Жай ғана жазба қалдырып, фейсбуктің бетінде құттықтай салатын дата емес бұл. Туған күн иесі де арнайы бір мақалаға лайық тұлға. Осы оймен бір очерк жазып тастайтын кісіше «word»-ты ашып, пернелерді сатырлатайын десем, қолым ешнәрсеге барар емес. Танитын адамың туралы, оның үстіне, өзіңе өте жақын жандардың бірі жайлы бірнәрсе деп жазу қиын екен. Бұған дейін әріптес ағам туралы бәрін білем деп ойлап келген менің саусақтарым «Нұрғазы Сасаев –» дегеннен арыға бармай қалды. Тегінен соң сызықша қойдым да, мониторға шұқшиып ұзақ отырдым. Иә, оның журналистика мамандығын емес, университет қабырғасында техниканың тілін меңгеріп шыққанын білемін. Кәсіби қызметін «Спорт» газетінде бастағанынан да хабардармын. Ол кезде Несіп Жүнісбай басқаратын газетке күнделікті мақала жазып отырып орналасқанын өзі айтқан. Содан жауапты хатшылыққа дейін жеткен. Кейін «Айқын», «Алаш айнасы» республикалық газеттерінде «Спорт» бөлімінің редакторы болған. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегері. Қазір Астана футбол федерациясының sportsffa.kz сайтында қазақ бөлімін басқарады. Олимпиада ойындарының жазғыларынан, қысқыларынан да өзгелерден бірінші болып репортаждар жеткізген.
Осының барлығын ой елегінен өткізіп әлі отырмын. Әрбірінде 5-10 жылдай қызмет еткен оның редакцияға деген адалдығына таңғалдым. Өте еңбекқор екендігін бір кеңседе отырған әріптестері түгелдей растайды. Респондентіне бір қоңырау шалады да, жұмысқа кіріседі. Ондай кезде артық сөзбен кедергі жасағың да келмейді. Бір қызығы, қанша сұхбат алса да, онысын артынан диктафоннан тыңдап отырғанын көрмеппін. Бәрін есінде сақтап алады да, бір сөзін айнытпай қағазға түсіреді.
Кейде бір нүктеге шұқшия қарап, ұзақ ой елегіне кеткенін байқайсың. Орнынан тұрып кетеді сыртқа шығып, бір айналып жүріп қайтады. Жазайын деп отырған мәселесіне байланысты тақырып қоярда сөйтетінін әбден біліп алғанбыз. «Аға, мақалаңызды жаза бермейсіз бе? Тақырыпты соның ішінен суырып ала саласыз ғой», - дейміз ғой біз өзіміздің тәжірибеге сүйеніп. «Жоқ, мен өйте алмаймын. Тақырыбың менмұндалап тұрмаса, мақалаңды бәрібір ешкім оқымайды» дейді.
Шынымен де, Нұрғазы ағаның өз оқырмандары жетерлік. Әрбір жазған мақаласының рейтингтері ұшып тұр. Мақаланы таңдап, саралап, бүге-шігесіне дейін зерттеп, бар зейінін сала жазады. «Теңбіл допқа қазақтың оюымен өрнектесек», «Премьер-лиганы қашан қазақша атаймыз?» деп «Заңғар-лига, Бекзат лига, Озат лига» нұсқаларын ұсынған мақалалары жанкүйерлердің пікірталасын туғызып, көпшілікке ой салды. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтен алғаш болып сұхбат алған қазақстандық журналистің Нұрғазы Сасаев екенін бүгінде бірі білсе, бірі біле бермейді.
Адамгершілігі өз алдына. Тек мінезі тік, ойындағысын ішінде бүркемей, бірден айтып тастайды. Мұнысын кейбір жұрттың «мінезі ауырға» балап жүретіні де жасырын емес. Осы уақытқа дейін «Сен Нұрғазы Сасаевпен бірге қалай жұмыс істеп жүрсің? Мінезі өте қиын ғой», - дегенді де талай естідім. Дегенмен, өз басым қыңырлығын көрген емеспін. Тек ағат кеткен жерлерімде түзейтін ағам ретінде қабылдаймын. Ал біреудің артынан бірауыз жаман сөз айтқанын естімейсің. Сондықтан да шығар, достыққа адалдарды ғана құрметтейді.
Бүгін талайды үйреткен әріптес ағамыздың туған күні. Өзіңіз айтпақшы, екінші 25 жасыңыз құтты болсын!