдай уақытша қамауда болады. Бірақ бұлар осы «даудың» соңғысы ма? Әліптің артын бағайық, бәлкім жаңа «кейіпкерлерді» де көріп қалатын шығармыз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика