Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Астана" әбден шаршаған

Футбол
1K
Станимир Стойлов -
«Астананың» қазір бары да, нары да осы. Мейлі бір ұпайға қуаныңыз, мейлі екі ұпай жоғалтқанымыз үшін өкініңіз, бірақ елордалық команданың бүгінгі әлеуеті осы. Бұдан артыққа дәл қазір шамамыз жетпейді. Мұндай пікірмен клубтың бас бапкері Станимир Стойлов та келіседі.

– Өздеріңіз көрдіңіздер, ойын барысында негізгі құрамдағы ойыншылардың орнын басар лайықты ешкім болмады. Қосалқы құрамда кілең жастар қалған еді, - деді ойыннан кейін бас бапкер. Дегенмен, футболшыларының жігерлігіне риза болғанын да жасырмады. – Бүгін, жалпы қызықты ойынның куәсі болдық. Жеңіп те, жеңіліп те қалуымыз мүмкін болды. Голды соғып алғаннан кейін есепті еселейтін де мүмкіндіктер туды. Екінші таймды қарқынды бастап, тағы да гол соғатын шабуылдар ұйымдастырдық. Бірақ ойын соңына таман гректердің мықтылығы байқалды.

– Қақпамызға соғылған голда кімнің кінәсі бар?

– Қарсыласымызға оп-оңай гол соқтырып қойдық. Қорғаныста позициялық қателіктің болғанын айтар едім. Сол сәтте соңғы үміт Игорь Шитовта болған. Ол да әуедегі допқа жете алмады.

– Сіздіңше, қай команда жеңіске жақынырақ болды: біз бе, әлде қонақтар ма?

– Ойын тең дәрежеде өтті дер едім. Екінші таймның басында Кабананга бос қақпаға допты дарыта алмады. Егер гол соққанда ойын басқаша сценарийде өрбитін еді. Ал матч соңына таман тізгінді қонақтар қолына алып, олар да тамаша шабуылдар ұйымдастырды. Сондықтан, тең есептің тіркелгені әділетті болды.

– Соңғы 15 минутта тізгінді толығымен қонақтардың қолына беріп қоюымыздың себебі неде?

– Келісемін, матч соңында гректердің мықты болғанын айттым. Бірақ мұның да себебі бар. Біздің биыл доп теуіп жүргенімізге 10 айдан асты. Футболшыларымыз Еуропа лигасынан бөлек, ел чемпионатында, ел кубогында, ұлттық құрама матчтарында ойнап жүр. Олар әбден шаршаған. Ал Грекияда ел чемпионатының басталғанына екі жарым ай ғана болды. Сондықтан, «Олимпиакос» футболшылары қазір бабында. Егер бұл командамен қара күзде емес, жазда кездескенімізде жағдай басқаша болар еді. Жеңіп кетуімізге мүмкіндіктер болар еді.

– Станимир, біздің футболшылар неге қақпаға алыстан соққы жасамайды? Міндетті түрде допты айып алаңына кіргізіп барып тебу керек пе?

– Ойыншыларымның қасиеттерінің өзі солай шығар. Мен өзім де үнемі олардан қақпаға жиі соққы жасауын талап етемін. Неғұрлым көп соққы болса, голдың қақпаға кіру мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Бірақ біздің жігіттердің ойын мінездері солай болар, бәлкім. Твумасиде де, Кабанангада да алыстан соққы жасайтын тамаша мүмкіндіктер болған. Алайда, айып алаңына кіріп барып, пас беруді жөн көріп жатты. Кім біледі, егер Роджер Каньяс болғанда алыстан соққылар жиірек жасалар ма еді.

– Қорғаушы Абзал Бейсебеков бүгін өз шебінде емес, орталық жартылай қорғаныс шебінде ойнады. Ол бұл міндетті атқарып шыға алды ма?

– Абзал тәп-тәуір ойнады. Егер кейбір жерде қателік болған күнде де, оған еш кінә арта алмас едім. Бұл менің мойнымдағы жауапкершілік болар еді. Дегенмен, Бейсебеков өзінің әмбебап ойыншы екенін, қай қапталға қойсаң да, сенімнен шыға алатынын дәлелдеді. Кез-келген ойыншы мұндай сынақтарға дайын болуы тиіс.

– Ойын алдында алаңға шыққан жігіттерден Шитов, Твумаси және Мужиковта үш ескерту қағазынан болды. Бүгін Патрик тағы да сары қағаз алғандықтан келесі кездесуге қатыса алмайды. Матч басында сіз осы ойыншыларға сары қағаздан сақ болу қажеттігін ескерттіңіз бе?

– Айттым, түсіндірдім. Ойын алдында жеке-жеке сөйлестім. Бірақ алаңға шыққанда қызбаланып кетіп жатамыз. Иә, негізі бүгін біз ойын ережесін аз бұздық. Сақ ойнауға тырыстық. Әттең, Патрик ескерту алып қалды. Мен мұны бір жағынан шаршаңқылықпен байланыстырамын. Маусым бойы алаңда атой салған ойыншының кейде басы істемей қалатын кездері болады. Қазір қайта футболшыларымыз түсіне бастады. Эмоцияларын іште сақтайтын болды. Әйтпесе, бастапқы матчтарда ойын ережесін тым жиі бұзатынбыз. Шотландияда «Селтикке» қарсы өткен ойыннан кейін тіпті, ашуым да келді. Егер бас кездердегі болмашы сары қағаздар болмағанда қазір бұл жайына аса алаңдамайтын едік.

– Станимир, бірінші таймның соңына таман гректердің айып алаңында доп «Олимпиакос» қорғаушысының қолына тиіп кетті. Сіздіңше пенальти болуы тиіс пе еді?

– Ойыннан кейін бейнеқайталаудан көрдім. Доп қорғаушының қолына тиген. Бірақ, төрешіні де түсінемін. Ол бір секундтың ішінде шешім қабылдауы тиіс. Пенальти белгілемеуге шешім қабылдаса, соған мойынсұнуымыз керек. Әлбетте, арбитрлардың жұмысына баға беретін мен емес. Бірақ бүгінгі төрешілікке көңілім толмады. Одан бөлек, Деспотовичті шалып жыққанда да пенальти белгілеуі тиіс еді. Онда да көрмегенсіді. Көптеген эпизодтарда бізге қарсы шешімдер қабылдап жатты. Неге екенін түсінбедім. Жалпы, «Астана-Аренада» өткен ойындардың ішінде екі матчтағы төрелік ұнамаған. Бірі былтыр өткен Финляндияның «ХИК» командасына қарсы кездесу, екіншісі бүгінгі ойын.

– Станимир, біздің өз алаңымызда ұтылмайтынымызды бүкіл әлем біледі. Ал қашан жеңіске жетеміз?

– Бүгін бізде жеңіске жететін мүмкіндік болған. Бірақ ойыншыларымыз шаршап қалды. Енді келесі кездесуде ұтуға тырысамыз. Негізі еурокубок секілді бәсекеде осынша ойын (11 матч) қатарынан жеңілмеу – үлкен ерлік. Алдағы уақытта да бұл сериямыз жалғасын таба берсе екен дейміз. Дегенмен, «Астананың» да жеңіске жететін уақыты келді.

– Енді Еуропа лигасының келесі кездесулерінен не күтеміз?

– Жарақат алған жігіттер сапқа қосылады деп соңына дейін үміттенемін. Егер үлгермесе, амал жоқ, резервтегі жастарға сенім артуға тура келеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика