Вернуться к списку статей

Елпілдеп Ебургке қайдан келдім – Жуков “Уралға” барғанына өкінеді

Футбол
2K
Жуков Ебургке барғанына өкінеді... Фото: fc-ural.ru
Ресей чемпионатында Қазақстан азаматы ретінде тіркелген, Екатеринбургтің «Уралымен» үш жылға келісімшартқа отырған Георгий Жуков Голландиядан кеткеніне өкінеді.

Соңғы кездері Instagram-дағы жеке парақшасына «Астана» футбол клубы сапындағы суреттерін жиі салып жүрген Георгий Жуков Голландиядан кеткеніне ғана өкінбейтін шығар-ау... «Астана» сапындағы күндерін де аңсайтын сияқты ма?..

22 жастағы Жуков Ресейге шілде айында ауысқан. Оған дейін Голландияда доп теуіп, «Рода» клубының намысын қорғаған болатын. «Уралға» бармай тұрып, «Қайраттың» ұсынысынан бас тартып, Қазақстан футболын сынап-мінеп, өз ойларын әлеуметтік желіге желпіне жазған болатын...

Енді... «Голландиядан бекер кеттім. Кінәлі – тек өзім, мұны енді Тәңір ғана түзей алады», – деп өзегін өртеген өкінішін төгіпті...

Содан кейін, «Жарты жылда, барлық ойындарда негізгі құрамда ойнадым, ал мында, мына Ебургте маған, “пас бергенде аяғыңды тым жоғары көтересің” дейді. Бала бақша» – деп жазыпты Жуков.

Жуков жаздан бері «Урал» сапында төрт-ақ ойын өткізді. Әрі тек бір-ақ рет алаңға негізгі құрамда шықты. Ал Екатеринбург клубы Ресей чемпионатында 14 ойын өткізді. Дәл қазір көрші елдің премьер-лигасындағы 16 команданың ішінде 13-орында тұр.

Қазақта «Су ішкен құдығыңа түкірме» және «қайта кірер есігіңді қатты серпе жаппа» деген мақал-мәтелдер бар. Бірақ Георгий Жуков бұл сөздердің мағынасына мән бермей кеткен...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика