Вернуться к списку статей

Ұлттық құрамамыздың келесі көшбасшысы Исламбек Қуат болуы мүмкін – сарапшы

Футбол
1K
Ұлттық құрамамыздың келесі көшбасшысы кім болады?
Копенгагенде Даниядан 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін Қазақстанн ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов командада көшбасшының жоқтығын айтып шағымданды.

Шынымен де капитан Бауыржан Исламхан командасын алға сүйрей алмады. Италиялық газет Баториктің бар екенін 70-ші минутта ғана алаңнан кетіп бара жатқанда байқағанын жазған. Елдос Ахметов қақпамызға пенальтидің белгіленуіне себепкер болды. Басқалары да қатырған жоқ. Расымен де командаға лидер жетіспегендей. Ал Қазақстан ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойыншысы Константин Котов бас командамыздың келесі көшбасшысы Исламбек Қуат болуы мүмкін деп отыр.

 

– Константин Владимирович, соңғы кезде бұл тақырып жанкүйерлер арасында қызу талқылануда. Қалай ойлайсыз, талай жыл көшбасшы болған Самат Смақов ұлттық құрамамыздан ерте кеткен жоқ па?

– Жоқ, мен олай ойламаймын. Бәрі өз орнымен. Өмір өтуде, уақыт алға жылжып жатыр. Оны ешкім тоқтата алмайды. Мұның барлығына түсіністікпен қарау қажет. Иә, Самат Смақов ұлттық құрама үшін қолынан келгеннің барлығын жасап, жалпы Қазақстан футболына көп еңбек сіңірді. Алайда ол бас командада мәңгілік ойнап жүре бермейді ғой. Оның таңдауын, шешімін бізге қанша ауыр тисе де құрметтеуіміз керек. Әлбетте, бұл менің болжамым ғана, бірақ ол алаңда бұрынғыдай атой салып, команданы алға сүйрей алмайтынын өзі де сезген сияқты. Ұлттық құрамада өзінің орнын басып келе жатқан жастардың бар екенін түсінген секілді. Сондықтан, осындай шешім қабылдады. Мұны мен дұрыс деп есептеймін. Рас, ұлттық құрамамыздың ойынына Саматтың жоқтығы да әсер еткен шығар. Ескі ойыншылар кетіп, жаңалары келіп жатса, оның барлығы команданың ойынына әсер етеді ғой. Бұл кезеңнен де өтуіміз керек. Ал біз барлығының дәл қазір керемет болып кеткенін қалаймыз. Өкінішке қарай, өмірде ондай болмайды.   

– Енді Саматтың орнын ұлттық құрамада кім басуы мүмкін. Бас командамыздың келесі көшбасшысы кім болмақ?

– Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Өйткені, техникасы жетік, жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүргеннің барлығынан, өкінішке қарай, лидер шыға бермейді. Ол харизмасы мықты, командадағы жастарды ғана емес, бұрыннан келе жатқан ардагерлерді өзіне қарата алатын, өзін сыйлата білетін ойыншы болуы тиіс. Сондықтан, өте қиын сауал. Ондай ойыншылар өте бағалы. Бір жағынан лидерлік тәжірибемен келетін қасиет. Дегенмен, Исламбек Қуаттан Самат сияқты көшбасшы шығуы мүмкін деп ойлаймын.  

– Исламбек Қуат пен Самат Смақовтың мінез ұқсастықтары бар ма?

– Жоқ, олар әртүрлі типтегі ойыншылар. Амплуалары ғана емес, мінездері де екі бөлек. Жалпы, әрбір адам өзінше бір тұлға. Самат пен Исламбекті салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуінің де өздеріне тән артықшылықтарымен, бәлкім кемшіліктері бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика