Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасының 2016 жылғы статистикалық көрсеткіші

Футбол
1K
Дания - Қазақстан матчы арқылы ұлттық құрамамыз 2016 жылды қорытындылады
Дания – Қазақстан матчы арқылы ұлттық құрамамыз 2016 жылды қорытындылады. Ендеше бізге де бас командамыздың осы маусымдағы статистикалық көрсеткішіне көңіл бөлетін сәт туған секілді.

Биыл Қазақстан ұлттық құрамасы барлығы жеті ойын өткізді. Оның төртеуі ресми матч, үшеуі жолдастық кездесу. Дегенмен Қырғызстан – Қазақстан ойынында Талғат Байсуфинов мөлшерден артық ойыншылар ауысымын жасағаны үшін бұл матчты ФИФА есепке алмады. Осы матчтарда барлығы алты гол соғып, өз қақпамыздан 14 доп алып шығуға мәжбүр болдық.

Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы ұлттық құрама сапында 27 ойыншыны алаңға шығарған. Оның үшеуі қақпашы, сегізі қорғаушы, 11-і жартылай қорғаушы және бесеуі шабуылшы.

Биыл бес ойыншы ұлттық құрамамыздың жейдесін бірінші рет киді. Владимир Плотниковтің дебюті Грузия – Қазақстан матчына сәйкес келіп, екінші таймда алаңға шыққан «қайраттық» қақпашы 45 минутта голсыз өткізді. Одан кейін Альмир Мухутдинов Далянда өткен Қытайға қарсы кездесудің соңғы 24 минутына алаңға шықты. Кейін Қаратау және Дания құрамаларына қарсы 90 минуттан ойнады. Қытайға қарсы ойында Роман Муртазаев та алғаш рет ұлттық құрама жейдесін киді. Сергей Хижниченконы дублері болған «Ертіс» шабуылшысы сол кездесуде 15 минут ойнап, кейінірек Қаратау (6 мин), Румыния (9 мин), Дания (21 мин) құрамаларына қарсы да алаңға шықты. Жасұлан Молдақараев бірінші рет Бішкектегі матчта 45 минут ойнаған. Бірақ бұл ойын ФИФА аясынан шет қалып қойғандықтан қызылордалық шабуылшылының дебюті кейінге шегеріліп, Дания қарсы матчта 59 минутта ойынға қосылды. Дәл осы ойында бас бапкер Еркебұлан Тұңғышбаевқа да мүмкіндік берді. Кеше ғана жастар құрамасында ойнап жүрген 21 жасар Еркебұлан даттарға қарсы 10 минут ойнапты.

2016 жылғы сегіз ойында футболшыларымызға 21 рет сары қағаз көрсетілді. Бұл ескертулердің барлығы 11 ойыншыға тиесілі. Ең көп сары қағаз алған Елдос Ахметов. Қытайға қарсы матчта екі рет ескерту алып, алаңнан қуылса, одан бөлек, Польша және Дания құрамаларына қарсы ойындарда да бір-бір сары қағаздан еншісіне жазған. Биыл Елдостан басқа ешкім алаңнан қуылған жоқ.

Биыл сегіз ойынға да қатысқан төрт футболшымыз бар. Олар: Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков және Сергей Хижниченко. Дегенмен, әріптестеріне қарағанда Малыйдың алаңда өткізген уақыты көп. Ол барлық кездесуде 90 минуттан ойнаған.

Биыл ұлттық құрама сапында төрт ойыншы гол соғыпты. Олар: Азат Нұрғалиев, Сергей Хижниченко, Мақсат Байжанов және Гафуржан Сүйімбаев. Алғашқы екеуінің еншісінде екі голдан. Хижниченко Польша қақпасына дубль жасаса, Нұрғалиев Грузия және Қытай қақпаларын бір-бірден тура көздеген.

Ұлттық құрамамыздың сапында 2016 жылы сегіз команданың, Ресейдің «Ростовын» қосқанда тоғыз клубтың ойыншылары өнер көрсеткен. Яғни, «Астана», «Қайрат», «Ертіс», «Ордабасы», «Оқжетпес», «Ақтөбе», «Шахтер» және «Тобылдың» ойыншылары биыл бас командамыздың негізін құрады.  

Алдағы уақыттарда бұл статистикаларға жеке-жеке тоқталатын боламыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика