Вернуться к списку статей

Әуесқой футбол командасын қалай құруға болады? Александр Черниковтың кеңестері

Футбол
2K
Александр Черников –
«Маған Астана қаласының футбол біріншілігіндегі командалардың бірінен орын тауып беріңізші» деген өтініштермен хабарласып жатқан футбол жанкүйерлері өте көп. Футбол командасын құруға көмек сұрайтындар да жеткілікті. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Александр Черниковті кезінде осы ой талай мазалаған.

Бірақ, бар ынтасымен футболға берілген ол аз уақыттың ішінде «Целиноград» атты өз командасын құрып, бүгінде футбол турнирлеріне қатысып жүр. «Футбол. Фактілер, Ақпарат» порталының оқырмандары үшін Александр өз тәжірибесінде әуесқой футбол командасын қалай құру қажеттігін айтып берді.


"Целиноград" командасы қала біріншілігінде

БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

– Бала кезімде өзім де футболмен айналысқанмын. Он жыл бойы әртүрлі балалар командаларында доп тептім. Бірақ, футболшы болсам деген арманымды орындай алмадым. Кейін футболды тастап, басқа салаға кеттім. Алайда, бәрібір жүрегім жасыл алаңға тартып тұратын еді. Қай жерде жұмыс жасасам да аптасына бір рет болса да доп теуіп тұруға тырыстым.

Содан бір күні қалада Әуесқойлар футбол лигасы басталып жатқаны туралы хабарландыруды көріп қалдым. «D» лигасына командалар жинап жатыр екен. Хабарландыруды оқып алып, бірнеше күн ұйықтай алмай жүрдім. Лигаға қатысып, үлкен футболдың аурасын қайта сезінгім келді. Командаларға барып сұранайын десем ешкімді танымаймын.

Ал ол кезде мен медициналық фирмалардың бірінде менеджер болатын. Бағыма қарай, бастығым да футболға қызығатын. Апта сайын әріптестерімізбен бірге футбол ойнап тұрушы едік. Өз-өзімді қайрап, бастығыма кірдім де әлгі хабарландыруды айтты. Өзімізден бір команда шығарып, Лигаға қатысайық деп ұсыныс жасадым. Көп ойланып тұрған жоқ, ұсынысымды бірден қуана қабылдады. Өйткені, формаларға фирманың атын жазып, жарнамалау жайлы идея оған ұнап қалған еді.

Ал мен өз кезегімде мұндай мүмкіндіктің күнде бола бермейтінін түсініп, бірден команда жасақтауға кірісіп кеттім. Футбол ойнай алады-ау деген әріптестерімді жинадым, сырттан достарымды тарттым. Сөйтіп, команда құрдық да, додаға түсіп кеттік. Осылайша маусым қорытындысы бойынша «С» лигасына жолдаманы жеңіп алдық. Бұл 2015 жылдың басы еді.


"Целиноград" ойыншысы Данат Мұхаметқалиев айып добын орындауға дайын

АЛҒАШҚЫ ҚИЫНДЫҚТАР

– Лигаға қатысып жүріп мен параллель Астана футбол федерациясы ұйымдастырған бапкерлер курсын оқып алдым. Құлшынысымды байқаған болуы керек, Футбол федерациясы көп ұзамай балаларды жаттықтыруға жұмысқа шақырды. Футболдың ішінде жүріп, жұмыс істеу менің өмір бойғы арманым еді, бірден келістім. Бірақ бұл медициналық фирмадағы бұрынғы басшыма ұнаған жоқ. Мен кетіп қалған соң командаға қаржы бөліп тұрудан бас тартты.

Әлбетте, нағыз футбол ойындарының дәмін біліп қалған біз үшін ойындардан шет қалу оңайға соқпады. Командамды жинап алдым да, мән-жайды түсіндірдім. «Жігіттер, өткен маусымда жақсы ойнадық. Бәріңе ұнады деп ойлаймын. «D» лигасын жеңіп, «С» лигасына жолдама алдық. Бірақ, демеушісіз қалдық. Қазір бізге ешкім қаржы бермейді. Қайтадан Лигада ойнау үшін қаржы жарнасын өз күшімізбен төлеуіміз керек. 180 мың теңге екен. Біз командада 18 адамбыз, 10 мыңнан жинасақ, жеткілікті. Келісесіздер ме?», - деп сұрап едім. Бәрі бір ауыздан мақұлдады. Міне, осылайша былтыр Әуесқой футболшылар лигасында ойнадық. Биыл Астана футбол федерациясы ұйымдастырып жатқан қала біріншіліктеріне қатысып жатырмыз.


"Целиноград" әуесқой футбол командасы

ДЕМЕУШІНІ ҚАЛАЙ ТАРТУҒА БОЛАДЫ?

– Астана қаласының біріншілігі сынды турнирлер демеушілерді тартуға керемет мүмкіндіктер береді. Себебі, футболканың артқы жағына демеуші компанияның атауын жазып қоюға, ал алдыңғы жағына басқа да жарнаманы орналастыруға болады. Сондай-ақ, көптеген командалар атауының жалғасына демеуші компанияның атауын тіркеп жүр.

Жалпы, жақсылап ойлансаңыз инвесторларды тартудың жолдары көп. Бастысы, ұсынысыңыз екі жаққа да тиімді болуы тиіс. Мәселен, «қалталы адамды» командаға тартып, оны алаңға шығарып тұру арқылы қаржылай көмектеріне иек артуға болады. Міндетті түрде әлеуметтік желілерден команданың парақшаларын ашып қойыңыз. Бұл командаңыздың танымалдылығын арттырып, потенциалды демеушілерді қызықтырады.

Өзіңіздің ауданыңыздағы фирмалар мен ұйымдарға өтініш білдіріңіз. Негізі, көптеген ірі фирмалар мен банктардың жарнамаға бөлген арнайы бөджеті болады. Егер ұсынысың оларды қанағаттандырса, сол бюджеттің белгілі бір бөлігіне қол жеткізе аласыз. Командаңыз үшін көмек сұраудан ұялмаңыз. Әйтеуір, қол ұшын созатын біреулері табылады. Мысалға біреулерге жарнама қажет, біреулер спортқа көңіл бөлу арқылы биліктің қолдауына ие болғысы келеді. Арасында футболды жан-тәнімен сүйіп, бар көмегін көрсететіндер де кездесіп қалады.

Айтпақшы, бизнестің жайын түсінетіндер жақсы біледі: салықтық жүйеде спортқа демеушілік көрсету деген нәрсе бар. Яғни, спорттың дамуына қолдау көрсеткен фирмаларға салықтық жеңілдіктер бар. Сондықтан, салықтан босатылу үшін кейбір фирмалар ақшаны спортқа құяды.

Дегенмен, егер демеуші таба алмасаңыз, мұңаймаңыз. Командаңызда футболға шын берілген жанашырлар болса, сіз бар қиындықты жеңіп шыға аласыз. Адымен өз күштеріңізбен турнирге қатысу жарнасын төлеуге тырысыңыз. Командаңызда әртүрлі саланың өкілдері болса, тіптен жақсы. Мәселен, біздің командадағы бір ойыншының танысы баспаханада істейді екен, бізге логотип жасауға және вымпелдерді шығаруға көмектесті. Өзіңіздің идеяңызға команданың барлық мүшесін жұмылдырыңыз. Мақсатыңызға жетеріңізге сенімдімін.


"Ынта болса, бәрі де болады" дейді Александр 

ӘУЕСҚОЙ ФУТБОЛ КОМАНДАСЫН ҚҰРУДЫҢ 10 КЕЗЕҢІ

  1. Команданың мақсатын айқындап, оны дамытудың жоспарын құрыңыз. Жоспар жасау барысында ұсақ-түйек нәрселердің барлығына мән беріңіз.

  2. Командаңызды жасақтаңыз. Достарыңызды, таныстарыңыз бен әріптестеріңізді шақырыңыз. Егер адам жетпей жатса, интернет арқылы да ойыншылар жинауға болады.

  3. Командаңыздың атауын ойлаңыз. Ол әдемі, құлаққа жағымды және жылдам жатталатын болуы тиіс. Қалжың атаулардан аулақ болыңыз. Өйткені, болашақта ірі турнирлерге қатысып қалуларыңыз да ғажап емес. Атауы әзілге жақын команда демеушілерді де кері итеріп тұрады.

  4. Клубтың төлтаңбасы мен символын ойлап табыңыз.

  5. Команданың бюджетін жоспарлаңыз. Демеуші қарастырыңыз. Егер бастапқыда демеуші болмаса, онда танымалдылықтарыңыз артқанша өз күштеріңізбен қаражат табыңыз.

  6. Ойынға киіп шығатын жейделерді сатып алыңыз. Әлемдік деңгейдегі, жалпы кәсіпқой футболдағы клубтардың футболкаларын пайдаланбауға тырысыңыз. Өз командаңыздың өзгешелігі болсын. Формаңың логотиппен үйлесіп тұруы тиіс.

  7. Команда капитаны мен вице-капитандардың және менеджердің міндеттерін айқындаңыз. Жаттықтырушы болса тіптен жақсы. Мүмкіндігінше ойын барысында суретке түсіріп тұратын фотограф таныстарыңызды іске қосыңыз.

  8. Жаттығу жасайтын спорт залдар мен ойын алаңдарын тауып, жаттығу кестесін жасаңыз.

  9. Әлеуметтік желілерден команда парақшаларын ашыңыз. Мүмкіндік болса, клубтық сайттың болғаны тіптен жақсы. Парақшалар мен сайт команданың танымалдылығын арттырып, жанкүйерлеріңізді көбейтеді және демеушілерді қызықтырады.

  10. Қатысатын турнир қарастырыңыз. Мен жергілікті футбол федерациясының қызметіне жүгінуге кеңес беремін. Өйткені, олар өз жұмыстарын жақсы атқарады. Ескере кетерлік жайт, бірден қиыннан бастамай, оңай турнирлерге қатысып көріңіздер. Одан кейін кезең-кезең бойынша жоғары сатылай бересіздер.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика