Вернуться к списку статей

УЕФА кубогы: “Төртеу финалындағы” ең тәжірибелі команданың бірі – “Қайрат”

Футбол
1K
Футзалдан УЕФА кубогының финалдық додасына шыққан командалардың ішіндегі ең тәжірибелі екеуінің біреуі – Алматының «Қайраты».

УЕФА сайты «Төртеу финалына» шыққан төрт командаға қысқаша тоқталып өтіпті. УЕФА-ның ресми сайты “Алматы клубы финалға жетінші рет шығып отыр” деп жазды. Ал «Қайрат» «Төртеу финалына» “сегізінші рет шықтық” деп сүйінші сұрады (2005/2006, 2007/2008, 2008/2009, 20010/2011, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015 жылдар маусымы).

Себебі, «Төртеу финалы» додасы 2006/2007 жылдар маусымынан бастап өткізіліп келеді. Ал «Қайрат» 2005/2006 жылдар маусымында тұңғыш рет жартылай финалға шыққан болатын. Бірақ Ресейдің «Динамосынан» ұтылып қалып (екі матчтың жалпы есебі – 2:8), финалда бақ сынау құқығына қол жеткізе алмаған...

Сонымен, 2016/2017 жылдар маусымының «Төртеу финалына» шыққандар:

«Интер» (немесе «Бумеранг Интервью», Испания) – УЕФА кубогының үш дүркін жеңімпазы (2004, 2006, 2009). Бірден айтайық, бұл команда – осы кубокты ең көп жеңіп алған ұжым. Әзірше тек «Интер» ғана үш рет топ жарды. Ал екі рет жеңімпаз атанғандар – үшеу.

Сондай-ақ «Интер» «Төртеу финалына» бұған дейін төрт рет шыққан (2007, 2009, 2010, 2016). Үздік ойыншылары – Ортис, Рикардинью, Пола, Борха, Давил Пасос.

«Қайрат» (Қазақстан) – УЕФА кубогының екі дүркін жеңімпазы (2013, 2015). Жалпы, бұл кубокты бірнеше мәрте жеңіп алған тек Испания клубтары болатын. 

Үш дүркін жеңімпазы «Интер» екендігін жоғарыда жаздық, Ал екі рет топ жарғандар – «Кастельон» және «Барселона». Оларға Алматы клубы да қосылды. «Қайрат» әрі «Төртеу финалына» жетінші рет шығып отыр.

«Спортинг» (Португалия) – 2011 жылы финалға шығып, Италияның «Монтезильвано» клубынан ұтылып қалған (2:5). Айтпақшы, осы жылғы «Төртеу финалы» Алматыда өтіп, «Қайрат» үшінші орынды қанағат тұтқан-ды.

«Төртеу финалына» төртінші рет шығып отыр (2011, 2012 және 2015). Үздік ойыншылары – Алекс Мерлим, Диого, Фортино.

«Югра» (Ресей) – УЕФА кубогының 2016 жылғы иегері. «Төртеу финалына» былтыр бірінші рет шыққан. Үздік ойыншылары – Эдер Лима, Кайо, Владислав Шаяхметов.

Дәл осы командаға былтыр «Қайрат» есе жіберіп алған. Жартылай финалдық кезеңде 2:5 есебімен ұтылып қалып, «Төртеу финалына» шыға алмай қалған. Бұл әрине, көпшілік күтпеген тосын нәтиже болды. Ал «Югра» болса, мамандарды одан әрі таңдандырып, УЕФА кубогын да жеңіп алған...  

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика