Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасы биылғы жылды соңғы орынмен түйіндеді

Футбол
2K
2018 жылғы әлем чемпионатының Еуропадағы іріктеу турнирінде төртінші турдың ойындары өтіп, «E» тобында биылғы жылғы дода тәмамдалды. Қазақстан құрамасы – соңғы орында.

Кеше түнде Дания – Қазақстан кездесуіне дейін Ереванда Армения және Қаратау (Crna Gora) құрамалары кездесіп, шектен тыс тартысты өткен ойында алаң иелері жеңіске жетті. Есеп – 3:2.

Негізі, бірінші таймда қонақтар екі гол соғып алға шыққан болатын. Бірақ  екінші таймда алаң иелері жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Соңғы голды Казарян 93-минутта соқты.

Осы ретте айта кетейік, үшінші және төртінші турдың арасында Армения құрамасы бас бапкерін ауыстырған болатын. Варужан Сукиасян отставкаға кетіп, оның орнына Артур Петросян тағайындалған-ды.

Ал көшбасшылыққа таласқан Румыния мен Польша арасындағы матчта қонақтар ірі есеппен жеңіске жетті. Левандовский тағы көзге түсіп, бұл жолы екі доп салыпты. Міне, тоғыз ойын өтті, ол алаңнан гол соқпай кетер емес. Айтпақшы, біреуін тағы пенальтиден енгізген.

Осы матчтан кейін Польша жеке-дара көш бастаса, Румыния төртінші орынға түсіп қалды. Өз алаңындағы 13 ойында ұтылмаған румындар 14-іншісінде осылай оңбай сүрінді...

Ал Копенгагенде өткен Дания – Қазақстан кездесуінде алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті. Біздің құрама түзге шықса, ойсырай ұтылып жүр. Тек үйде ғана жанкештілік танытып, екі рет тең түсті.

Дания – Қазақстан – 4:1

Голдар: Корнелиус, 15 (1:0). Сүйімбаев, 17 (1:1). Эриксен, 36-пенальтиден (2:1). Анкерсен, 78 (3:1). Эриксен, 90+2 (4:1).

Армения – Қаратау (Crna Gora) – 3:2

Гол: Кояшевич, 36 (0:1). Йоветич, 38 (0:2). А.Григорян, 50 (1:2). Ароян, 74 (2:2). Казарян, 90+3 (3:2).

Румыния – Польша – 0:3

Голдар: Гросицки, 11. Левандовски, 83. Левандовски, 90+1-пенальтиден.



Келесі ойындар. 2017 жыл. 26 наурыз

Армения – Қазақстан

Қаратау – Польша

Румыния – Дания

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика