Футбол ойнай ма, әлде мұзды алаңда тайғақ кеше ме?
Су – 0 градуста қатады. Ал ертең Алматыда термометр бағамы -9 -11 градусты көрсетеді деп отыр. Алайда оңтүстік астанамыздың климаттық ерекшелігін ескерсек, сезіну бойынша ауа-райының -15 градустан асып түсуі де әбден мүмкін. Енді алаңдағы жағдай қалай болады екен? Футболшылар доп теуіп, әдемі ойын өрнегін көрсетуге тырыса ма, әлде мұзды алаңда тайғақ кеше ме? Иә, командалар Орталық стадиондағы алғашқы жаттығуларын өткізіп те үлгерді. «Алаңды омбы қардан толық тазартты» деген ақпараттар бізге де жетіп жатыр. «Қайраттың» да ресми сайты қарап қалып жатқан жоқ. «Қараша айының басында-ақ стадионның көгалы қысқа дайындалып қойған. Тыңайтқыштар себіліп, алаң қысқы ауруларға қарсы фунгицид дәрілермен өңделді. Арнайы қорғаныс қаптамасымен қапталғандықтан көгал жапалақтап жауған қарды еш қиындықсыз көтерді», - деп жазды «Қайрат» сайты. Дегенмен, футболшыларға бұдан оңай бола қоймайтыны түсінікті. Қазір олар «бутсы киеміз бе, әлде коньки ме?» деп бас қатырып жатса, таңғалмаймыз.
Көрермендер ойын көре ме, шәй іше ме?
«Қайрат» басшылығының қазіргі әрекеті құйрығымен сүңгіген «сасқан үйректі» көз алдыңа елестетеді. Қар жауып, аяз болатынын олар да білмегендей. Алаңның жайын айтып жанкүйерлерді бір тыныштандырмақ болса, бүгін «шәй береміз, шәй» деп тағы жар салды. Яғни, «қайраттықтар» ойынды тамашалауға келген көрермендерге "самауыр қайнатып", шәй бермек екен. Қызық. Бірақ, -11 градус суықта көрермендерді шәй емес, сорпа берем деп те қызықтыра алмассың. Алайда, кім біледі, «әр жанкүйерге бастарына малақай, үстілеріне тон кигіземіз» десе, стадионға адам жиналатын да шығар. Олай болса, қабылдаушы тарап мұны ұсыныс ретінде қабылдап, ойланып көрсін. Ал басқалай жағдайда стадионға алты мың адамның да жинала қоюы екіталай.
Аязды күні Алматыда ойнайтындай не көрінді?
Біріншіден, Кәсіпқой футбол лигасы «Астана» мен «Қайраттың» арасындағы ақтық айқасты неге Алматыда өткізуге шешім қабылдаған? Спорттық принцип қайда? Неге Алматы? Неге Тараз, Шымкент немесе Ақтөбе емес? Рас, бұл қалаларда да қазір ауа-райы мәз емес. Оның үстіне, елордалықтардың бас бапкері Станимир Стойлов та «маған финал қай қалада өтсе де бәрібір. Ең бастысы, жақсы ойын көрсетуге жағдай жасалса болғаны», - деген. Бірақ, әлі күнге түсіне алар емеспін, әу баста Алматыны таңдағанда Кәсіпқой футбол лигасы қандай принциптерге сүйенді? Әлде, «Қайрат» басшылығының өтініші өтіп кетті ме екен?
Жалпы, финалдың қай қалада өтетіні туралы сыбыстар қазан айының соңында-ақ шыға бастаған. Бірақ, нақты Алматының қабылдайтыны 7 қараша күні белгілі болды. Алайда қазір технологияның дамыған заманы емес пе? Бір ай емес, бірнеше жылдан кейінгі ауа-райының өзін болжауға болады. Ал екі аптадан кейінгі аязды 70-90 пайызға болмаса да, 50 пайызға болжауға болар еді. Мұның өзі ойынды басқа қалаға ауыстыру үшін үлкен аргумент. Әлде, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы тас ғасырында өмір сүріп жүр ме?
Талай халықаралық кездесулерді қабылдап жүрген «Астана-Арена» ше? Несімен ұнамай қалды? Рас, елордада да қазір аяз қарып тұр. Бірақ стадионның іші қақаған қыста да 15 градус жылылықты ұстап тұра алады. Стадионымызды осындай кезде пайдаланбасақ, жабық шатырлы аренаны сән үшін салдық па?
Ойынды спортзалда өткізсек қайтеді?
Осы мақаланы жазып отырғанда футболшылардың тек айлықтарына ғана қызығатын алматылық досым телефон шалып қалды. Әңгіме арасында ел кубогының финалы Алатаудың баурайында өтетінін айтып, «ойында қалай өткізейін деп жатыр екен? Сендерде күн суық қой» дедім, жазып отырған мақаламның әсерінен арыла алмай. Сол-ақ екен, «Бізде спортзал көп қой» деп қойып қалмасы бар ма... Бір кезде «егер айына 30-40 мың доллардан алсам, мен -50 градуста да доп тебуге дайын болар едім. Олардың айлығымен тыржалаңаш ойнаса да артық болмайды» деп бір күлдірді. Кім біледі, бәлкім Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы мен «Қайрат» басшылығы да осылай ойлап отырған шығар? Алып отырған айлықтарын ақтасын дегендей соңғы рет қақаған аязда доп тепкізіп қоймақ болар...