Вернуться к списку статей

Бердібек Сапарбаев – Васильев "Ақтөбеден" кетуі керек

Футбол
2K
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың клуб директоры Васильевке көңілі толмады
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің қателігін түсінген секілді. «Васильев менің сенімімді ақтаған жоқ» деп сұхбат берген аймақ басшысы «Ақтөбе» футбол клубының директоры қызметінен кетуі тиіс деп есептейді.

nur.kz сайтына сұхбат берген Бердібек Мәшбекұлы Васильевка ғана емес, жалпы "Ақтөбе" футбол клубына байланысты біраз мәселенің бетін ашты.

– Сіздің келуіңізбен «Ақтөбе» футбол клубындағы жағдай біраз өзгерді. Клуб директоры Дмитрий Васильев алдына қойылған тапсырманы орындады ма? Командадан не күтесіз? Жанкүйерлерге не айтасыз?, - деген сұраққа Бердібек Сапарбаев былай деп жауап берді:


– Біріншіден, Васильев менің сенімімді ақтаған жоқ. Директор болып тұрған кезінде Еуропа лигасының бірінші матчын жеңуге уәде берген. Ел чемпионатында төртінші орын алуға сөз берді. Бірақ, болмады. Қазір енді себептерін анықтаудамыз. Меніңше, ол енді қызметін босатуы тиіс. Өйткені, ол уәдесінде тұрған жоқ. 

Өзім футболды өте қатты жақсы көрем. Мақтанғаным емес, әлі күнге футбол ойнаймын. Футбол – халықтық ойын. Ал «Ақтөбе» өзінің жанкүйерлерімен мақтана алады. Қазақстанның ешбір қаласында «13 сектор» сынды керемет қолдау көрсететін жанкүйерлер жоқ. Жыл бойы қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Футболға байланысты біздің саясатымызбен келіспейтіндерге айтарым бар. «Ақтөбе» футбол клубында жергілікті ойыншылар ойнауы тиіс. Ақтөбе облысында футболды дамыту үшін ауылдық өңірлердің балалары кәсіпқой деңгейде доп тебуі керек. 

Биыл «Ақтөбе» сапында жергілікті ұлттың 5-6 ойыншысы алаңға шығып жүрді. Қазір футбол академиясын сала бастадық. Аудандардан филиалдарын аштық. Негізгі мақсат – өз ойыншыларымызды тәрбиелеу және алаңға шығарып отыру. Әлбетте түсінемін, жерлігілікті ойыншылардың деңгейі легионерлерден кішкене төменірек. Сондықтан, олардың шеберліктерін шыңдау үшін сырттан да тәжірибелі легионерлер тартамыз. 

Биыл «Ақтөбе» алтыншы орында қалды деп сөгіп жатқандар көп. Жас баладан, мәселен, 20 жастағы Дидар Жалмұханнан, 19 жастағы Игорь Байчуктан, 18-дегі Әбілхан Әбдікәрімовтен, 16-дағы Антон Скворцовтан бірден мықты футболшы шығару мүмкін емес. Оған уақыт керек. Бұйырса, жаңа команда 3-4 жылда жемісін береді. Баяғыдай жылына 4-5 гол салып, ойынның жартысын ойнамайтын легионерлердің керегі не? Соларға ай сайын төлеген 60-70 мың еуро жалақыны өзіміздің балаларды тәрбиелеуге жұмсайық. Біз «Ақтөбе» футбол командасының келешегін ойлауымыз керек.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика