Вернуться к списку статей

Тимощук кетті “Қайраттан”...

Футбол
2K
Анатолий Тимощук
Әйгілі Украина футболшысы, Чемпиондар лигасы мен УЕФА кубогының иегері, төрткүл дүниеге танымал Анатолий Тимощук «Қайраттан» кетті...

Жексенбі күні «Қайрат» футбол клубы Тимур Сегізбаев академиясында жанкүйерлерімен кездескен. Осы кездесуде жартылай қорғаушы Анатолий Тимощуктің командадан кететіндігі жарияланған.

Үш елдің (Украина, Ресей, Германия) чемпионы болған, алдағы көктемде (30 наурызда) 38-ге толатын жартылай қорғаушының «Қайрат» клубымен арадағы келісімшарты түгесілген. Ал клуб жаңа келісім ұсынбаған немесе оны ұзартпаған. Сөйтіп, Тимощук Қазақстаннан кететін болды.

Анатолий Тимощук «Қайрат» клубына 2015 жылдың шілде айында келген. Содан бері ел чемпионаты мен кубогы додасында 40 шақты ойын өткізді. Еуропа лигасы аясында да 10 рет (матчта) Алматы клубының намысын қорғады.

Өзін-өзі темірдей тәртіпке “ноқталаған” Тимощук «Қайрат» сапында барлық ойыншыларға нағыз кәсіпқой футболшы екендігін көрсетіп, үлгі болды. Олардың барлығы дерлік Анатолийді өздеріне өнеге тұтқандарын жасырмай, айтып та жүр. Енді 44 нөмірлі әйгілі футболшыны жасыл алаңда «Қайраттың» жейдесімен көрмейміз... 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика