Вернуться к списку статей

Лига санын көбейттік, спорттық принципті ұмыттық

Футбол
2K
Екінші лиганы жеңіп алған
Бірінші лиганың үздіктері «Қайсар» мен «Алтай» келесі маусымда Премьер-лигада ойнайды. Ал Екінші лиганың жеңімпазы «Қайрат-21» Бірінші лигада бақ сынайды. Бірақ егер алматылық жастар бұл дивизионды да жеңіп алса, онда Премьер-лигада екі «Қайрат» бола ма? Жалпы, Қазақстан футбол лигаларының жүйесі дұрыс құрылғн ба?

Екінші лига ма, әлде дублерлар турнирі ме?

Қазақстан футболында Премьер-лига мен Бірінші лига бар, бірақ Екінші лига жоқ. Біздің «Рузаевка» мен №7 МБЖСМОР командаларын қосып қойып, Екінші лига деп жүргеніміз, ешқандай да Лига емес, жай ғана дублерлар турнирі. Атауын қалай өзгертсеңіз де, заты өзгермейді – қосалқы құрамдар арасындағы турнир болып қала береді.

Бірақ «Қайрат-21» командасының Бірінші лигаға жолдама алуын қалай түсінеміз? Ал олар осы лиганы да жеңіп, Премьер-лигаға жолдама алса, не болмақ? Мұны ойлаған Федерация басшылығы бар ма?

Осы тұрғыдан алғанда біздегі жағдай Испания футбол жүйесіне ұқсас. Ол жақта пирамиданың ұшар басы Ла лига болса, одан төменіректе Сегунда, ал оның астында төрт аймақтан тұратын Испания Сегундасының В дивизоны бар. Міне, осы В Сегундасында «Реалдың» да, «Барселона» мен «Атлетиконың» да фарм-клубтары өнер көрсетеді. Кезінде «Кастилья», «Барселона В», «Атлетико В» деп аталатын бұл командалар бір кездері «Сегундада» ойнаған. Бірақ шыны керек, алдарына Ла лигаға жолдама алу мақсатын қоймаған еді. Ал егер «Қайрат» басшылығы өз фарм-клубын Премьер-лигадан көргісі келіп қалса ше? Бір чемпионатта бір клубтың екі командасы бола ма? Біріншіден бұл Регламентке қайшы, екіншіден келісілген ойынның көкесін сонда көреміз. Биылғыдай «телефон әңгімесі» оның қасында түк болмай қалады.

Ал қарызды кім өтейді?

Дегенмен мұның да шешімі бар. Оған биыл Бірінші лигада Қызылорданың екі командасы бақ сынағанда көз жеткіздік. «Қайсардың» Премьер-лигадағы орнынан айрылып, Бірінші лигаға түсіп қалғаны сол еді, былтыр сол клубтың құрылымында болған «Байқоңыр» биыл өз алдына жеке отау тігіп, өз алдына бір клуб болды. Келесі маусымнан бастап «Байқоңыр» қайта «Қайсардың» еншісіне өтеді деген әңгіме бар. Яғни, қаласа «Қайрат» басшылығы да фарм-клубының атауын өзгертіп, Премьер-лигаға екі командасын, тіпті бірнеше командасын қоса алады. Бірақ спорттық принціп қайда қалады? Ал егер, бетін аулақ қылсын, сол команда футболшыларына қарыз болып қалса ше? ЖШС-дан АҚ-ға ауысып, АҚ-дан МКК-ға айналып кете берер болса, футболшылар қарыздарын кімнен сұрайды? «Алтай» мен «Восток» хикаясы жылда тамашалаймыз деген қауіп туады ғой.

Қазақстан үшін қандай чемпионат дұрыс?

Чемпионаттың жүйесі клубтардың санына байланысты ғой. Алайда, қанша жерден, Премьер-лиганың 12 фарм-клубына екі әуесқой команданы қосып қойғанымызбен, одан Екінші лига жасай алмаймыз. Бұл ары кетсе дублерлар турнирі.

Ал бізге қандай чемпионат жүйесі қажет? Бұл сұраққа жауап іздеп, алысқа сабылудың қажеті жоқ. Футболы дамыған қай елді алып қарасаңыз да, футбол пирамидасының тамаша қаланғанын байқайсыз. Алдымен Премьер-лига, одан кейін Бірінші лига, Екінші лига, Аймақтар лигасы, облыс біріншілігі деп кете береді. Бірақ ол үшін Қазақстан футбол федерациясы аймақ басшыларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен келіссөздер жүргізе білу керек. Әйтпесе, облыс біріншілігін ұйымдастырып, жеңімпаздарын республикалық біріншілікке жіберу кез-келген әкімнің қолынан келер шаруа. Дегенмен, бізде аймақтармен байланыс орната алатын Федерация басшылығы бар ма?  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика