Вернуться к списку статей

Тайғақ кешіп чемпион атанған «Астана» қар үстінде кубокты да жеңіп алды

Футбол
2K
Қазақстан кубогының финалы қар үстінде өтті. Фото: fckairat.com
Футболдан 2016 жылғы Қазақстан кубогын “Астана” клубы жеңіп алды. Алматыда жапалақтап жауған қар үстінде өткен финалдық ойында “Қайратты” тізе бүктірді.

Қазақстан футбол федерациясның бұл ойынды қар толассыз жауған Алатау бөктерінде өткізгенін түсінбедік. Шымкентте бүгін +9 градусқа дейін жылы болған, ал Астанада төбесі жабық, халықаралық ойындар өткізіп жүрген стадион бар.

Бірақ біздің федерация осыдан 12 күн бұрын финалдық ойынды Алматыда өткізу туралы шешім қабылдады. Ауа-райы болжамына қарамаған да сияқты... «Жасыл алаң финалға дайын, үстін жауып қоямыз, аязды сезінбейді де» деген “Қайрат” футбол клубының бас агрономы да бүгін қар жауатынынан бейхабар болып шыққан ба?!

Сонымен не керек, футболшылар толарсақтан қар кешіп, сырғанап жүріп доп тепті. Мұндай алаңда футбол ойнаудың қандай қиын екендігі айтпаса да, түсінікті болар. Сондықтан жанкүйерлер бүгін әдемі ойын өрнегінің куәсі болды деп айта алмаймыз.

Бір қызығы, үзіліс кезінде алаңды тазалауға бір-ақ кіші (мини) трактор шықты. Алматыда басқа техника жоқ па?! Футбол әлемінде мұндай жағдайда әскери бөлімшелердің бірінің сарбаздарының көмегіне жүгінетін тәжірибе болушы еді. Оны да байқамадық...

Екінші таймның басында «Астана» гол соғып алды да, жеңісті есепті уысынан шығармауға тырысты. Ал «Қайрат» қанша шабуылдаса да, қонақтарының қорғанысын бұзып өте алмады. Ойындары үйлеспеді. Бір қызығы, алыстан да көп соққы бағыттаған жоқ...

«Астана» қорғанысының топсасы берік екендігін дәлелдеп шықты. Ал шабуылы жойқын «Қайрат» бірде-бір гол соға алмады. Тіпті жүйкелері сыр беріп, «Астана» ойыншыларының жағаларына жармасып, тап-тап берумен болды. Қонақтар болса, мұндай кикілжіңдерді уақыт созуға ұтымды пайдалана білді...

Сөйтіп, «Қайрат» ұтылды. Бүгінгідей ойында көпшілікті тәнті етер ойын өрнегін көрсету мүмкін емес еді. Тек жанкештілік пен қайсарлық танытқан команданың бағы жанды. Бүгін Станимир Стойловтың шәкірттерінің қажыр-қайраттары, жігер-қуаттары басым болды.  

Айтпақшы, «Қайрат» клубының бас бапкері бір сөзінде «біз өз алаңымызда мүлде ұтылған жоқпыз» деп еді, енді тілін тістеп отырған болар. Кахабер Цхададзенің бүгінгі ойынның екінші таймында неліктен алаңға тың ойыншыларын шығармағандығын да түсіну қиын...

Бір қызығы, «Астана» 26 қазан күні Көкшетаудағы тоңазып қалған алаң үстінде 2016 жылғы Қазақстан чемпионы атанған, енді міне, Алматыда қар үстінде өткен матчта ел кубогын жеңіп алды. Құдды, алаң талғамайтын команда дерсің!

Сөйтіп, «Астана» 2016 жылы теңдессіз танылды. Биыл Қазақстан чемпионы да атанды, ел кубогын да жеңіп алды. Әрі Еуропа Лигасында әлі ел намысын қорғап жүр.

«Кайрат» – «Астана» – 0:1

Гол: Кабананга, 47.

«Қайрат»: Покатилов, Қуат, Арсо, Маркович, Сүйімбаев, Бакаев, Тимощук, Аршавин, Исламхан, Исаэль, Гоу.

«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Шитов, Логвиненко, Аничич, Шомко, Каньяс, Максимович, Мұжықов (Нөсербаев 82), Твумаси (Деспотович, 64), Кабананга (Малый, 87).

Бас төреші: Руслан Дүзмамбетов (Өскемен)

19 қараша. Алматы. Орталық стадион

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика