Вернуться к списку статей

"Апоэл" ФК бас бапкері Томас Кристиансен – Қызыл қағаз болмағанда жеңіске жетер едік

Футбол
1K
«Апоэл» футбол клубының бас бапкері Томас Кристиансеннің айтуынша, бүгін кипрліктер кем құрамда ойнағаны үшін ғана жеңілді. Егер ойыншысы алаңнан қуылмағанда, онда жеңіске жетіп те кетуі мүмкін екен. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында қонақтардың бас бапкері Томас Кристиансен осылай деді.

– Томас, бүгінгі ойынға қандай баға бересіз? Командаңызға жеңісті сақтап қалу үшін не жетіспеді?

– Өздеріңіз білесіздер, екінші таймды кем құрамда өткіздік. Сондықтан, «Астанаға» қарсы ойнау өте қиын болды. Бірақ, соған қарамастан футболшыларымның жігерліктеріне ризамын. Ешқайсысына кінә арта алмаймын.

– Бүгінгі жеңілістеріңізге қақпашыларыңыз кінәлі деген пікірмен келісесіз бе?

– Мен тұрған жерден әлгі эпизод дұрыс көрінбеді. Қақпашымның қалай қателескенін көре алмай қалдым. Дегенмен, бұл жеңіліске қақпашымыздың кінәсі жоқ-ау. Өйткені, екінші таймда шынымен де «Астананың» қысымы күшті болды. Алаң иелерінің қарқынына төтеп бере алмадық.

– Кем құрамда ойнап жатып жеңіске деген үміттеріңіз сөнбеді ме? Өздеріңізге қажетті есепті ұстап тұра аламыз деп ойладыңыз ба?

– Әлбетте, кем құрамда ойнау өте қиын болды. Оның үстіне, «Астана» – өз алаңында тамаша ойнай білетін команда. Құрамы шебер ойыншыларға бай. Алайда, соған қарамастан, жеңісті есепті ұстап қалуға тырыстық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Жылдам қарымта шабуылдарға көшіп, қос қапталды пайдаланғымыз келді. Дегенмен, шамамыз жетпеді.

– «Апоэлдің» Еуропа лигасының аясындағы сырт алаңдағы ойындарына қандай баға бересіз?

– Көңілім толады. Өйткені біз фаворит деп саналған «Олимпиакостың» өзін Грекияда тізерлеттік. Олардың шабуылшыларын тұсап тастап, қақпамызға соққы бағыттауға еш мүмкіндік бермедік. Ал бүгін бізге қызыл қағаз кедергі болды. Әйтпесе, ойын мүлдем басқаша бағытта өрбитін еді. Сонымен қатар, «Астана-Аренаның» жасанды алаңы да ыңғайсыздық туғызып, Астанадағы ауа-райының суықтығы да өз дегенін жасады.

– Бұған дейін «Апоэл» Кипр чемпионатында да жеңіліп еді, бүгін де «Астанадан» ұтылды. Бәлкім, командаңызда психологиялық дағдарыс шығар?

– Жоқ, мен ойлай деп айтпас едім. Команда қазір бабында. Келесі ойындарға дайынбыз. Жеңісті күндеріміз алыс емес.

– Қалай ойлайсыз, бүгінгі ойынның тағдырын «Апоэл» қорғанысындағы қателіктер шешті ме, әлде «Астананың» қарқынды шабуылдары ма?

– Тағы да сол мәселені қозғауыма тура келіп отыр. Егер қызыл қағаз болмағанда біз бүгін жеңіске жетіп те кетер едік. Өйткені, бір ойыншымыз алаңнан қуылғанға дейін біз сіздердің командаларыңызбен терезесі тең ойнап жаттық. Ал «Астана» сияқты азулы командаға қарсы кем құрамда ойнау – өте қауіпті.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика