Вернуться к списку статей

"Олимпиакос" бас бапкері Паулу Бенту – "Астананың" әлі де топтан шығатын мүмкіндігі бар

Футбол
1K
Паулу Бенту -
«Олимпиакостың» бас бапкері Паулу Бенту риза емес. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «жеңуіміз керек еді», - деп бармақ тістеп отыр. Тіпті, таблодағы есепті әділетсіздік деп айтып өтті.

– Паулу, бүгін «Олимпиакос» бір ұпайға қол жеткізді ме, әлде екі ұпай жоғалтты ма?

– Бүгінгі ойын өте ауыр болды. Бірақ біз бұдан да ауыр матч күткенбіз. Қарсыласымыздың қаншалықты қарымды екенін білетінбіз. Әбден зерттедік. «Астананың» өз алаңында жеңілмегеніне көп болғанынан да хабардармыз. Бүгін сол дәстүрді бұзғымыз келді. Меніңше, алаң иелеріне қарағанда біздің футболшылар жақсырақ ойнаған секілді. Әсіресе екінші таймда қарқынды күшейттік. Гол соғатын талай шабуыл ұйымдастырып, қақпа бағанасының беріктігін де тексеріп көрдік. Сондықтан, таблодағы есепті әділетсіз деп есептейміз. Яғни, біз бүгін екі ұпай жоғалттық.

– Демек, тең есеп көңілдеріңізден шықпады ғой?

– Иә, есеп көңілден шықпады. Өйткені, біз қай жағынан алып қарасаңыз да мықтырақ болдық. Гол соғатын талай мүмкіндікті жіберіп алдық. Жеңіс үшін келгенбіз. Жеңіс үшін барымызды салдық. Ойынымызға ризамын, бірақ таблодағы есеппен келіспеймін.

– «Астанаға» қарсы екі ойыннан кейін біздің команда сапынан қай ойыншыны ұнаттыңыз? Кімді өз командаңызда көргіңіз келеді?

– «Астананы», оның ойыншыларын әбден зерттегенім рас. Дарынды, шебер, тәжірибелі жігіттер өте көп. Дегенмен, менің сараптамам осы матчпен тәмам. Қазір мені басқа ойындар күтіп тұр. Солар жайлы ойлануым қажет.

– Еуропа лигасының топтық кезеңінде үш командамен де кездесіп қойдыңыздар. «Астана» Кипрдің «Апоэлі» мен Швейцарияның «Янг Бойзынан» күшті ме, әлде әлсіздеу ме?

– Салыстыру өте қиын. Өйткені, әр команданың өз тактикасы, өз стратегиясы болады. Футболшылары да сол сияқты әртүрлі. Иә, басқа командалар секілді «Астананың» да әлсіз және мықты тұстары бар. Бірақ сіздер кемшіліктеріңізді жасыра білесіздер.

– «Олимпиакос» енді Еуропа лигасының қалған екі матчында нені көздейді?

– Еуропа лигасының келесі турына дейін Грекия чемпионатында бізді маңызды матчтар күтіп тұр. Алдымен сол ойындарға дайындаламыз. Ал Еуропа лигасының кезегі келгенде бар күшімізді екі ойыннан алты ұпай алу үшін жұмсаймыз. Меніңше, «Астана» да әлі плей-офф кезеңінен үміттерін үзбеулері керек. Сіздерде де әлі топтан шығатын мүмкіндік бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика