Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Қазіргі "Астанада" екінші Жолшиев жоқ, нені меңзегенімді түсінген шығарсыздар

Футбол
2K
Станимир Стойловтың
Ертең «Астана» Еуропа лигасының аясында өз алаңындағы соңғы ойынын өткізеді. Матч қарсаңында елордалықтардың бас бапкері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

– Біз үшін ертең маңызды матч. Өз алаңымыздағы соңғы ойында жеңіске жетуге тырысамыз. Рас, алдымызға қойылған тапсырманы орындап қойдық. Яғни, бізге қысым жоқ. Дегенмен, абырой үшін ойнаймыз. Жеңіске жетуге тырысып, УЕФА рейтингіндегі ұпай қорымызды молайту үшін барымызды саламыз. Мұны жігіттер де түсініп отыр, - деп бастады Станимир.

– Станимир, команда алдына қойылған тапсырманы орындап қойды. Ертең жігіттерде жеңіске деген жігер болмай қалады деп қауіптенбейсіз бе?

– Футболшыларым жас бала емес қой. Намыстың қымбат екенін, жеңіс үшін 100 пайыз күш салу қажеттігін олар да жете түсінеді. Сондықтан, бұларды кәсіпқой футболшы дейді. Мен өз шәкірттеріме сенемін.

– «Апоэлмен» былтыр да кездескенбіз. Сіздіңше кипрліктердің қай құрамы қарымды – былтырғы ма, әлде биылғысы ма?  

– Меніңше, биыл «Апоэл» мықтырақ. Өйткені, олар биыл нағыз бабында. Былтырғыдай түсініспеушіліктер жоқ. Бәрі бір-бірімен жақсы танысып үлгерген. Оның үстіне, құрамын да едәуір күшейтіп алды. Еуропа лигасында да тәп-тәуір ойнап жүр. Тобымыздың да көшбасшысы солар. Егер ертең оларды жеңе алатын болсақ, онда біз де өзіміздің деңгейіміздің өскенін дәлелдейміз.

– Соңғы күндер «Астана» үшін тым қарбалас болды. Алматыдағы финалдан кейін елордада марапаттау рәсіміне қатысып, тойлаттыңыздар. Түрлі акциялар ұйымдастырып, жанкүйерлерге жақын жүрдіңіздер. Еуропа лигасының ойындарына қанша күн дайындық бөлдіңіздер?

– Ел чемпионы атанғанымызды және Қазақстан кубогын жеңіп алғанымызды 2-3 күн бойы тойлағанымыз рас. Бұл қалыпты жағдай. Ал «Апоэлге» қарсы дайындыққа нақты 100 пайыз бүгін көшіп жатырмыз. Кеше аз-кем жаттығу жасап, бой қыздырғанбыз. Ал бүгіннен бастап түбегейлі кірістік. Алда әлі 24 сағатымыз бар. Осы аралықта екі жаттығу өткіземіз. Меніңше, ертең қарсыласымызды жеңу үшін бұл да жеткілікті болмақ. Жалпы, біз үшін соңғы күндер ғана емес, маусым бойы қарбалас болды. Көптеген ойыншыларымыз жарақат алып, Еуропа лигасында сәтті ойнауымызға біраз кедергі тигізді. Соған қарамастан алдымызға қойылған мақсаттарымыздың барлығын орындап келеміз.

– Артық ескерту алып қойғанына байланысты Твумаси ертең алаңға шыға алмайды. Енді оны кіммен алмастырасыз? «Астананың» бірден екі шабуылшымен ойнауы мүмкін бе?

– Мені қазір аз толғандыратын мәселелердің бірі – шабуыл шебі. Деспотович пен Кабананга бар. Екеуін де бір мезетте ойнатып қалуым ғажап емес. Оны ойыншылардың жағдайларына қарай шешеміз. Сондай-ақ, Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиев те жарақаттарынан айықты. Бірақ матчқа қаншалықты дайын екенін әзірге айта алмаймын. Бәлкім, 90 минут бойы ойқастауға шамалары жетпейтін шығар. Дегенмен, қолда бар ойыншылармен бір амалын қарастырамыз. Мұндай ойындарда бірінші кезекке жігер шығады.

– Ел кубогының финалында қақпаны Александр Мокин қорғап еді, Ненад Эрич жарақаттан аман ба, әйтеуір?

– Жоқ, Эричтің жарақаты жоқ. Мокин ел кубогының барлық ойындарында қақпада тұрып келгендіктен финалды да соған сеніп тапсырған едік. Ол өзін жақсы жағынан көрсете білді. Шынын айтқанда, Мокиннің осы маусымды қалай өткізгеніне әбден көңілім толады. Ешқашан жерге қаратқан емес. Ол Еуропа лигасының матчында да БАТЭ-ге қарсы жақсы ойнаған болатын. Бір сөзбен айтқанда, біздің екі қақпашымыздың да деңгейі теңдей жоғары.

– Өткен маусымда «Астана-Аренада» «Апоэлді» 1:0 есебімен жеңген едік. Жалғыз голды Бауыржан Жолшиев соққан. Қазіргі құрамда ойын тағдырын шеше алатын екінші Жолшиев бар ма?  

– Екінші Жолшиев жоқ, ол рас. Нені меңзеп тұрғанымды түсінген шығарсыздар. Бірақ жеңіс голын соға алатын екінші джокер табылады деп үміттенемін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика