Бұл ойынға да Қазақстан құрамасы бес қорғаушымен шықты. Бірақ жарақат алып қалған оң қапталдағы Абзал Бейсебековтің орнын сол қанатта ойнайтын Ғафуржан Сүйімбаев басты.
Сондай-ақ қорғанысқа тірек болар шептегі ойыншылар да ауысты. Көбінесе Исламбек Қуат, Асхат Тағыберген, Самат Смақов сынды жігіттеріміз ойнап жүрген шепте Мақсат Байжанов пен Альмир Мухутдинов өнер көрсетті.
Дания құрамасына бұл ойында жеңіс қажет болатын. Бұған дейін жазғанымыздай, енді ұпай жоғалтса, әлем чемпионаты жолдамасынан үміттерін үзеді. Әрі соңғы матчтардағы сүреңсіз ойындарынан кейін бас бапкеріне де тықыр таянған болатын.
Сондықтан алаң иелері атойлап алға шапты. Біздің жігіттер олардың бастапқы қарқындарына төтеп беріп, қорғаныста мұқият ойнауға тырысты. Бірақ көп ұзамай, болмашы қателіктерінің кесірінен қапы қалып, опық жеу басталды.
Әуелі орталық қорғаушыларымыз орталарындағы Корнелиустен көз жазып, ие бола алмай қалып, сан соқтырды. Бірақ іле-шала біздің шабуылымыз өте сәтті аяқталып, Ғафуржан Сүйімбаев допты алыстан шірене теуіп, шыр айналдырып, дат қақпашысын тақырға отырғызды. Есеп теңесті. Енді біздің жігіттер жігерлене түссе керек еді...
Алайда тағы да қателік... Бір қорғаушымыз еңгерзедей Корнелиусті төрешінің көз алдында жекпе-жек түрлеріндегі «қылқындыру әдісімен» сұлатып салды. Пенальти. Гол. Эриксен тепкен доп – бір бұрышта, қақпашы – екінші бұрышта...
Осылай бірінші тайм аяқталды. «Екінші таймда тағы да есепті теңестіріп кетсек» деген іштегі алып ұшқан көңіліміз көп ұзамай су сепкендей басылды. Өйткені екінші таймда алаң иелері қарқындарын үдетіп, құйындай орап соқты.
Дания футболшылары жылдамдықтарын күшейтіп еді, біздің футболшылар асығып-үсігіп, әбігерге түсті. Білгендерінен жаңылып, алаң иелерінің ойыншыларына жете алмай, көз жазып қалумен болды.
Әрине, бас бапкер екінші таймда ойын өрнегін өзгертуге тырысып, тың күш қосып, тым солбыр ойнаған футболшыларымызды ауыстыра бастады. Алғы шепте доп ұстап, Дания футболшыларының назарын өзіне аударудың ретін тайппай қойған, ең болмаса қорғаушыларымыздың дамылдап алуларына мүмкіндік туғызуға ұйытқы бола алмаған Хижниченконы бірінші кезекте ауыстырды.
Қосалқы құрамдағы ойыншылар арасында тәжірибелі һәм ширақ қорғаушылар, сондай-ақ қорғанысқа тірек болар шептегі кәнігі футболшылар болмағандықтан, бас бапкер алғы шептегі жігіттерді алмастырып, қарекет жасап көрді. Бірақ бұдан да нәтиже шықпады...
Екінші тайм бел ортасынан ауғаннан кейін Дания футболшылары қалай тез қимылдап, жылдам ойнау керек екенін көрсетті. Осы ойында оң қапталда ойнаған қорғаушымыз Дания футболшысының өзін басып озып кетуіне мүмкіндік беріп алып, теңбіл доп үшінші рет қақпа торында тулады.
Ал ойынның негізгі уақыты аяқталып, қосымша минуттар түгесілуге айналғанда, тағы да соңғы секундтарда абдырап қалатынымызды көрсеттік. Эриксен бір өзі қорғаушыларымыздың барлығын дерлік алдап өтіп, қақпашымызды да дәрменсіз қалдырып, осы матчың нүктесін төртінші голмен қойды!
Сонымен биыл Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында, түзде екі ойын өткізіп, екеуінде ірі есеппен ұтылып қалды. Бұған дейін Қаратау (Crna Gora) құрамасынан 0:5 есебімен күйрей ұтылған болатын.
Дания – Қазақстан – 4:1
Голдар: Корнелиус, 15 (1:0). Сүйімбаев, 17 (1:1). Эриксен, 36-пенальтиден (2:1). Анкерсен, 78 (3:1). Эриксен, 90+2 (4:1).
Дания: Реннов, Анкерсен, Кьер, Бьелланд, Дурмиси, Квист, Дилани, Йоргенсен, Эриксен, Поульсен, Корнелиус (Дольберг, 82).
Қазақстан: Покатилов, Шомко, Логвиненко, Малый, Ахметов, Сүйімбаев, Мухутдинов, Байжанов, Исламхан (Мұртазаев, 70), Мұжықов (Тұңғышбаев, 81), Хижниченко (Молдақараев, 60).
Бас төреші: Алон Йефет (Израиль)
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 24 – 5
Тура соққы: 10 – 3
Қиыс кеткені: 10 – 2
Тойтарылғаны: 4 – 0
Бұрыштама соққылар: 5 – 0
Офсайдтар: 1 – 4
Доп иелену: 58% – 42%
Пастар: 508 – 395
Дәл пастар: 450 – 333
Пастар дәлдігі: 89% – 84%
Қорғаныста доп тартып алу: 33 – 30
Ескерту (сары қағаз): 2 – 2
Ереже бұзу: 13 – 11