Вернуться к списку статей

"Төртеудің финалы" Алматыда өткені дұрыс па?

Футбол
1K
УЕФА кубогы
Оңтүстік астанамыз Алматы өз тарихында екінші рет футзалдан УЕФА кубогы «Төртеудің финалын» қабылдайтын болды. Төрт мықтының басын қосатын турнир келесі жылы сәуір айында өтеді.

Алғаш рет «Төртеудің финалы» Алатаудың баурайында 2011 жылы өткен. Алматыға Италияның «Монтесильваносы» мен Португалияның екі командасы «Спортинг» пен «Бенфика» келген. Балуан Шолақ спорт сарайында өткен дүбірлі додада «Қайрат» жартылай финалда «Спортингтен» ұтылып қалып, үшінші орын үшін ойында «Бенфиканы» пенальтиден жеңген. Ал бас жүлдені италиялықтар еншілеп еді.

Одан кейін Алматының «Төртеудің финалын» қабылдайын деп отырғаны осы. Ойындар жақында ғана ашылған 12 мыңдық «Алматы-Аренада» өтеді. Елімізге кіл мықтылар келмек. Мәселен, солардың бірі ресейлік «Югра-Газпромнан» былтыр Какау шәкірттері УЕФА кубогының негізгі кезеңінде-ақ жеңіліп қалған. Артынша «Югра» Испанияның Гвадалахарасында бас жүлдені жеңіп алды. Ал Португалияның «Спортингі» мен Испанияның «Интер-Мовистарын» таныстырудың өзі артық болар.

Жалпы, «Қайрат» УЕФА кубогының финалдық кезеңіне сегізінші рет жолдама алып отыр. Алғаш «Төртеудің финалына» 2006 жылы шыққан. Бірақ, жартылай финалда сүрінді. Содан бері екі рет бас жүлдені жеңіп алса, тағы сонша рет қолаға қол жеткізіп, төртінші орынды қанағат қылған.

Енді Алматыда, өз жерімізде үшінші бас жүлдені еншілей аламыз ба? 2011 жылғы «Төртеудің финалы» аса сәтті бола қоймап еді, бұл жолы қалай болар екен?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика