Матч қарсаңындағы “дау”
Осы матчтың алдында «Алтай» өтпелі матчта қордаланып қалған өзекті мәселені көтеріп, көпшілікті елең еткізді. Өтпелі матчта қос клуб екі лиганың талаптарымен ойнайды екен. Атап айтқанда, «Тараз» негізгі құрамда жасыл алаңға алты легионерің шығарса, «Алтай» үш-ақ легионеріне сенім арта алады. Екі есе аз! Әділеттік қайда?!
Әрине, бұған «Тараз» кінәлі емес. Маусым бойы ойнаған құрамын, қалыптасқан ойын үлгісін «Алтай» үшін құрбандыққа шала алмайды ғой. «Тараздың» да келесі жылы премьер-лигада ойнағысы келеді.
Талай таланттың томағасын сыпырған “Тараз” тұңғиыққа батты
Киелі Тараз! Қазақ футболына қаншама жарық жұлдыз сыйлап еді. Дәл бүгін бәрін тізіп шыққымыз келмейді. Себебі қазіргі Тараз футболы олардың есімдеріне лайық емес сияқты...
«Тараз» бүгін «Алтайдан» оңбай ұтылды. Легионерлері екі есе артық болса да, премьер-лига клубына сай ойын үлгісін көрсете алмады. Жылдамдықтары төмен, қимылдары баяу... Жеңіске деген жігерлік байқалмайды, жұқана да, жұрнақ та қалмаған...
Клуб басшылары маусым ортасында Украинадан Юрий Максимовті әкелді. Бірақ ол команданы тығырықтан алып шыға алмады. Керісінше тұңғиыққа батырды. Тіпті жергілікті кейбір дарынды футболшыларды шеттетіп, басқа ойыншыларға иек артты.
Ол, ол ма? Өз елінен Олександр Алиевті де әкелді. Осы жігіт қандай талантты болса да, тәртібі сын көтерметін. Қайда барса да, ың-шыңсыз жүре алмайтын. Ал Қазақстанда әлгі Максимовтің өзімен төбелесіп, ақыры кетіп тынды...
“Алтай” мақсатына жетіп тынды
«Алтай» клубы бірден премьер-лигаға шығуды мақсат тұтқан. Маусым барысында бірталай қиындықты басынан кешті. Тоғыз ұпайын Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасы тартып алып, сот алдына дейін барды. Халықаралық төрелік сотқа шағымданып, тоғыз ұпайын қайтарп та алды.
Өтпелі матчта «Таразбен» додаға түсіп, жеңіске жетті. Әрі біздің елдегі Қазақстан чемпионатын өткізетін ережелер жиынтығының (регламенттің) шикілігін ашып, аймандай қылды. Енді бұл мәселе келесі жылы ескеріліп, тиісті шешім қабылданады деп ойлаймыз.
Бүгін «Тараздан» асып түсті. Тіпті басымдық танытты десек те болады. Ойынның аяғына қарай тізгіндерін тартып, қарқындарын сәл-пәл бәсеңсітіп алғандары болмаса, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Қазақстан футболшыларымен де ойнауға боатындығын көрсетті.
«Тараз» – «Алтай» – 0:3
Голдар: Шакин, 4. Шафф, 43. Нұрғалиев, 51.
«Тараз»: Короткевич, Киров (Д.Евстигнеев, 39), Мера, Данилюк, Григорьев, Яковлев, Пищур (Нұралы, 58), Таубай, Сүлей (Әмірханов, 46), Тәжімбетов, Мане.
«Алтай»: Котляр, Д.Шмидт, Колодин, Димов, Щеткин, Карпович, Сәкенов, Нұрғалиев (Е.Шмидт, 87), Ерсәлімов, Шафф (Мұқанов, 82), Шакин.