Вернуться к списку статей

Томас Кристиансен – Астананың ойыншыларынан емес, аязынан сескенеміз

Футбол
1K
Томас Кристиансен –
«Апоэл» командасының бас бапкері Томас Кристиансеннің айтуынша, ертеңгі ойында кипрліктерге елордамыздың суықтығы кесірін тигізуі мүмкін. Олар біздің ойыншылардан емес, Астананың аязынан сескенеді.

– Ертеңгі ойын біз үшін өте маңызды. Егер жеңіп жатсақ, Еуропа лигасының көктемгі кезеңіне жолдама аламыз. Дегенмен, ойын оңай болмайтыны анық. «Астана» өз алаңында жақсы ойнайды және стадион алаңы жасанды. Мұнда әлі ешкім жеңіске жетіп көрген жоқ. Бірақ біз тырысамыз. Оның үстіне, ауа-райы да өз дегенін жасауы мүмкін. - деп бастады испан маманы.

– Томас, Никосияда қазір 20 градус жылы, Астанада -20. Футболшылар аяздан қорықпай ма?

– Иә, климат айырмашылығы бізге қатты сезіліп жатыр. Мұнда келіп тоңып жүргеніміз рас. Дегенмен, ертең аренада ыстық болады деп ойлаймын. Стадион жылытылады екен ғой. Сондықтан, бұл мәселеге аса қатты бас қатырып жатқан жоқпын. Ең бастысы, өзімнің ойыншыларым жақсы өнер көрсетеді деп үміттенемін.

– Жалпы, стадионның жағдайы қалай екен? Аренаның алаңына үйреністіңіздер ме?

– Біз «Янг Бойзға» қарсы да жасанды алаңда ойнағанбыз. Сондықтан, тәжірибеміз жоқ емес. Дегенмен, қиын екенін де жасыра алмаймын. Жасанды алаңда доп басқаша жылжиды. Ертең ыңғайсыз болуы да мүмкін.

– Бұған дейін елордамызда қонақ болған «Олимпиакостың» бас бапкері Паулу Бенту «Астананы» жеңеміз деп желпініп еді, қолдарынан келмеді. Сіздерге ертең бір ұпай да жеткілікті шығар. Өйткені, бір аяқпен плей-офф кезеңінде тұрсыздар ғой.

– Жоқ, мен ешқашан тең ойынды қанағат қылмаймын. Басқалар сияқты менің де сіздерді тізе бүктіріп, осы команданы Астанада жеңген алғашқы бапкер атанғым келеді. Жеңіс үшін шығамыз. Бірақ «Астананың» өз алаңында еурокубоктың қатарынан 11 кездесуінде жеңіліп көрмегенін де жақсы білеміз.

– Никосияда сіздерден 1:2 есебімен жеңіліп қалған едік. Сол кездесудің қорытындысы бойынша «Астана» сапында кімдер ұнады?

– «Астана» – жекелеген ойыншылармен емес, ұжым ретінде мақтана алатын команда. Төрт құбыласы тең. Дегенмен, шабуылшыларыңыз ұнады. Никосияда біздің қанымызды әбден ішкен еді. Әсіресе, шабуылшыларыңыз Джуниор Кабанангадан қауіп көп төнуі мүмкін.

– «Апоэлге» қарсы үш ойын өткізіппіз. Сол үш матчта да гол соққан Неманья Максимович деген футболшымыз бар. Оған қарсы бір жеке қорғаушы қоясыз ба?

–  Егер мен «Астана» сапынан бізге қауіп төндіре алатын тым болмаса, бір ойыншы байқасам, мен міндетті түрде оған қарсы қорғаушы қоюға тырысар едім. Дегенмен, «Астананың» алаңға шығатын 11 ойыншысынан да қауіп бар. Сондықтан, бұл жерде маған басқа бір амал қарастыру қажет.

– Сіз «Апоэлді» биыл жаздан бастап жаттықтырып келесіз. Команда Еуропа лигасында көш бастайтындай не сиқыр жасадыңыз?

– Мен келгенде «Апоэлде» ойын қалыптасып қойған екен. Футболшылардың барлығы кәсіпқой, тәжірибелі жігіттер. Команданы ары қарай дамыту еш қиындық туғызған жоқ. Тек әр ойын алдында қарсыласымызды жіті зерттеп, жігіттерге психологиялық тұрғыда мықты болу қажеттігін үйреттім. Футболшылар әр ойынға соңғы матч секілді қарайтын болды. Менің бар сиқырымның құпиясы осы. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика